Хромтау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 18 ақпандағы № 323 "Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 2020 жылғы 9 сәуірдегі № 456 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 10 сәуірде № 7041 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 8 тамыздағы № 212 шешімімен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 08.08.2024 № 212 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56 бабының 1 тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Хромтау аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Хромтау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 18 ақпандағы № 323 "Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4780 тіркелген, 2016 жылдың 22 наурызында аудандық "Хромтау" газетінде жарияланған) шешіміне келесідей өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларында:

      8 тармақтың 3) тармақшасында "Хромтау аудандық орталық ауруханасы" деген сөздерді "Хромтау аудандық ауруханасы" деген сөздермен ауыстырылсын;

      келесі мазмұндағы 9-1 тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілген кезде біржолғы әлеуметтік көмек 20 000 (жиырма мың) теңге мөлшерінде көрсетіледі:

      1) әрбір адамға табыстарын есепке алмай, бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерге, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаларға, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға уәкілетті ұйымның ұсынған тізімдеріне сәйкес;

      2) әрбір адамға табыстарын есепке алмай, уәкілетті органның тізімдеріне сәйкес жалғыз тұратын қарт азаматтарға;

      3) әрбір адамға табыстарын есепке алмай, онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусы инфекциясын жұқтырғандарға және туберкулездің әртүрлі түрімен ауыратын амбулаториялық ем алу кезіндегі науқастарға, аудандық медициналық мекемесі ұсынған тізімдеріне сәйкес;

      4) отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1-еселенген мөлшерінен аспайтын аз қамтамасыз етілген отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларын қоспағанда, арнайы аудандық комиссия бекіткен, ауыл, ауылдық округ әкімдері ұсынған тізімдеріне сәйкес.

      Әлеуметтік көмек төтенше жағдай кезеңінде әрекет етеді және бір адамға тек бір санат бойынша беріледі.

      Әлеуметтік көмек құжаттарды ұсынусыз көрсетіледі және төтенше жағдай тоқтатылған жағдайда төлем тоқтатылады.".

      2. Осы шешім 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Хромтау аудандық мәслихаты сессияның төрағасы
      Е. Юшкевич
      Хромтау аудандық мәслихатының хатшысы
      Д. Мулдашев