Көкпекті аудандық мәслихатының 2014 жылғы 27 мамырдағы № 24-4/2 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 31 наурыздағы № 45-6/4 шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 14 сәуірде № 6895 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/3 шешімімен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 03.07.2020 № 48-5/3 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 50 бабының 2 тармағына сәйкес, Көкпекті аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Көкпекті аудандық мәслихатының 2014 жылғы 27 мамырдағы № 24-4/2 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3372 нөмірімен тіркелген, 2014 жылғы 22 маусымда "Жұлдыз", 2014 жылғы 29 маусымда "Новая жизнь" газеттерінде жарияланған) шешіміне келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында:

      10 тармақ келесі редакцияда жазылсын:

      "10. Атаулы күндер мен мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні - 15 ақпан:

      басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс әрекеттеріне қатысушылар, атап айтқанда:

      бұрынғы КСР Одағы үкiмет органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Кеңес Армиясының, Әскери - Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер; ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi; бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлерге- 33,400 айлық есептік көрсеткіш;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезiнде, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа уақытта орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттерде әскери мiндетiн өтеу кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге -33,400 айлық есептік көрсеткіш;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасына – 33,400 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыз:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқасымен, І мен ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналарға – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      төрт және одан аса бірге тұратын кәмелетке толмаған, соның ішінде жалпы білім беретін орта мектептерде, күндізгі оқыту нысанында жоғары және орта кәсіптік оқу орындарында оқитын, кәмелетке толғаннан кейін – оқу орындарын аяқтаған мерзімге дейін, бірақ 23 жастан аспайтын жасқа дейінгі балалары бар көп балалы отбасыларға – 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні – 26 сәуір:

      1986-1987 жылдары Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға – 33,400 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балаларына – 23,857 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль АЭС-iндегi апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына -33,400 айлық есептік көрсеткіш;

      1988-1989 жылдардағы Чернобыль АЭС-iндегi апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар қатарындағы адамдар – 33,400 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Жеңіс күні - 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына – 215,983 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталғандарға – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің әйелдеріне (күйеулері), қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізген адамдардың, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған, жалпы ауруға шалдығудың, еңбек ету кезінде зақым алуының нәтижесінде және басқа себептерге (құқыққа қайшы келетіндерінен басқаларына) байланысты мүгедек деп танылған азаматтардың, екінші рет некеге тұрмаған әйелдеріне (күйеулері) – 35,998 айлық есептік көрсеткіш;

      1941 жылғы 22 маусымынан 1945 жылғы 9 мамыр аралығында алты айдан кем емес жұмыс атқарған (қызмет еткен) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға – 15,299 айлық есептік көрсеткіш.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы А. Бойков
      Көкпекті аудандық мәслихат хатшысы Т. Сарманов