Сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 20 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-292/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 22 желтоқсанда № 21842 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 78-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет минстрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделгеніс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

      КЕЛІСІЛДІ

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      "____"___________20__ жыл

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 20 желтоқсандағы
№ ҚР ДСМ-292/2020
бұйрығымен бекітілген

Сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 78-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және сауықтыру ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар балалардың демалыс және оларды сауықтыру ұйымдарында сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсету тәртібін реттейді.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) балаларды сауықтыру объектісінің (ұйымының) медициналық пункті-балаларды сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға дәрігерге дейінгі және білікті медициналық көмек көрсетуге арналған балаларды сауықтыру объектісіндегі (ұйымдағы) жеке кабинет;

      2) дәрігерге дейінгі медициналық көмек - орта медицина қызметкерлері дербес немесе денсаулықты насихаттауды, пациенттің жай-күйін бағалауды, дәрігерге дейін диагноз қоюды, дәрігерге дейінгі араласу жоспарын тағайындауды, дәрігерге дейінгі манипуляциялар мен емшараларды орындауды және науқастарға, мүгедектер мен хал үстіндегі адамдарға күтімді қамтитын мультипәндік команда құрамында көрсететін медициналық көмек;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті - Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган - халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік саясатты, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген талаптардың сақталуын бақылау мен қадағалауды іске асыратын мемлекеттік орган.

2-тарау. Сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібі

      4. Сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезінде балаларға ұйымдарда уәкілетті орган бекіткен денсаулық сақтау саласындағы стандарттарға сәйкес медициналық көмек көрсетіледі.

      5. Сауықтыру және демалыс кезеңінде балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың білім беруді мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары және балаларды сауықтыру объектілері (ұйымдары) жүзеге асырады.

      6. Балаларды сауықтыру объектілерінде (ұйымдарында) сауықтыру және демалу кезеңінде балаларға медициналық көмекті "Педиатрия (неонатология)", "Жалпы дәрігерлік практика (отбасылық медицина)", "Терапия (жасөспірімдер терапиясы, диетология)" мамандықтары бойынша жоғары медициналық білімі бар; "Мейіргер ісі" мамандығы бойынша орта білімнен кейінгі медициналық білімі бар"; "Емдеу ісі (фельдшер, жалпы практикадағы фельдшер, мамандырылған мейіргер)", "Мейіргер ісі (жалпы практикадағы мейіргер)", "Мейіргер ісі(кіші мейіргер,аға мейіргер)" мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік медициналық және фармацевтикалық білімі бармедицина қызметкерлерікөрсетеді.

      7. Балаларды сауықтыру объектілерге (ұйымдарында) медициналық пунктінде мыналар көзделеді::

      дәрігер кабинеті;

      мейіргер посты;

      изолятор;

      медициналық мақсаттағы үй-жайларға арналған жинау мүкәммалын сақтауға арналған үй-жайлар;

      қолжуғыш раковинасы бар дәретхана.

      Палаткалы (киіз үй) типтегі балаларды сауықтырулагерьлерінде медициналық пункт пен изолятор жеке үй-жайларда немесе шатырларда орналастырылады.

      8. Ұйымның медициналық пунктінің изоляторында 1 немесе 2 төсек орын көзделеді. Қажет болған жағдайда қосымша төсектер ашылады.

      9. Балаларды сауықтыру объектілері (ұйымдары), оның ішінде палаткалы (киіз үй) типтегі лагерьлерде Кодекс 7 бабының 55) тармақшасына сәйкес медициналық пунктті медициналық қолдануға арналған дәрілік препараттармен және медициналық пунктте медициналық көмек көрсету үшін қажетті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді.

      10. Балаларды сауықтыру және демалу кезеңінде балаларды сауықтыру объектілеріндегі (ұйымдарындағы) балаларға медициналық көмек шұғыл нысанда - денсаулыққа елеулі зиянды болдырмау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды талап ететін кенеттен болған жіті аурулар мен жай – күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде, сондай-ақ шұғыл нысанда-пациенттің өміріне айқын қатер төндірмейтін кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек көрсетіледі.

      11. Медициналық пунктте шұғыл қызметтердің, сондай-ақ жақын маңдағы медициналық ұйымдардың телефон нөмірлері мен мекенжайлары туралы ақпарат орналастырылады.

      12. Жазатайым оқиғалар, жарақаттар, уланулар, тістеулер, басқа да жіті жай-күйлер мен аурулар (оның ішінде инфекциялық және паразиттік), созылмалы аурулардың асқынуы және балалардың басқа да көрсеткіштері кезінде балаларды сауықтыру объектілеріне (ұйымдарына) жедел медициналық көмекті дереу шақыру және балалардың ата-аналар және (немесе) заңды өкілдерін хабардар ету жүзеге асырылады.

      13. Жедел медициналық жәрдем бригадасы келгенге, балаларға шұғыл жәрдем көрсетуге және медициналық ұйымға ауысқанға дейін, оның ішінде денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін жай-күйлер мен аурулар кезінде балалардың сауықтыру және демалу кезеңінде балаларды сауықтыру объектілері (ұйымдары) медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ тиісті даярлығы мен дағдылары бар адамдардың медициналық алғашқы көмек көрсетуін, сондай-ақ қажет болған жағдайда баланы медициналық ұйымға тасымалдауды қамтамасыз етеді.

      14. Жіті инфекциялық және паразиттік аурулар туындаған кезде балаларды сауықтыру объектілері (ұйымдары) балаларды медициналық ұйымға ауыстыру және (немесе) балалардың ата-аналар және (немесе) заңды өкілдері келгенге дейін оқшаулауды жүзеге асырады.

      15. Балаларды мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін медициналық ұйымдарға жіберу медициналық көрсетілімдер бойынша жүзеге асырылады.