Тәуелсіз сарапшылардың тізілімін жүргізу қағидаларын, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізіліміне енгізу және одан шығару негіздерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № ҚР ДСМ-145/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 26 қазанда № 21509 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 8-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тәуелсіз сарапшылардың тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізіліміне енгізу және одан шығару негіздері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет - ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 21 қазаны
№ ҚР ДСМ-145/2020
бұйрығымен бекітілген

Тәуелсіз сарапшылардың тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізіліміне енгізу және одан шығару негіздері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәуелсіз сарапшылардың тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізіліміне енгізу және одан шығару негіздері (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексінің 8-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Осы Қағидаларда қолданылатын ұғым:

      тәуелсіз сарапшы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұрған жеке тұлға.

2-тарау. Тәуелсіз сарапшылардың тізілімін жүргізу тәртібі

      3. Тәуелсіз сарапшылардың бірыңғай тізілімін (бұдан әрі – Тізілім) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган(бұдан әрі – мемлекеттік орган) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде жүргізеді.

      4. Тізілім осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге үміткер тәуелсіз сарапшылардың немесе денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сараптаманы жүзеге асыру құқығына аккредиттелген денсаулық сақтау субъектілерінің берген өтінімдерінің негізінде қалыптастырылады.

      Өтінім демалыс және мереке күндерін қоспағанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес сағат 9.00-ден 18.30-ге дейін дүйсенбіден бастап жұма аралығында мемлекеттік органның ресми сайтында көрсетілген мекенжайға беріледі.

      5. Тізілімге енгізу туралы өтінімге мынадай құжаттардың электрондық көшірмелері қоса беріледі:

      1) жеке басын куәландыратын құжат;

      2) жоғары медициналық білімі туралы диплом (шетелдік білім беру ұйымдары берген білімі туралы құжаттар үшін "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес тану немесе нострификациялау рәсімінен өткенін растайтын құжаттың болуы қажет);

      3) мәлімдеген мамандығы бойынша кемінде 7 жыл еңбек өтілінің бар екендігін растайтын құжат (еңбек кітапшасы не Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес басқа да құжат), сондай-ақ тәуелсіз cараптама жүргізу кезінде мәлімделген мамандығы бойынша денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыруы қажет;

      4) тәуелсіз сараптама жүргізу мәселелері бойынша жалпы көлемі 216 сағаттан кем емес, соңғы 5 жыл ішінде біліктілігін арттырудан өткенін растайтын құжаттар;

      5) жеке тұлғаның біліктілігін және оның клиникалық практикаға дайындығын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласындағы кәсіби қызметке дайындығын растайтын денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты (клиникалық практикамен айналысатын адамдар үшін).

      6. Мемлекеттік орган кеңсесінің қызметкері құжаттар келіп түскен күні оларды қабылдауды, тіркеуді жүзеге асырады және оны мемлекеттік органның тиісті құрылымдық бөлімшесіне орындауға береді.

      Құжаттарды жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жіберген кезде өтінімді қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады

      7. Мемлекеттік органның тиісті құрылымдық бөлімшесінің маманы осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттар тіркелген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын және қолданылу мерзімін тексереді.

      Құжаттардың топтамасы толық ұсынылмаған және (немесе) көрсетілген мерзімдерде олардың қолданылу мерзімі өтіп кеткен жағдайда, өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту дайындалады.

      Дәлелді бас тарту мемлекеттік органның құжат айналымы жүйесінде тіркеледі және тәуелсіз сарапшының немесе субъектінің электрондық почтасына жіберіледі

      Құжаттардың толық топтамасы болған кезде мемлекеттік органның тиісті құрылымдық бөлімшесінің маманы өтінімді кеңсе тіркеген сәттен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге үміткер тәуелсіз сарапшылардың деректерін тізілімге енгізеді.

      8. Мемлекеттік органның тиісті құрылымдық бөлімшесінің маманы тізілімге енгізілген тәуелсіз сарапшылар деректерінің өзектілігін жылына екі рет тексереді.

3-тарау. Тәуелсіз сарапшыларды бірыңғай тізілімге енгізу және шығару негіздері

      9. Тәуелсіз сарапшыларды бірыңғай тізілімге енгізу Кодекстің 8-бабының 16) тармақшасына сәйкес мемлекеттік орган бекіткен талаптарға тәуелсіз сарапшының сәйкес келуі негіз болады.

      10. Тәуелсіз сарапшыларды тізілімнен шығару негіздері мыналар болып табылады:

      1) мемлекеттік органға күнтізбелік бір жылдың ішінде тәуелсіз сарапшының жұмыс сапасына сараптама қорытындысымен расталған, 3 (үш) және одан да көп негізделген шағымдардың келіп түсуі;

      2) мемлекеттік органға тәуелсіз сарапшыдан оны тізілімнен шығару туралы өтініштің келіп түсуі;

      3) тәуелсіз сарапшыға қатысты медициналық қызметпен айналысуға (мәлімделген мамандық бойынша) тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) болуы;

      4) тізілімге енгізу үшін негіз болған бір немесе бірнеше құжаттардың қолданылуының тоқтатылуы (мерзімі өткен);

      5) тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызмет мерзімі ішінде тізілімге енгізу үшін ұсынылған құжаттарда дәйексіз мәліметтердің анықталуы.

  1-қосымша
Тәуелсіз сарапшылардың
тізілімін жүргізу қағидалары,
тәуелсіз сарапшылардың
бірыңғай тізілімге енгізу және
одан алып тастау
негіздері

Тәуелсіз сарапшылардың тізілімі

тәуелсіз сарапшының ТАӘ ( ол бар болса)

тәуелсіз сарапшының мамандығы

тәуелсіз сарапшының жұмыс орны

денсаулық сақтау субъектісі

тізілімге енгізу күні

ескертпе





























  2-қосымша
Тәуелсіз сарапшылардың
тізілімін жүргізу қағидалары,
тәуелсіз сарапшылардың
бірыңғай тізілімге енгізу және
одан алып тастау
негіздері
___________________________
(мемлекеттік органның
толық атауы)
аты-жөні ____________________

Өтініш

      Тәуелсіз сарапшылар тізіліміне

      __________________________________________________________________________

                              (Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшы ретінде енгізуді сұраймын.

      Медициналық қызметтердің (көмектің) сапасына тәуелсіз сараптама жүргізу бойынша қызметтер көрсетуге үміткер жеке тұлға туралы мәліметтер:

      1. Жеке басын куәландыратын құжаттың деректері:

      __________________________________________________________________________

                        (құжаттың түрі, кім берді, қолданылу мерзімі)

      2. Жоғары медициналық білім туралы дипломның деректері:

      __________________________________________________________________________

      (дипломның нөмірі, сериясы, жоғары оқу орнының атауы, нострификациялау күні (бар болса)

      3. Жұмыс орны туралы деректер:

      __________________________________________________________________________

      4. Біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы деректер:

      __________________________________________________________________________

                  (курстардың тақырыбы, біліктілікті арттыру туралы құжаттың берілген күні)

      Қоса беріліп отырған құжаттар:

      1.

      2.

      " "_____________ _____ жыл                               қолы____________