Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2020 жылғы 27 қазандағы № ҚР ДСМ-160/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 30 қазанда № 21544 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 56-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 24 маусымдағы № 284 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13998 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 11 тамызда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндеттерін атқарушы
М. Шоранов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және қоғамдық

      даму министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндеттерін атқарушы
2020 жылғы 27 қазаны
№ ҚР ДСМ-160/2020
бұйрығымен бекітілген

Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 56-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында тағамға биологиялық активті қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғым пайдаланылады:

      тағамға биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) – тағаммен бір мезгілде қабылдауға немесе тағамдық өнімнің құрамына қосуға арналған табиғи және (немесе) табиғимен бірдей биологиялық белсенді заттар, сондай-ақ пробиотикалық микроорганизмдер.

2-тарау. Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру тәртібі

      3. Тағамға биологиялық белсенді қоспалар жарнамасын орналастыру ол денсаулық сақтау және жарнама саласындағы заңнамаға сәйкес келген кезде жүзеге асырылады.

      4. Биологиялық белсенді қоспалар жарнамасы:

      1) қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады;

      2) аудио жарнаманың жарнамалық мәтіндерін қоспағанда, жеңіл оқылатын, түсінікті және анық қаріппен басылады;

      3) дәрілік заттармен салыстыруға болмайды;

      4) емдік қасиеттерінің болуы туралы мәліметтерді қамтуға болмайды;

      5) дұрыс және түсінікті болып табылады (арнайы білімді қолданбай немесе арнайы құралдарды қолданбай);

      6) тұтынушыларды олардың сенімін асыра пайдалану арқылы, оның ішінде сипаттамаларына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданылуының болжамды нәтижелеріне, зерттеулер мен сынақтар нәтижелеріне қатысты жаңылыстырмайды;

      7) ұтымды қолданылуына ықпал етеді;

      8) мазмұнында жарнамаланатын тағамға биологиялық белсенді қоспаларды басқа жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларымен салыстыру, сондай-ақ олардың абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтіретін сөздер, бейнелер болмайды;

      9) жарнамада өзінің танымалдығына байланысты биологиялық белсенді қоспаларды қолдануды және (немесе) тағайындауды көтермелеуі мүмкін ғалымдардың, денсаулық сақтау мамандарының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының ұсынымдарына сілтеме жасауға болмайды.

      5. Тағамға биологиялық белсенді қоспаларға жарнама мынадай ақпаратты:

      1) сауда атауын;

      2) құрамына кіретін белсенді компоненнтері туралы мәліметтерді;

      3) қолдануға берілетін негізгі ұсынымдарды;

      4) қолдану тәсілі мен дозасын;

      5) негізгі жанама әсерлерін;

      6) негізгі қарсы айғақтарын;

      7) балаларға, жүкті әйелдерге қатысты, сондай-ақ емізу кезеңіндегі айрықша нұсқауларды;

      8) сату шарттарын;

      9) қолдануға көрнекі және түсінікті ұсынымды;

      10) өндірушінің атауын, мекенжайын және Қазақстан Республикасында наразылықтарды қабылдауға өндіруші уәкілеттік берген тұлғаның атын;

      11) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірін, берілген күнін қамтуы тиіс.

      Теле- және радиоарналарына, интернет-ресурстарға арналған жарнама осы тармақтың 1), 6), 7), 9) және 11) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қамтиды.

      6. Биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалау әрбір жағдайда жарнамалау объектісі дәрілік зат болып табылмайтыны туралы ескертумен қатар жүреді.