"Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 19 қазандағы № 102 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 29 қазанда № 21530 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1."Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19697 болып тіркелген, 2019 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібінде, оның ішінде микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына, ресімделуіне, міндетті шарттарына қойылатын талаптарда, микрокредитті өтеу кестесінің нысанында:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      4. Шартта тиісті түрдегі шарттар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар, тараптардың келісімі бойынша айқындалған талаптар, сондай-ақ мынадай міндетті талаптар бар:

      1) шарттың жалпы талаптары;

      2) қарыз алушының құқықтары;

      3) ұйымның құқықтары;

      4) ұйымның міндеттері;

      5) ұйым үшін шектеулер;

      6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;

      7) шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес, сомасы бір жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын микрокредит беру туралы шарт берешекті сотқа дейін реттеу тәртібін қамтиды, ол мыналарды көздейді:

      1) қарыз алушы-жеке тұлғаға жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей мыналарды көрсету қамтылған хабарлама жіберу:

      хабарламада көрсетілген күнгі жағдай бойынша мерзімі өткен берешектің, оның ішінде негізгі борыштың, сыйақының және тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшерін көрсете отырып шарт бойынша төлемдерді енгізу қажеттілігі;

      берешекті тараптардың келісімі бойынша шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, қарыз алушы-жеке тұлғаның ұйымға шартта көзделген тәсілмен, бойынша шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің өту себептері, кірістер және оның шарттың талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішін негіздейтін басқа расталған жағдайлар (фактілер) туралы мәліметтер қамтылған өтінішпен жүгінуі арқылы реттеу мүмкіндігі;

      қарыз алушының шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары, оның ішінде ұйымның негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоса алғанда берешекті ұйымға міндеттемелерді орындау мерзімінің өтуі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде күнтізбелік отыз күн ішінде өтініш жасамаған немесе жеке тұлға қарыз алушымен берешекті реттеу бойынша келісімге қол жеткізілмеген жағдайда жеке тұлға қарыз алушының келісімін алмастан нотариустың атқарушылық жазбасының негізінде өндіру құқығы.

      Хабарлама, егер ол борышкерге шартта көзделген мынадай тәсілдердің бірімен жіберілсе, жеткізілген болып саналады:

      шартта көрсетілген электрондық поштаның мекенжайына;

      шартта көрсетілген тұрғылықты жері бойынша оның тапсырылғаны, оның ішінде отбасының кәмелетке толған мүшелерінің бірінің, көрсетілген мекенжайда тұратын алғаны туралы хабарлама бар тапсырысты хатпен;

      жеткізуді тіркеуді қамтамасыз ететін өзге байланыс құралдарын пайдалана отырып.

      Хабарлама оны адресат бойынша алушыға тапсыруға мүмкін болмағаны туралы белгі қоя отырып не оны қабылдаудан бас тартуға, не оның осы тармақшада көрсетілген өзге байланыс құралын пайдаланған кезде оның қабылданғанын растамауға байланысты қайтарылған кезде, хабарлама тиісті түрде жіберілген болып саналады;

      2) қарыз алушы-жеке тұлғаның шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұйымға шартта көзделген тәсілмен шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімін өткізіп алудың туындау себептері, оның шарт талаптарына өзгерістер енгізу туралы өтінішіне негіз болатын кірістер және басқа да расталған мән-жайлар (фактілер) туралы мәліметтерді қамтитын өтінішпен жүгіну құқығы;

      3) ұйымның қарыз алушы-жеке тұлғаның өтінішін алған күннен кейін күнтізбелік он бес күн ішінде шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қарауы және жазбаша нысанда не шартта көзделген тәсілмен келісімі туралы, берешекті реттеу жөніндегі өз ұсыныстары немесе дәлелді бас тартуын хабарлауы;

      4) ұйымның қарыз алушы-жеке тұлғаның келісімін алмай, нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде негізгі борышты, сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) қоса алғанда, мынадай:

      қарыз алушы-жеке тұлғаның тараптардың келісімі бойынша берешекті реттеу үшін ұйымға өтініш ұсынбауы және қарыз алушы-жеке тұлғаның міндеттелерді орындау мерзімін өткізіп алу басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде берешек бойынша өтінішін ұсынбауы;

      қарыз алушы-жеке тұлғаның өтінішін қарау нәтижелері бойынша берешекті реттеу жөніндегі келісімге қол жеткізбеу және қарыз алушы-жеке тұлғаның берешек бойынша қарсылықтарын ұсынбауы жағдайларында, берешекті өндіріп алу құқығы.

      Қарыз алушы-жеке тұлғаның берешек бойынша өтініш ұсынбауы оның міндеттемені орындамауында кінәсін мойындау болып табылады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Тәртіпке қосымшаға сәйкес нысан бойынша шарттың тараптары қол қойған микрокредитті өтеу кестесі шартқа қоса беріледі.

      Микрокредитті өтеу кестесінде тараптардың келісімен қосымша мәліметтер болуы мүмкін.

      Микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын жағдайда, осы тармақта белгіленген талаптар Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды.";

      10-тармақтың 4) тармақшасының төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Микрокредитті өтеу микрокредит мерзімінің соңында біржолғы төлеммен жүзеге асырылатын жағдайда, осы тармақшаның талаптары кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімге, сондай-ақ Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген микрокредит беру туралы шартқа қолданылмайды.";

      11-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес микрокредит алатын қарыз алушы-жеке тұлғамен жасалатын шартқа шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын бастапқы бет қоса беріледі.

      Бастапқы бет шарттың бірінші беттері түрінде жазылады және көрсетілген реттілікпен Тәртіптің 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 9) тармақшаларында көзделген талаптарды қамтиды. Шарттың мәтіні А4 форматты парақтарда, мөлшері 12-ден кем емес "Times New Rоmаn" қарпімен, әдеттегі әріпаралық, бір жоларалық интервалмен және абзац шегіністері қолданыла отырып басылады.";

      12 және 13 тармақтарды мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Тәртіптің 5-тармағының 8), 10), 11) және 12) тармақшаларында және 4-тармағының 6) тармақшасында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен бастапқы парақтан кейін жазылады.

      Шарт 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 389-бабына сәйкес қосылу талаптарымен жасалған жағдайда Қарыз алушыға ұсынылатын шарттың бөлігі (қосылу туралы өтініш) Тәртіптің 11-тармағы үшінші бөлігінің талаптарына сәйкес келеді, осы тармақта көзделген шарттың бөлігінде (қосылу туралы өтініште) тиісті жүйелілікпен бастапқы парақтан кейін көрсетілетін талаптар қамтылады.

      13. Микрокредит кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім, сондай-ақ оның шеңберінде кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын және оның негізінде кезекті микрокредит беру жүзеге асырылатын шарт (шарттар) жасау арқылы берілген жағдайда:

      кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісім Тәртіптің 11-тармағы үшінші бөлігінің талабына сәйкес келеді;

      кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде микрокредиттің жалпы сомасы және жалпы мерзімі көрсетіледі;

      Тәртіптің 5-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 7) және 12) тармақшаларында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен жазылады;

      Тәртіптің 5-тармағының 6), 8), 9), 10), 11) және 13) тармақшаларында, 4-тармағының 6) және 7) тармақшаларында, сондай-ақ 8, 9, 10 және 11-тармақтарында көзделген талаптар кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде көзделген талаптар кредиттік желіні беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.";

      қосымша осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы ресми жарияланған күнінен кейін бір ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Басқармасының
2020 жылғы 19 қазаны
№ 102 қаулысына
қосымша
  Микрокредит беру туралы
шартты жасасу тәртібіне,
оның ішінде микрокредит беру
туралы шарттың
мазмұнына,ресімделуіне,
міндетті шарттарына
қойылатын талаптарға,
микрокредитті өтеу
кестесінің нысанына
қосымша
  Нысан

      ________________ №___________

      (жылы, күні, айы) Микрокредит беру туралы шартқа

      (микрокредит беру туралы шартқа қосымша келісімге) _________________

      (жылы, күні, айы) Микрокредитті өтеу кестесі

  теңге

Төлем күні

Кезеңдегі төлемдер

Негізгі борыш (берешек) қалдығы

Төлем сомасы

оның ішінде


Сыйақы

Негізгі борыш

1

2

3

4

5











Жиыны:





Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шарт бойынша – сыйақы мәні):

____ пайыз

Қарыз алушы таңдаған микрокредитті өтеу әдісі

____________ (аннуитеттік, сараланған немесе микроқаржы ұйымының ішкі қағидаларына сәйкес басқа әдіс)

Ұйымның деректемелері

Қарыз алушының деректемелері

Ұйым өкілінің қолы

Қарыз алушының/ қарыз алушы өкілінің қолы

      Түсіндірмелер:

      1-бағанда төлем жасалған күндер енгізіледі (бірінші күн микрокредит сомасын беру күні болып табылады).

      2-бағанда қарыз алушының төлем сомалары енгізіледі (қарыз алушы тарапынан төлемнің бірінші сомасы жоқ).

      3 және 4-бағандарда қарыз алушының төлем сомасын құрайтын сыйақы және негізгі борыш сомалары енгізіледі.

      5-бағанда қарыз алушының кезекті төлемі жүргізілгеннен кейінгі негізгі борыш (берешек) қалдықтары енгізіледі.

      "Жиыны" деген жолда 2, 3 және 4-бағандар бойынша төлем ағындарының сомалары енгізіледі.