"Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы № 9-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 5 желтоқсанда № 21730 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекіту туралы" Есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген, 2016 жылғы 11 мамырда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      жоғарыда көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты осы нормативтік қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Есеп комитетінің Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулыны Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің Төрайымы
Н. Годунова

  Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитеті
2020 жылғы 3 желтоқсаны
№ 9-НҚ Нормативтік қаулыға
қосымша
  Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің
2016 жылғы 31 наурыздағы
№ 5-НҚ нормативтік қаулысына
4-қосымша

700. Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарты (бұдан әрі – Рәсімдік стандарт) "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына және 19-бабына сәйкес әзірленді.

2-тарау. Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану бойынша процедуралық талаптар

      2. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі - Есеп комитеті) мемлекеттік аудит нәтижелерін мемлекеттік аудит стандарттарына сәйкес деп тану рәсімін мынадай жағдайларда:

      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарының сақталуын бақылау шеңберінде жоспарлы тәртіппен;

      2) аудиторлық іс-шара шеңберінде:

      аудиттің мақсаты, кезеңі, типі және аудиттің бағдарламалық мәселелері Есеп комитетінің аудиторлық іс-шарасымен сәйкес келген жағдайда, Заңға сәйкес қалыптастырылған Есеп комитетінің Мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес мемлекеттік аудит объектілерін алдын ала зерделеу кезінде;

      басқа мемлекеттік аудит органының аудиттің мақсаты, кезеңі, типі және аудиторлық іс-шарамен қамтылған бағдарламалық мәселелері бойынша Есеп комитетінің аудиторлық іс-шарасымен сәйкес келетін мемлекеттік аудит жүргізу фактісі анықталған мемлекеттік аудит объектілерінде тиімділік, сәйкестік мемлекеттік аудит жүргізу барысында;

      ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізген республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаржылық есептілігі аудиттерінің нәтижелеріне қатысты республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізу барысында (бұдан әрі- қаржылық есептіліктің мемлекеттік аудиті) жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік аудит стандарттарының сақталуын бақылау шеңберінде мемлекеттік аудит нәтижелерін жоспарлы тәртіппен тану Есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметіне бағалау жүргізу бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Аудиторлық іс-шара шеңберінде мемлекеттік аудит нәтижелерін тануды мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне сәйкес мемлекеттік аудитті жүргізуге жауапты мемлекеттік аудиторлар объектілерді алдын ала зерделеу мерзімдерінде немесе мемлекеттік аудит объектісінде тікелей аудит жүргізген мемлекеттік аудиторлар мемлекеттік аудит объектісінде аудит жүргізу үшін белгіленген мерзімдерде жүзеге асырады.

      5. Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану аудит материалдарын зерделеу негізінде жүзеге асырылады. Аудит материалдарына аудиторлық есеп, анықталған бұзушылықтардың тізілімі жатады.

      6. Қажет болған жағдайда мемлекеттік аудит нәтижелерін тану аудит объектісіндегі мемлекеттік аудит нәтижелерін қайта тексеру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Қайта тексеру аудиторлық іс-шара болып табылады және оны жүргізу тәртібі Есеп комитетінің 2020 жылғы 30 шілдедегі № 6-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21070 болып тіркелген) регламенттелген.

      7. Аудиторлық іс-шара шеңберінде мемлекеттік аудит нәтижелерін тану рәсімі Мемлекеттік аудит стандарттарының сақталуы мәніне мынадай:

      1) Аудит бағдарламасында көзделген мәселелерді қамту мен ашудың толықтығы;

      2) Аудит жоспары мен бағдарламасында көзделген бюджет қаражаты мен активтердің жоспарланған көлемін қамтудың толықтығы;

      3) Есеп комитетінің 2018 жылғы 1 қазандағы № 18-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінде анықталатын бұзушылықтар сыныптауышын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17643 болып тіркелген) қолданудың және анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар бойынша нормативтік құқықтық актілерге сілтемелердің дұрыстығы өлшемшарттары негізінде жүргізіледі.

      8. Аудиторлық іс-шара шеңберінде қаржылық есептілікке мемлекеттік аудит жүргізу нәтижелерін тану рәсімі Мемлекеттік аудит стандарттарының сақталуы мәніне мынадай:

      1) басқа мемлекеттік аудит органдарының аудиторлары орындаған жұмыстың сипаты мен ауқымы;

      2) операциялардың белгілі бір кластары, шоттар сальдосы мен ашып көрсетулер үшін бекітулер деңгейінде елеулі бұрмаланушылықтардың бағаланған тәуекелдері;

      3) аудиторлық іріктемені, аудиторлық рәсімдерді жүзеге асырудың дұрыстығы;

      4) тиісті бекітулерді растау үшін жиналған аудиторлық дәлелдемелерді бағалау кезіндегі субъективтілік дәрежесі;

      5) аудиторлық дәлелдемелердің тиісті сипаты;

      6) Бұзушылықтар сыныптауышын қолданудың және анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтар бойынша нормативтік құқықтық актілерге сілтемелердің дұрыстығы өлшемшарттары негізінде жүргізіледі.

      9. Мемлекеттік аудиттің нәтижелерін тану рәсімінің қорытындылары бойынша мынадай:

      1) мемлекеттік аудит нәтижелерін тану (Мемлекеттік аудит стандарттары сақталған кезде не Мемлекеттік аудит стандарттарын сақтамау мемлекеттік аудит нәтижелеріне әсер етпеген кезде);

      2) мемлекеттік аудит нәтижелерін танымау (Мемлекеттік аудит стандарттарын сақтамау мемлекеттік аудит нәтижелеріне әсер еткен кезде) туралы шешім қабылданады.

      10. Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану кезінде басқа мемлекеттік аудит органдары жүргізген мемлекеттік аудит материалдары негізге алына отырып, мемлекеттік аудит көлемі қысқартылады. Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану туралы шешім Мемлекеттік аудит объектілерін алдын ала зерделеу нәтижелері туралы және (немесе) аудиторлық есеп туралы ақпаратта (бұдан әрі – Аудит нәтижелері туралы ақпарат) көрсетіледі.

      11. Мемлекеттік аудит нәтижелерін танымау кезінде танылмаған жағдайларда осы Рәсімдік стандартқа қосымшаға сәйкес нысан бойынша сараптамалық қорытынды жасалады. Аудиторлық іс-шараға жауапты құрылымдық бөлімше мемлекеттік аудит объектісін мемлекеттік аудит нәтижелерін танымағаны туралы хабардар етеді, сондай-ақ тиісті ақпаратты Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқорға белгіленген тәртіппен енгізеді.

      Осы мемлекеттік аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шара Аудит бағдарламасына және мемлекеттік аудиторлардың Аудиторлық тапсырмаларына сәйкес жүргізіледі.

      Сараптамалық қорытынды мемлекеттік аудит материалдарына қоса тіркеледі және Аудит нәтижелері туралы ақпараттың ажырамас бөлігі болып табылады.

  Мемлекеттік аудит нәтижелерін
тану бойынша сыртқы
мемлекеттік аудиттің және
қаржылық бақылаудың рәсімдік
стандартына
қосымша
  Нысан

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін танымау қорытындылары бойынша сараптамалық қорытынды _______________________________________________________________________________ (аудиторлық есептің атауы, оның деректемелері)

Мемлекеттік аудит нәтижелерін тану (танымау) өлшемшарттары

Мемлекеттік аудит стандарттарына, нормативтік құқықтық актілерге және құқықтық актілерге сәйкессіздіктердің анықталған фактілері (нақты фактілерге сілтемелер көрсетіле отырып)

1



2



      Тұжырым:

      ________________________________________________________________

      Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелерін тану рәсімін

      жүргізген мемлекеттік аудиторлар):

      ___________________________________________________________

      (лауазымы, тегі,аты, жөні (болған жағдайда), қолы)