Бюджет қаражаты есебінен орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 567 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 5 қаңтарда № 22029 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 111) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 18.08.2023 № 265 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Бюджет қаражаты есебінен орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыру әдістемесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 567 Бұйрығымен
бекітілген

Бюджет қаражаты есебінен орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыру әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 111) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру саласындағы "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде орта білім беру объектілерін салуды және/немесе реконструкциялауды қаржыландыруды қоспағанда, орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру үшін қолданылады".

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің м.а. 18.08.2023 № 265 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Бюджет қаражаты есебінен орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыруды есептеу алгоритмі

      2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісілетін үш жылдық жоспарын қалыптастыру үшін орта білім беру объектілерін салуға, реконструкциялауға арналған қаржыландыру есебі мынадай формула бойынша жүргізіледі:

      V = (Конт*b*(k1+k2),

      мұндағы:

      V – орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыруға арналған бюджет қаражатының көлемі*;

      Конт – білім беру саласындағы уәкілетті органның бірыңғай ақпараттық білім беру жүйесінің деректері бойынша тиісті оқу жылына орта білім беру ұйымдарына баратын білім алушыларының нақты контингенті;

      b – базалық норматив тоғыз айлық есептік көрсеткішті құрайтын Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарын қоспағанда 2022 жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген алты айлық есептік көрсеткішті құрайтын базалық норматив;

      k1 – өңірлер басымдығының тобы үшін түзету коэффициенті, мұнда:

      бір ғана көрсеткіш бойынша республика бойынша орташа мәннен жоғары көрсеткіштердің мәндері бар өңірлер (бірінші топ) жататын басым емес топ үшін – 1;

      республика бойынша кемінде үш көрсеткіш бойынша көрсеткіштерінің мәні орташадан жоғары өңірлер жататын орташа басым топ үшін (екінші топ) – 1,5;

      көрсеткіштері республика бойынша кемінде төрт көрсеткіш бойынша орташадан жоғары өңірлер (үшінші топ) жататын неғұрлым басым топ үшін – 2-ден 3,22-ге дейін.

      Орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыру бюджет қаражатының көлемін мынадай басым тәртіппен бөлу тәсілімен жүргізіледі: апатты және (немесе) үш ауысымды мектептерді жою, сейсмикалық күшейту, орта білім беру объектілерін күрделі жөндеу.

      Бұл топтар келесі көрсеткіштер негізінде құрылады:

      1) 1950-1980 жылдары салынған орта білім беру ұйымдарының үлесі;

      2) орта білім беру ұйымдарының апатты объектілерінің саны;

      3) күрделі жөндеуді талап ететін орта білім беру ұйымдарының саны;

      4) үш ауысымда оқытатын орта білім беру ұйымдарының саны;

      5) оқушы орындары тапшылығының саны;

      6) оқушылардың табиғи өсімі;

      7) еңбекке қабілетті жасқа дейінгі халықтың көші-қоны (15 жасқа дейін);

      8) перспективалы елді мекендерде тұратын оқушылардың үлесі;

      к2 – облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және сейсмикалық қауіптілігі жоғары астана үшін түзету коэффициенті.

      Ескертпе:

      *Орта білім беру объектілерін салуға, реконструкциялауға арналған қаржыландыру көлемін білім беру саласындағы уәкілетті орган жоспарланатын кезеңнің алдындағы кезеңдегі үш жылдық жоспардың орындалу барысы туралы тоқсан сайынғы ақпаратты ескере отырып, өңірлерді басымдық топтары бойынша қайта бөлу тәсілімен жоспарлайды.

      Бюджет қаражаты есебінен орта білім беру объектілерін салуды, реконструкциялауды қаржыландыруды есептеудің бұл алгоритмі "Жайлы мектеп" білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде орта білім беру объектілеріне қолданылмайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 17.02.2023 № 39 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.