Келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 қарашадағы № ҚР ДСМ-187/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 10 қарашада № 21617 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі 7-бабының 54) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл қағидалары бекітілсін.

      2. "Келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 419 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11542 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 2 шілдеде) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Дәрі-дәрмек саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 9 қарашасы
№ ҚР ДСМ-187/2020
бұйрығына қосымша

Келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 7-бабының 54) тармақшасына сәйкес әзірленді және денсаулық сақтау ұйымдарының келісімшарттық фракциялау бойынша өзара іс-қимыл тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) келісімшарттық фракциялау – Қазақстан Республикасының халқын қан препараттарымен қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында дайындалған қан плазмасын шетелдік өндірушінің зауыттарында плазмалық қан препараттарын өндіру үшін шетелге жіберу;

      2) плазмалық қан препараттары – қан плазмасын өңдеу кезінде алынған құрамында биологиялық заттар бар препараттар;

      3) бірыңғай дистрибьютор – Кодекстің 247-бабына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қызметін жүзеге асыратын заңды тұлға (бұдан әрі – Бірыңғай дистрибьютор);

      4) плазманы негізгі дайындаушы – Қазақстан Республикасының қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы.

2-тарау. Келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимыл тәртібі

      3. Келісімшарттық фракциялау жөніндегі өзара іс-қимылды мынадай ұйымдар жүзеге асырады:

      1) плазма дайындаушылары болып табылатын қан қызметі саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары;

      2) бірыңғай дистрибьютор;

      3) келісімшарттық фракциялау қызметтерін көрсететін плазмалық қан препараттарын өндіруші зауыт (бұдан әрі – фракционатор).

      4. Плазма дайындаушылар ұзақ мерзімді шарт жасасу алдыңғы жылдың бірінші желтоқсанына дейінгі мерзімде плазманы негізгі дайындаушыға фракциялау үшін алдағы үш жылдық кезеңге плазма дайындаудың жоспарланған көлемі туралы ақпаратты жібереді.

      5. Плазманы негізгі дайындаушы ағымдағы жылдың бірінші қаңтарына дейінгі мерзімде Бірыңғай дистрибьюторға алдыңғы үш жылдық кезеңге арналған плазмалық қан препараттарын кейіннен өндіру үшін дайындауға жататын плазманың көлемі туралы ақпаратты жібереді және плазманы дайындауды жоспарлау кезінде плазма дайындаушылардың мүмкіндіктеріне негізделеді.

      6. Әлеуетті фракционатор келісімшарттық фракциялау шеңберінде плазмалық қан препараттарын сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысқанға дейін дайындаушының әлеуеті туралы түсінік алу үшін дайындаушының жағдайына алдын ала бағалау жүргізеді.

      7. Бірыңғай дистрибьютор ағымдағы жылдың бірінші маусымына дейінгі мерзімде Кодекстің 6-бабы 3-тармақшасына сәйкес бекітілген Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және арнайы емдік өнімдерді, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сатып алуды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне сәйкес келісімшарттық фракциялаудың ұзақ мерзімді шартын жасасуды жүзеге асырады.

      8. Келісімшарттық фракциялау мүмкіндігінен асатын плазмалық қан препараттарын сатып алу үшін қажеттілікті қалыптастыру келісімшарттық фракциялау шеңберінде өндірілетін және жеткізілетін плазмалық қан препараттарының көлемін ескере отырып жүзеге асырылады.

      9. Бірыңғай дистрибьютор ұзақ мерзімді шарттың талаптарымен айқындалған фракционатор ағымдағы жылғы бірінші шілдеге дейінгі мерзімде Қазақстан Республикасының қан қызметі ұйымдары арасынан плазма дайындаушыларын айқындау бойынша жұмыс жүргізеді.

      10. Бірыңғай дистрибьютор ұзақ мерзімді шарттың талаптарымен айқындалған фракционатор ағымдағы жылғы бірінші тамызға дейінгі мерзімде плазманы дайындау және сақтау шарттарына бағалауды ұйымдастырады.

      11. Плазманы дайындау және сақтау шарттарын бағалаудан өткеннен кейін дайындаушы Бірыңғай дистрибьютор ұзақ мерзімді шарттың талаптарымен анықтаған фракционатормен плазманы жеткізу туралы шарт жасайды.