Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң кейбiр бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 30 наурыздағы № 267 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 30 наурызда № 22432 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Нормативтік құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 4 тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 599 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 12544 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 18 қаңтарда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережеге:

      3 және 4-тармақтар мынадай мазмұнда жазылсын:

      "3. ІАҚ құрылымы және штаттық саны (сандық құрамы) орталық атқарушы органның аппарат басшылары (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның аппарат басшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымдық тұлғалар), ал олар болмаған жағдайда – осы мемлекеттік мекемелердің басшылары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бұйрығының (өкімнің) негізінде бекітіледі.

      Жоғары Соттың және Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасының ІАҚ қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. ІАҚ қызметкерлерінің функционалдық міндеттері, құқықтары және жауапкершілігі Ішкі аудит қызметі туралы ереженің негізінде әзірленетін тиісті лауазымдық нұсқаулықтармен белгіленеді, және олар орталық атқарушы органның аппарат басшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның аппарат басшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымдық тұлға), ал олар болмаған жағдайда – мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімінің келісімі бойынша мемлекеттік мекеменің басшы бұйрығының (өкімнің) негізінде бекітіледі.";

      мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:

      "10-1. ІАҚ құзыреті Заңның 15-бабы шеңберінде жүзеге асырылады.";

      17-тармақ мынадай мазмұнда жазылсын:

      "17. ІАҚ–ға басшылықты орталық атқарушы органның аппарат басшысы (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның аппарат басшысының өкілеттіктері жүктелген тұлға), ал олар болмаған жағдайда – мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімінің келісімі бойынша, мемлекеттік мекеменің басшы бұйрығының (өкімнің) негізінде лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босататын ІАҚ басшысы жүзеге асырады.";

      19-тармақ мынадай мазмұнда жазылсын:

      "19. ІАҚ басшысы, орталық атқарушы органның аппарат басшысының (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның аппарат басшысының өкілеттіктері жүктелген тұлғалардың), ал олар болмаған жағдайда – мемлекеттік мекеменің басшысының келісімі бойынша, мемлекеттік органның, орталық мемлекеттік органдардың ведомстволарының, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының бірінші басшысына, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне ІАҚ құрылымы және штаттық кестесі жөнінде ұсыныстар береді.".

      2. "Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 392 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 16689 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 16 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ішкі аудит қызметтерінің ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында:

      52-тармақ мынадай мазмұнда жазылсын:

      "52. Мемлекеттік аудит тобының жетекшісі аудиторлық іс-шараға қатысқан мемлекеттік аудиторлардың, мамандардың және ішкі аудит қызметтерінің мемлекеттік аудиторлары ассистенттерінің мемлекеттік аудитті жүргізу барысында қызметтік міндеттерін орындамау жағдайлары және атқарушылық, еңбек тәртібін бұзушылық фактілері, "Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 18-НҚ нормативтік қаулысы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 601 бірлескен бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 12575 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп қағидаларын сақтамау жағдайлары туралы аудиторлық іс-шараны жүргізуге жауапты тұлғаны жазбаша түрде хабардар етеді.

      Аудиторлық іс-шараға жауапты тұлға өз кезегінде мемлекеттік органның немесе облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының басшысына тәртіптік сипаттағы шараларды қабылдау үшін көрсетілген фактілер туралы жазбаша түрде хабарлайды.";

      102-тармақ мынадай мазмұнда жазылсын:

      "102. Кеңестің құрамы мемлекеттік органның бірінші басшысының, облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің шешімімен бекітіледі.

      Мемлекеттік органдар кеңесінің құрамына аппарат басшысы, құрылымдық бөлімшелердің және ведомстволардың басшылары (олар болған жағдайда), ішкі аудит қызметінің басшысы, мінсіз іскерлік беделі бар, сондай-ақ мемлекеттік орган қызметінің тиісіті саласында кемінде 5 жылдан кем емес өтілі бар сыртқы тәуелсіз сертификатталған сарапшылар кіреді.".

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Республикалық бюджеттің

      атқарылуын бақылау жөніндегі

      есеп комитеті