"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 78-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Осы бірлескен бұйрыққа қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде үздіксіз білім беру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бірлескен бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің м.а. |
Қазақстан Республикасының |
Мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде үздіксіз білім беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде үздіксіз білім беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 78-бабының 5-тармағына сәйкес мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде үздіксіз білім беру (бұдан әрі - медициналық ұйымдар) тәртібін айқындайды.
2. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беруді мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен бірлесіп,"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5- бабының 6) тармақшасына сәйкес тиісті сыныптағы пәндер бойынша үлгілік оқу бағдарламаларының, сондай-ақ білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік оқу жоспарларының негізінде медициналық ұйымдарда емдеу курсынан өтіп жатқан балалардың оқу процесін ұйымдастырады.
3. Медициналық ұйымдарда емдеу курсынан өтіп жатқан мүмкіндігі шектеулі балалар үшін оқу сабақтары "Арнайы білім беру ұйымдары түрлерінің қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 14 ақпандағы № 66 (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14995 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың қорытындыларына сәйкес ұйымдастырылады (бұдан әрі - Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысы).
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы педагогтар, педагог-психолог көрсететін психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіледі.
2-тарау. Мектеп жасындағы балалардың стационар жағдайында мамандандырылған медициналық көмек, медициналық оңалту, сондай-ақ паллиативтік медициналық көмек алу кезеңінде үздіксіз білім беруді ұйымдастыру тәртібі
4. Медициналық ұйымдарда балаларды оқыту кезінде оқу процесін ұйымдастыру мен оқу-тәрбие жұмысына басшылықты білім беру ұйымдары директорының оқу жұмысы жөніндегі орынбасарлары жүзеге асырады.
5. Сабақтар емдеуші дәрігердің қорытындысына сәйкес осы медициналық ұйымда 15 күннен астам уақыт емделуден немесе оңалтудан өтуі тиіс 1-11 (12) сыныптардың білім алушылармен өткізіледі.
6. Оқушыларды тиісті сыныпқа оқуға қабылдау олар тұрақты оқитын мектептен алынған анықтама негізінде жүзеге асырылады.
7. Оқу сабақтары білім алушының медициналық ұйымға түскен сәтінен басталады және оның денсаулық жағдайына байланысты жалғасады.
8. Күнделікті оқу сабақтарының кестесі балалардың денсаулық жағдайына байланысты жеке тәсілді ескере отырып жасалады және стационарлық науқастың медициналық картасына тиісті жазба енгізе отырып, медициналық ұйымның бөлімше меңгерушісі емдеуші дәрігермен бірлесіп айқындайды.
9. Оқу сабақтарының ұзақтығы 40 минут болып белгіленеді. Оқу сабақтарының қысқа мерзімді жоспарларын жасау кезінде педагог балалар ауруларының ауырлық дәрежесін ескереді және сараланған тапсырмаларды көздейді. Оқу сабақтарының ұзақтығы емдеуші дәрігердің нұсқауы бойынша қысқартылуы мүмкін.
10. Сабақтар білім алушылармен топтық немесе жеке оқыту нысанында өткізіледі. Топтық сабақтар бір сыныптың 3-тен 15-ке дейінгі оқушылары болған кезде ұйымдастырылады. Сыныптардың жинақталуы бір сыныпта 3 және одан да көп баланың санынан басталады. Бір сыныпта білім алушылардың саны 3-тен аз болса, сыныптар біріктірілуі мүмкін: бірінші сынып бітіруші сыныптардың білім алушыларын бірлесіп оқытуға берілмейді.
11. Педагог балалардың денсаулық жағдайы туралы деректерді ескере отырып және медициналық ұйымның емдеуші дәрігерінің келісімі бойынша кесте бойынша оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастырады. Бір білім алушыға күнделікті оқу жүктемесі сыныпқа байланысты 3-4, 6 оқу сағатынан аспайды және "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5- бабының 6) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік оқу жоспарлары негізінде айқындалады (бұдан әрі - Үлгілік оқу жоспарлары).
12. Жұмыс оқу жоспарларында бастауыш, негізгі және жалпы орта білім берудің Үлгілік оқу жоспарларының ең жоғары оқу жүктемесі көлемінің 80%-ын сақтау, сондай-ақ медициналық ұйымның ерекшелігін ескере отырып, сағаттарды 20%-ға дейін қайта бөлу көзделеді.
13. Медициналық ұйымдарда емделіп жатқан білім алушылардың оқу процесін ұйымдастыру үшін жұмыс Үлгілік оқу жоспарларының негізінде жасалады.
14. Туберкулезге қарсы диспансерлер мектептерінде білім алушылар оқу жылының басынан бастап және диспансерге түсуіне қарай қабылданады. Сынып пен топтың толымдылығы 12 білім алушыдан аспайды (арнайы сыныптар үшін толымдылығы бойынша).
15. Медициналық ұйымның психологиялық-неврологиялық білім алушыларды оқыту психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысы негізінде ұсынылған оқыту бағдармалары бойынша жүзеге асырылады.
16. Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы және аралық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) негізінде жүргізіледі.
17. Білім алушылармен оқу сабақтарын есепке алу үшін "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5- бабының 23-4) тармақшасына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен педагогтар жүргізуге міндетті құжаттар тізбесіне сәйкес нысан мен талаптар бойынша сынып журналы жүргізіледі.
18. Медициналық ұйымдарда білім алушы контингенттер олар тұрақты білім алатын мектептердің ұлттық білім беру дерекқорында есепке алынады.