Денисов аудандық мәслихатының 2013 жылғы 20 қыркүйектегі № 57 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Қостанай облысы Денисов ауданы мәслихатының 2020 жылғы 10 қаңтардағы № 3 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 21 қаңтарда № 8908 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабына сәйкес Денисов аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 20 қыркүйектегі № 57 шешіміне (2013 жылғы 15 қарашада "Наше время" газетінде жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4251 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      2-тармақтың 3) тармақшасы алынып тасталсын;

      3-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органның мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күніне ақшалай нысанда көрсететін көмегі түсініледі.";

      4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "4. Жеңіс күні – 9 мамыр мереке күні болып табылады.";

      7 – тармақтың бірінші абзацы жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:";

      7-тармақтың 9) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      " 9) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан теңестірілген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен теңестірілген адамдардың басқа санаттарына, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, табыстарды есептемегенде, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.";

      7-тармақтың 10) тармақшасы алынып тасталсын;

      11-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "11. Мереке күніне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.".

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Денисов аудандық мәслихатының хатшысы, сессиясының төрағасы А. Мурзабаев