Профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № ҚР ДСМ-146/2020 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 23 қазанда № 21485 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Кодексі 85-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Цой

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2020 жылғы 21 қазаны
№ ҚР ДСМ-146/2020
Бұйрыққа қосымша

Профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесі

      1. Вакциналардың барлық түрлеріне жалпы тұрақты қарсы көрсетілімдер:

      1) осы вакцинаны бұрын салғаннан кейін 48 сағат ішінде пайда болатын қатты реакция (дене қызуының Цельсий бойынша 40 градусқа дейін және оданда жоғары көтерілуі, әдеттегіден өзгеше, ұзақ, үш және одан да көп сағат қатты жылау синдромы, фебрильді немесе афебрильді тырысулар, гипотоникаялық-гипореактивті синдром);

      2) вакцинаның алдыңғы дозасын енгізгеннен кейін немесе вакцинаның кез келген компонентіне ауыр аллергиялық реакция (оның ішінде анафилаксия). Энцефалопатия (кома, сананың бәсеңдеуі немесе ұзаққа созылған құрысулар) вакцинациядан кейін 7 күнтізбелік күн ішінде дамыған, өзге дәлелденген себепке байланысты емес.

      2. Тірі вакциналарды пайдалануға тұрақты қарсы көрсетілімдер:

      1) иммун тапшылығы дәрежесіне қарамастан, адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруды қоса алғанда, иммун тапшылығы аурулары;

      2) қатерлі қан ауруларын қоса алғандағы қатерлі ісік;

      3) жүктілік.

      3. Жалпы вакциналардың барлық түрлеріне уақытша қарсы көрсетілімдер:

      1) орталық жүйке жүйесінің жедел аурулары (менингит, энцефалит, менингоэнцефалит) – вакцинация толық сауыққаннан кейін бір айға дейін кешіктіріледі;

      2) жіті гломерулонефрит – вакцинациялау сауыққан соң 6 айға дейін кейінге қалдырылады, нефротиялық синдром – вакцинациялау кортикостероидтермен емделу аяқталғанға дейін кейінге қалдырылады;

      3) температураға байланыссыз ауырлығы орта және ауыр дәрежедегі жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурулар - вакцинациялау сауыққаннан кейін 2-4 аптадан соң рұқсат етіледі;

      4) әртүрлі патология кезінде стероидтерді, сондай-ақ иммундық-супрессивті қасиеттерге ие басқа да препараттарды қолдану. Лейкоздар, мүшелер мен тіндерді трансплантациялаудан кейінгі жағдайлар, апластикалық анемия, иммундық тромбоцитопения және бірқатар вакциналарды қоспағанда (тұмауға, В гепатитіне, пневмококкқа қарсы) қолдануды бейінді мамандардың (гематолог, иммунолог немесе басқалар) қорытындысынан кейін көрсетілген басқа да қан аурулары бар пациенттерді құрайды;

      5) созылмалы аурулардың өршуі және асқынуы-вакцинация кейінге қалдырылады және тұрақты ремиссия кезеңінде емдеуден кейін жүргізіледі;

      6) үдемелі немесе тұрақсыз неврологиялық бұзылулар, бақыланбайтын құрысулар немесе үдемелі энцефалопатия – вакцинация емдеу аяқталғанға дейін және жағдай толық тұрақтанғанға дейін кейінге қалдырылады.

      4. Вакциналардың жекелеген түрлеріне қосымша қарсы көрсетілімдер:

      1) туберкулезге қарсы вакцинаға (БЦЖ), оның ішінде:

      тұрақты қарсы көрсеткіштер –

      БЦЖ вакцинасын бұрын салғаннан кейін пайда болатын вакцинадан кейінгі кезеңнің асқынып өтуі;

      туберкулездің микобактерияларын жұқтыру, анамнезінде туберкулездің болуы;

      уақытша қарсы көрсеткіштер –

      шала туғандық (сәби денесінің салмағы 2000 граммнан кем немесе 33 аптадан кем гестациялық жас);

      алғашқы дәрежелі туыстық тұлғаларда анықталған БЦЖ вакцинациясынан кейінгі жайылған инфекция (тұқым қуалайтын иммун тапшылығы жойылсын);

      жаңа туған нәрестелердің гемолитикалық ауруы (орташа ауыр және ауыр түрлері);

      құрсақішілік инфекция;

      жаңа туған нәрестелердің сепсисі;

      оң немесе күмәнді Манту реакциясы.

      БЦЖ вакцинациясы күнтізбелік мерзімде егілмеген және вакцинациядан кейінгі белгісі дамымаған балаларға иммун тапшылығы оның ішінде АИТВ жұқтырғаны туралы қорытынды жасалғанға дейін жүргізілмейді.

      2) тірі ауыз арқылы полиомиелитті вакцинаға (бұдан әрі - МЗЖ) тұрақты қарсы көрсеткіштер:

      вакцинациядан кейін 30 күн ішінде АПВ бұрынғы дозасын салғанда параличтің немесе парездің дамуы;

      жұлындық бұлшықет атрофиясы;

      иммун тапшылығы дәрежесіне қарамастан адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауру

      Осы жағдайларда вакцинациялау белсенділігі жойылған полиомиелиттік вакцинамен (бұдан әрі – БПВ) жүргізілуі мүмкін.

      3) БПВ-ға тұрақты қарсы көрсетілімдер:

      вакциналарды өндіруде қолданылатын неомицинге немесе стрептомицинге шұғыл аллергиялық реакциялар;

      4) жасушасыз көкжөтел компоненті бар көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы адсорбцияланған вакцинаға (бұдан әрі – АбКДС) және құрамында АбКДС бар (бұдан әрі – құрамында АбКДС бар вакцина) құрамдастырылған вакциналарға тұрақты қарсы көрсеткіштер:

      вакцина өндірісінде қолданылатын вакцина ингредиенттеріне (глютаральдегид, неомицин, стрептомицин, полимиксин В) расталған жүйелік реакциялар;

      5) құрамында сіреспе анатоксині бар вакцинаға (АДС-М, АС) тұрақты қарсы көрсетілім:

      сіреспе анатоксині бар вакцинаны алдыңғы енгізгеннен кейін алты апта ішінде дамыған Гийен-Барре синдромы;

      6) құрамында аттенуирленген тірі вирустар бар вакциналарға тұрақты қарсы көрсетілімдер:

      тауық жұмыртқасының ақуызына анафилактикалық реакциялар (егер вакцина вирустары тауық эмбриондарында өсірілсе), аминогликозидтер, неомицин және вакциналар өндірісінде қолданылатын басқа антибиотиктер;

      7) тауық эмбриондарында алынған тұмауға қарсы вакцинаға тұрақты қарсы көрсетілімдер:

      тауық жұмыртқасының ақуызына аллергиялық реакциялар, штамдарды өсіруге арналған орта компоненттері (ақуыздар, антибиотиктер және басқа заттар);

      8) жеке рекомбинантты иммуногендері бар В вирустық гепатитіне қарсы вакцинаға және басқа рекомбинантты немесе кешенді вакциналарға:

      тұрақты қарсы көрсеткіштер-вакцина өндірісінде қолданылатын ашытқы тәрізді саңырауқұлақтардың, бактериялардың немесе басқа жасушалардың компоненттеріне шұғыл аллергиялық реакциялар;

      уақытша қарсы көрсетілім-шала туылу, туған кездегі дене салмағы 2000 грамнан кем.