Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде (ұйымдарында) медициналық қарап-тексеру жүргізу қағидалары мен мерзімділігін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № 780 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 21 қарашада № 21665 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 11-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде (ұйымдарында) медициналық қарап-тексеру жүргізу қағидалары мен мерзімділігі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Аппаратының басшысына және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаментіне (Қ.Ә. Сұлтанбаев) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер Министрі
Е. Тургумбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ic-қимыл агенттігі

      (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі)

  Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрінің
2020 жылғы 16 қарашасы
№ 780 бұйрығымен
бекітілген

Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде (ұйымдарында) медициналық қарап-тексеру жүргізу қағидалары мен мерзімділігі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде (ұйымдарында) медициналық қарап-тексеру жүргізу қағидалары мен мерзімділігі (бұдан әрі - Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 11-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына сәйкес әзірленген және, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 78 қаулысымен бекітілген Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету қағидаларының 2-тармағында көрсетілген адамдардың жекеленген санаттарын қоспағанда, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін медициналық қарап-тексеру тәртібін анықтайды.

      Ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының және әскери-тергеу органдарының әскери қызметшілері жатады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 13.06.2023 № 480 (алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылды:

      1) мерзімдік медициналық қарап-тексерулер - денсаулық жағдайына динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізілетін міндетті медициналық қарап-тексеру;

      2) динамикалық байқау – пациенттің денсаулық жағдайына жүйелік бақылау, сондай-ақ осы бақылау нәтижесі бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;

      3) скринингтік зерттеулер – клиникалық белгілері мен шағымдары жоқ адамдарға ауруларды ерте сатыларда анықтау және аурулар дамуының, олардың пайда болуына ықпал ететін тәуекел факторларының алдын алу мақсатында жүргізілетін кешенді медициналық тексеру.

2-тарау. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және ішкі істер органдарының әскери қызметшілерін Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде (ұйымдарында) медициналық қарап-тексеру жүргізу тәртібі мен мерзімділігі

      3. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында (бұдан әрі – ІІО медициналық ұйымдары) құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне (бұдан әрі – қызметкерлер) мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексеру (бұдан әрі – медициналық қарап-тексеру) жүргізіледі.

      4. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне және құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне скринингтік зерттеулер тұрғылықты жері бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде Кодекстің 87-бабының 1, 2-тармақтарымен көзделген құзыретке сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында жүргізіледі.

      5. ІІО медициналық ұйымдары жыл сайын 15 желтоқсанға дейін құқық қорғау органдарының, Ұлттық ұланның кадр қызметтерінен (бұдан әрі - кадр қызметтері) бөліністер бойынша қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің: қызметкердің тегі, аты, әкесінің аты, (отбасы мүшелері) туған жылы, атқаратын лауазымы (отбасы мүшелерінің жұмыс орны), арнайы (әскери) атағы, мекенжайы, байланыс телефоны көрсетілген тізімі сұратылады.

      6. Кадр қызметтерінен алынған тізімге сәйкес ІІО медициналық ұйымдарында бөліністер бойынша қызметкерлерді медициналық қарап-тексеру кестесі (келесі жылдың қаңтарынан бастап қараша айына дейін) жасалады. "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Емханасы бар орталық госпиталі" мемлекеттік мекемесінде медициналық қарап-тексеруге жататын қызметкерлердің кестесін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары бекітеді. Аумақтық бөліністер қызметкерлерінің кестелері астана, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың полиция департаменттерінің (бұдан әрі – полиция департаменттері) бастықтары бекітеді. Бекітілген кестелер қызметкерлердің уақтылы медициналық қарап-тексеруден өтуін қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары бөліністерінің бастықтарына жіберіледі.

      7. Медициналық қарап-тексеруге құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлері және ішкі істер органдарының әскери қызметшілері жатады. Ағымдағы жылы әскери-дәрігерлік комиссиядан өтіп, одан әрі қызметке жарамды деп танылған қызметкерлер күнтізбелік жыл ішінде медициналық қарап-тексеруге жатпайды. Әскери-дәрігерлік комиссиялардың қорытындылары (анықтамалары) амбулаториялық науқастың медициналық картасына енгізіледі.

      8. Медициналық қарап-тексеруді жүргізу ерекшеліктері:

      1) қызметкерлер медициналық қарап-тексеруден бекітілген кестеге сәйкес өтеді және оны 5 жұмыс күні ішінде аяқтайды;

      2) облыс орталығынан тыс, оның ішінде алыс аудандарда орналасқан қызметкерлерді медициналық қарап-тексеру ІІО медициналық ұйымдарының жылжымалы медициналық бригадасымен жүргізіледі;

      3) медициналық қарап-тексеру кезеңінде қызметкерлерге уақытша жұмысқа жарамсыздығы парағы (анықтамасы) берілмейді;

      4) жұмысы зиянды еңбек жағдайларымен байланысты қызметкерлер медициналық қарап-тексеруден қорытынды акт толтырылып, ішкі істер органдарының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөліністерінің мамандарын тарту арқылы өтеді.

      9. ІІО медициналық ұйымдарының жылжымалы бригадаларының жұмысын ұйымдастыру және медициналық қарап-тексеруді жүргізуге бақылауды полиция департаменттерінің медициналық бөлімдері (топтары) жүзеге асырады.

      10. ІІО медициналық ұйымдары бюджеттік өтінім құрастырғанда жылжымалы бригадалардың медициналық қарап-тексеру жүргізуімен байланысты шығындарды (көлік үшін жанар-жағармай материалдарына шығындар, жылжымалы бригадалардың іссапар шығындарын) көздейді.

      11. Медициналық қарап-тексеру қорытындысын шығару кезінде жылжымалы бригадалардың мамандары аталған қызметке лицензиясы бар басқа да медициналық ұйымдардың зертханалық-диагностикалық зерттеулерінің нәтижелерін (қорытындыларын) ескереді.

      12. Медициналық қарап-тексеруді жүзеге асыру үшін мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

      1) анамнез деректерін жинақтау;

      2) антропометриялық өлшемдер (бойы, салмағы, белінің көлемі) жүргізу, дене массасының индексін есептеу;

      3) артериялық қысымды (бұдан әрі – АҚ) отырған күйінде 1-2 минут аралығында екі рет өлшеу (АҚ өлшеу алдында қызметкер 3-5 минут отыруы керек);

      4) көрінетін шырышты қабықтарды қарап-тексеру: көздің конъюнктивасы, ауыз қуысы, көмекей;

      5) қалқанша бездерді қарап-тексеру және қолмен басып көру;

      6) шеткі лимфа түйіндерін: төменгі жақсүйек асты, шат, қолтық асты лимфа түйіндерін қолмен басып көру;

      7) тыныс алу органдарын зерттеу (өкпеге перкуссия, аускультация жасау);

      8) қан айналу органдарын зерттеу (тексеру, жүректің шекараларын анықтау, жүрек соғуын тыңдау), пульстің жиілігін, толуын, ритмін анықтау;

      9) ас қорыту органдарын зерттеу (іш қуысы органдарын қолмен басып көру);

      10) зертханалық-диагностикалық зерттеулер жүргізу - қанның клиникалық толық талдауы, несептің жалпы талдауы (микроскопиямен), қандағы глюкозаны анықтау, қанның микрореакциясы, қанның биохимиялық талдауы (жалпы белок, жалпы билирубин, тура және тура емес билирубин, аналинаминотрансфераза АЛТ), аспартатаминотрансфераза (АСТ), жалпы холестерин, триглицеридтер, креатинин, мочевина, несеп қышқылы), кеуде қуысы ағзаларының флюорографиясы (рентгенографиясы), электрокардиография, көзішілік қысымын өлшеу (40 жастан бастап), көру өткірлігін анықтау, тік ішекті саусақпен зерттеу, әйелдерге 30 жастан бастап жатыр мойнының жағындысын цитологиялық зерттеу, әйелдерге 40 жастан бастап маммография (2 жылда 1 рет);

      11) дәрігер-мамандардың: хирургтің, офтальмологтың, отоларингологтың, дерматовенерологтың, стоматологтың, гинекологтың (әйелдерді), невропатологтың, психиатрдың және дәрігер-терапевтің (жалпы практика дәрігері) қарап-тексеруі.

      Қосымша диагностикалық зерттеулер мен қарап-тексерулер бейінді мамандардың көрсетілімдері бойынша жүргізеді.

      13. ІІО медициналық ұйымдарында жүргізілмейтін қосымша диагностикалық зерттеулерді жүргізу үшін, қызметкерлер тұрғылықты жері бойынша бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына жіберіледі.

      14. Дәрігер-мамандар медициналық қарап-тексеру деректерін Кодекстің 7-бабының 31-тармағымен көзделген құзыретіне сәйкес нысанын денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен амбулаториялық науқастың медициналық картасына енгізеді.

      15. Медициналық қарап-тексеру аяқталғаннан кейін дәрігер-терапевт (жалпы практика дәрігері) бейінді мамандардың және зертханалық-диагностикалық зерттеулердің қорытындысын ескере отырып, мынадай денсаулық топтарын анықтайды:

      1) 1А тобы – қауіп факторларынсыз дені сау: ешқандай шағымдары жоқ және анамнезі мен қарап-тексеру кезінде созылмалы аурулары, қауіп факторлары немесе жеке органдары мен жүйелері қызметінің бұзылуы анықталмаған адамдар;

      2) 1Б тобы – қауіп факторлары бар дені сау: қауіп факторлары анықталған, шекті жай-күйдегі бақылауды қажет ететін адамдар (артериялық қысым өлшемінің және басқа да физиологиялық сипаттамалардың белгіленген қалыпты шегінен ағзаның функционалдық қызметіне әсер етпейтін шамалы ауытқулары бар адамдар);

      3) 2 тобы – іс жүзінде дені сау: анамнезінде соңғы 2 жыл ішінде жіті және созылмалы аурулары бар адамдар;

      4) 3 тобы – науқастар: динамикалық байқауды, емдеуді және сауықтыруды қажет ететін адамдар.

      16. 1А, 1Б және 2-топтағы адамдар жылына 1 рет міндетті медициналық қарап-тексеру кезінде тексеріліп-қаралады.

      17. 3-топтағы адамдар есепке алуға және денсаулықты қалпына келтіру, сауықтыру және нығайтуға бағытталған емдеу-профилактикалық кешенді іс-шараларын жүргізу арқылы динамикалық байқауға жатады.

      18. Динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар тізбесін Кодекстің 88-бабының 2-тармағымен көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

      19. Созылмалы аурулары бар науқастарды динамикалық бақылау тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырылады.

      20. Созылмалы аурулары бар науқастарды динамикалық бақылау, бақылау мерзімділігі және мерзімдері, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумы және қайталануы Кодекстің 88-бабының 3-тармағымен көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      21. Динамикалық бақылау көрсеткіштері Кодекстің 7-бабының 61-тармағымен көзделген құзыретіне сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерді қалыптастыру (есептеу) әдістемесіне сәйкес есептеледі.

      22. Медициналық қарап-тексеруге мерзімінде келмеген қызметкерлердің тізімі құқық қорғау органдарының бөліністері басшылығының назарына аталған қызметкерлерді медициналық қарап-тексеруге келуін қамтамасыз ету үшін жеткізіледі.