ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі
"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына банкаралық ақша аудару жүйесінің операторын немесе операциялық орталығын қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржылық қызметі жүзеге асыратын ұйымдар үшін қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруднциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармағының 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы 2020 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
2020 жылғы "___" "_____________"
Бекітілді |
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қаулыға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 16 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына банкаралық ақша аудару жүйесінің операторын немесе операциялық орталығын қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржылық қызметі жүзеге асыратын ұйымдар үшін қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына банкаралық ақша аудару жүйесінің операторын немесе операциялық орталығын қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржылық қызметі жүзеге асыратын ұйымдар үшін қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы заң) сәйкес әзірленді және ипотекалық ұйымдарға, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ұлттық басқарушы холдингтің еншілес ұйымдарына, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға (бұдан әрі – ұйымдар) қолданылады.
2. Талаптарда пайдаланылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағыналарында қолданылады.
Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операцияларды айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабы 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);
2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) – ұйымды қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері;
3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару) – ұйымның КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, оларды мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шараларының жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жүргізетін операцияларға қатысты);
4) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;
5) іскерлік қатынастар – ұйымның клиентке қызметтер (өнімдер) ұсынуы бойынша қатынастар.
3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі – АЖ/ТҚ) қарсы іс-қимыл мақсатында ұйым ішкі бақылауды:
1) ұйымның КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;
2) ұйымның ішкі бақылау жүйесінің КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;
3) ұйымды, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.
4. Ұйымда КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде ұйымның ішкі аудит қызметінің не ішкі аудит жүргізуге уәкілетті өзге органның КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.
Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, ұйым оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар ұйымның ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.
2-тарау. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы
5. Ұйымда ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен ұйымдағы ішкі бақылау қағидаларының сақталуын мониторингтеуді жүзеге асыруға жауапты, жоғары білімі, қаржылық не микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда кемінде екі жыл жұмыс өтілі (техникалық немесе қосалқы қызметкерлер лауазымдарындағы жұмыс тәжірибесін қоспағанда) бар және алынбаған немесе өтелмеген соттылығы жоқ лауазымды тұлға (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады, сондай-ақ құзыретіне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін ұйымның қызметкерлері не бөлімшесі (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше) айқындалады.
6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:
1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;
2) мақсатты қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) болуын тексеру тәртібі;
3) Тізбеден және клиент туралы мәліметтерді алып тастаған кезде нысаналы қаржы санкцияларын қолдануды тоқтату тәртібі;
4) ұйым қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, ұйымның уәкілетті органдарының және ұйымның лауазымды тұлғаларының өздеріне белгілі болған, ұйым қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;
5) ұйымды бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сипаттау (бар болса).
7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функцияларына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:
1) ұйымда әзірленген және ұйымның атқарушы органымен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ ұйымда олардың сақталуын мониторингтеуді қамтамасыз ету;
2) уәкілетті органға хабарламалар ұсыну және олардың ұсынылуына бақылау жасауды ұйымдастыру;
3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;
4) анықталған клиенттер және мақсатты қаржы санкцияларын қолдану жөнінде қабылданған шаралар туралы ұйымның уәкілетті органына немесе ұйымның лауазымды тұлғасына хабарлау;
5) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын жүргізуден бас тарту туралы шешімдер қабылдау не ұйымның уәкілетті органымен немесе ұйымның лауазымды тұлғасымен келісу;
6) ұйымның уәкілетті органына КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) ұйымның ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастар орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін сұратулар жіберу;
7) ұйымның уәкілетті органдарын және ұйымның лауазымды тұлғаларын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен хабардар ету;
8) ұйымның басқару органдарына есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және тәуекелдері басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөніндегі ұсынылып отырған шаралар туралы ақпаратты дайындау және ұйымның атқару органымен келісу.
8. Жауапты қызметкерге және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлеріне жүктелген функцияларды орындау үшін мынадай:
1) өз функцияларын толық көлемде және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте ұйымның барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алу;
2) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету;
3) ұйымның бөлімшелерінен алынатын құжаттар мен файлдардың сақталуын қамтамасыз ету өкілеттіктері беріледі, бірақ олармен шектелмейді.
9. Ұйымның филиалдарында Талаптардың 7 және 8-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толығымен немесе ішінара жүктелген қызметкерлер бар болса, осындай қызметкерлердің қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.
10. Жауапты қызметкердің, сондай-ақ ұйымның Талаптардың 7-тармағында көзделген функциялар жүктелген қызметкерлерінің функциялары ішкі аудит қызметінің не ішкі аудит жүргізуге уәкілетті өзге органның функцияларымен, сондай-ақ ұйымның операциялық (ағымдағы) қызметін жүзеге асыратын бөлімшелердің функцияларымен қоса атқарылмайды.
3-тарау. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы
11. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында ұйым КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару (тәуекелдерді бағалау) бағдарламасын әзірлейді.
12. Ұйымның КЖ/ТҚ тәуекелдерді басқару бағдарламасын іске асыру кезінде КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес КЖ/ТҚ тәуекелдерінің есебінен жарияланған ақпаратты ескерді.
13. Ұйымның КЖ/ТҚ тәуекелдерді басқару бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) ұйымға және оның құрылымдық бөлімшелеріне қатысты КЖ/ТҚ тәуекелдерді басқаруды ұйымдастыру тәртібі;
2) тәуекелдердің негізгі санаттарын (клиенттердің типі бойынша, елдік (географиялық) тәуекелді және көрсетілетін қызмет/өнімдер тәуекелі) тәуекелін ескере отырып, мыналарға:
клиенттің тәуекел деңгейіне;
ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне қатысты КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау әдістемесі;
3) клиенттің тәуекелдеріне және ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне алдын алу іс-шараларының тізбесін, оларды жүргізу тәртібі мен мерзімін, қабылданған шараларға сәйкес нәтижелерді бақылауды көздейтін жүйелі мониторингтеуді, талдауды және бақылауды жүзеге асыру тәртібі;
4) клиенттер тәуекелдерінің деңгейін тағайындау тәртібі, мерзімдері және қайта қарауға арналған негіздер.
14. Ұйым жыл сайынғы негізде кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызмет (өнім) және (немесе) оны ұсыну тәсілінің тәуекелін ескере отырып, ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.
Ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау клиенттердің операцияларын сәйкестендіру және оларға мониторинг жүргізу рәсімдерін өзгертуді, операциялар жүргізуге лимиттер белгілеуді, қызметтерді (өнімдерді) ұсыну талаптарын өзгертуді, қызметтерді (өнімдерді) ұсынудан бас тартуды қоса, анықталған тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қатар жүреді.
15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің типтеріне:
1) шетелдік жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және жақын туыстары, олардың өкілдері;
2) Талаптардың 16-тармағында көрсетілген шетелдік мемлекеттерде орналасқан (тіркелген), сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдар және мұндай тұлғалардың өкілдіктері;
3) коммерциялық емес және қайырымдылық ұйымдары, діни бірлестіктер жатады, бірақ олармен шектелмейді.
16. Ұйым осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерден клиенттерге қызметтерді (өнімдерді) көрсетумен және осындай шет мемлекеттердің қатысуымен ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды жүзеге асырумен байланысты елдік (географиялық) тәуекелді басқаруды жүзеге асырады.
Операциялары КЖ/ТҚ тәуекелін ұлғайтатын шет мемлекеттер:
1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);
2) БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);
3) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметінің және бағалы қағаздар нарығындағы қызметтің өзге де лицензияланатын түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлардың қызметінің және бағалы қағаздар рыногы ұйымдарының қызметінің мақсаттары үшін офшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және даму агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысымен бекітілген офшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 тіркелген);
4) ұйым басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзит деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар) болып табылады.
17. Ұйымның КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын қызметтері (өнімдері), сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) дербес компьютерлер, телефондар, электрондық терминалдар арқылы қызмет көрсетуді қоса алғанда, клиенттерге қашықтан қызмет көрсету;
2) 3 000 000 теңгеден асатын сомаға не баламасы 3 000 000 теңгеден асатын шетел валютасымен сомаға қолма-қол ақшамен қарыз беру;
3) қолданыстағы, сондай-ақ енгізілетін өнімдер үшін жаңа және дамушы технологияларды пайдалана отырып, ақпарат беру тетіктерін қамтитын жаңа өнімдер және іскерлік тәжірибелер.
18. Ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін Талаптардың 15, 16 және 17-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттарына және факторларына сәйкес бағалау кезінде ұйым тәуекелдің жиынтық дәрежесіне ықпал ететін мыналар кіретін, бірақ олармен шектелмейтін қосымша мәліметтерді ескереді:
1) ұйым уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны;
2) ұйымның уәкілетті органға клиенттердің қолма-қол ақшамен шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.
19. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру (тәуекелдерді басқару) шеңберінде ұйым Талаптардың 15, 16 және 17-тармақтарында көрсетілген санаттар мен тәуекелдер факторларын, сондай-ақ ұйым белгілейтін өзге де санаттар мен тәуекелдер факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу жөнінде шаралар қолданады.
Ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін клиенттердің операцияларын сәйкестендіру және мониторингтеу бойынша рәсімдер шеңберінде алынған клиент (клиенттер) туралы мәліметтерді талдаудың нәтижелері бойынша белгілейді және тәуекел деңгейін айқындаудың ұйым әзірлеген, кемінде екі деңгейден тұратын шкаласы бойынша бағалайды.
Ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.
4-тарау. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы
20. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында ұйым клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.
Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру ұйымның клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және дәйектілігін тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу іскерлік қарым-қатынастардың болжанатын мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы Талаптарда көзделген мәліметтерді алу және тіркеу болып табылады.
Клиент тәуекелінің деңгейіне байланысты ұйым жүргізетін іс-шаралар дәрежесі КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің оңайлатылған не күшейтілген шараларын қолданудан көрінеді.
21. КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 6-бабының талаптарын ескере отырып, ұйым іскерлік қарым-қатынастар орнатылғанға дейін клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру жүргізеді.
22. Талаптардың 21-тармағына сәйкес алынған мәліметтерді ұйым клиенттің досьесіне енгізеді, ол клиентпен іскерлік қарым-қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және олар аяқталғаннан күннен бастап жасағаннан кейін кем дегенде бес жыл ұйымда сақталады.
Ұйым ұйымның ішкі құжаттарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ клиенттердің өзге топтары бойынша досье жүргізеді.
23. Клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында ұйым Тізбеде осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) болуына тексеру жүргізеді.
Шетелдіктерге, ұйымда шет мемлекеті азаматтығының болуы туралы мәліметтер болған өзге де адамдарға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға қатысты ұйым клиентті сәйкестендіру, бенефициарлық меншік иесін анықтау барысында осындай клиенттің, бенефициарлық меншік иесінің шетелдік жария лауазымды адамға жататынын тексереді.
Көші-қон карточкалары туралы мәліметтерді Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты алу талап етілмейді.
Клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде (Тізбеге енгізу) болуын тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге (Тізбенің жаңартылуы) өзгерістер енгізілуіне қарай жүзеге асырылады.
24. Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың сенімді ақпарат көздерін пайдаланумен шынайы болуы тұрғысынан тексеріледі.
25. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасына мыналар:
1) іскерлік қарым-қатынастар белгілеуге және (немесе) операциялар жүргізуге, сондай-ақ іскерлік қарым-қатынастарды тоқтатуға арналған тәртіпті және негіздемелерді қоса алғанда, қызмет көрсетуге клиенттер қабылдау тәртібі;
2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде жеңілдетілген және тереңдетілген сәйкестендіру рәсімінің ерекшеліктері;
3) қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылданатын жеке тұлғалардың, шетелдік жария лауазымды тұлғалардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының, олардың өкілдерінің арасынан анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;
4) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде болуын тексеру тәртібі;
5) іскерлік қарым-қатынастарды қашықтықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;
6) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін ұйымның осы ұйымды бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды (бар болса) орындау шеңберінде сәйкестендіру барысында алынған мәліметтер алмасудың ерекшеліктері;
7) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;
8) клиенттің досье жүргізу, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартудың нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптар;
9) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері кіреді, бірақ олармен шектелмейді.
5-тарау. Клиенттер операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы
26. Клиентті тиісінше тексеру, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды анықтау және оларды уәкілетті органға жолдау бойынша КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында ұйым клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.
27. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы шеңберінде ұйым клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) алу бойынша, cондай-ақ клиенттердің операцияларын зерделеу және шекті, күрделі, әдеттегіден тыс және күдікті операцияларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.
Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу нәтижелерін ұйым қор қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттердің тәуекел деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.
Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 22-тармағында көзделген клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) ұйымда клиентпен іскерлік қарым-қатынастардың барлық кезеңі ішінде және олар аяқталған күннен бастап кемінде бес жыл бойы сақталады.
28. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді жаңарту кезеңділігін және (немесе) алу қажеттілігін ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын ұйымның көрсететін қызметінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып, белгілейді.
Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.
29. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы:
1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері негізінде жасалған күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;
2) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) арасында Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу жөніндегі міндеттерді бөлуді;
3) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) арасында шекті, күрделі, әдеттегіден тыс және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру жөніндегі міндеттерді бөлуді;
4) жауапты қызметкердің клиент операциясының түрі туралы шешімді қабылдау тәртібін, негізін және мерзімін;
5) күрделі, әдеттегіден тыс операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы мәліметтерді (оның ішінде операция сомасы, операция валютасы) тіркеу (оның ішінде тіркеу әдістері) және сақтау тәртібін;
6) клиент әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүйелі және (немесе) елеулі көлемде жүзеге асырған жағдайда, клиент пен оның операцияларына қатысты қабылданатын шараларды қабылдау тәртібін және сипаттауды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді.
30. Операцияны шекті ретінде саралаудың заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ күрделі, әдеттегіден тыс немесе күдікті операция анықталған жағдайда, көрсетілген операцияны анықтаған ұйым қызметкері осындай операция туралы хабарламаны жауапты қызметкерге (КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімшеге) ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде жібереді.
Бір хабарламада бірнеше операция туралы ақпараттың болуына жол беріледі.
Ұйым осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламаны, сондай-ақ оларды зерделеудің нәтижелерін клиентпен іскерлік қарым-қатынастарды тоқтатқан күннен бастап кемінде бес жыл сақтайды.
6-тарау. Ұйым қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы
31. Ұйым қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты - ұйым қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және өзге де ішкі құжаттардың талаптарын орындау үшін қажет білім мен дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
32. Ұйымның Оқыту бағдарламасына:
1) оқыту тақырыптарын, өткізу әдістерін, мерзімдерін және оқыту өткізуге жауапты бөлімшені қамтитын қызметкерлерді оқыту тәртібі;
2) қызметкерлері оқытудан өтетін ұйым бөлімшелерінің тізбесі;
3) оқыту нәтижелерін сақтау тәртібі мен нысандары;
4) қызметкерлерді КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша білімдерін тексеру тәртібі мен нысандары кіреді.
33. Оқытуды өткізу нысандары мен кезеңділігін ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен қызметкерлерді даярлау және оқыту бойынша қаржы мониторингі субъектілеріне қойылатын талаптарды ескере отырып белгілейді.