Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және орталық депозитарий үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 12 қазандағы № 96 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 қазанда № 21433 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және орталық депозитарий үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2020 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      2020 жылғы "___" "_____________"

  Бекітілді

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және орталық депозитарий үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және орталық депозитарий үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң), "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңдарына (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы заң), "Орталық депозитарийге арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 318 қаулысына (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 14 қаңтарда № 18180 болып тіркелген), "Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым үшін тәуекелдерді басқару жүйесінің болуы жөніндегі талаптарды бекіту және Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 276 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7993 болып тіркелген), сондай-ақ "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 214 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8796 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.

      Талаптар Ұлттық пошта операторын және қор биржасын қоспағанда, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларына және орталық депозитарийге (бұдан әрі – ұйымдар) қолданылады.

      2. Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және Бағалы қағаздар нарығы туралы заңда көрсетілген мағыналарда пайдаланылады.

      Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес міндетті зерделеленуге тиіс операциясы (мәмілесі);

      2) қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) – ұйымды қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмдi қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері;

      3) КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару – ұйымның қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін анықтау, бағалау, оларды мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шараларының жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жүргізетін операцияларға қатысты);

      4) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;

      5) шот – ұйым мен клиент арасындағы, ақшаны, бағалы қағаздарды және өзге қаржы құралдарын қоса алғанда, ұйымның клиент активтерін есепке алуды жүзеге асыруы көзделетін іскерлік қатынастарды көрсету тәртібі;

      6) іскерлік қатынастар – ұйымның клиентке бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметке қатысты қызметтер (өнімдер) ұсынуы бойынша қатынастар.

      3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) қарсы іс-қимыл мақсатында ұйым ішкі бақылауды:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауды қамтамасыз ету;

      2) ұйымның ішкі бақылау жүйесінің КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) ұйымды, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      4. Ұйымдар КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде ұйымның ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидаларын әзірлейді.

      Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, ұйым оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар ұйымның ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.

2-тарау. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы

      5. Ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, ұйымда жоғары білімі, ұйымда кемінде бір жыл жұмыс өтілі не КЖ/ТҚҚ саласында кемінде екі жыл жұмыс өтілі, не қаржы қызметтерін ұсыну және (немесе) реттеу саласында кемінде үш жыл жұмыс өтілі және бағалы қағаздар нарығы туралы Заңға сәйкес мінсіз іскерлік беделі бар, ұйымдағы ішкі бақылау қағидаларының сақталуын мониторингтеуді жүзеге асыруға жауапты лауазымды тұлға (бұдан әрі - жауапты қызметкер) тағайындалады, сондай-ақ құзыретіне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін ұйымның қызметкерлері не бөлімшесі (бұдан әрі - КЖ/ТҚҚ) айқындалады.

      6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты тұлғалар мен ұйымдардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) нысаналы қаржы санкцияларын қолдану және клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі);

      3) Тізбеден клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді алып тастаған кезде нысаналы қаржы санкцияларын қолдануды тоқтату тәртібі;

      4) ұйым қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, ұйымның басқару және атқарушы органдарының өздеріне белгілі болған, ұйым қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;

      5) ұйымды бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сипаттау (бар болса);

      6) ұйымның ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқару есептілігін дайындау және ұйымның басқару және атқарушы органдарына ұсыну тәртібі.

      7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функцияларына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) әзірленген және ұйымның атқарушы органымен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ ұйымда олардың сақталуын мониторингтеуді қамтамасыз ету;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес уәкілетті органға хабарламалар ұсыну және олардың ұсынылуына бақылау жасауды ұйымдастыру;

      3) анықталған, Тізбеде тұрған клиенттер және нысаналы қаржы санкцияларын қолдану жөнінде қабылданған шаралар туралы ұйымның басқару және (немесе) атқарушы органына хабарлау;

      4) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын жүргізуді тоқтата тұру не одан бас тарту туралы шешімдер қабылдау не ұйымның басқару және (немесе) атқарушы органымен келісу;

      6) ұйымның басқару және (немесе) атқарушы органына КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) ұйымның ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастар орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін сұратулар жіберу;

      7) ұйымның уәкілетті органдарын және лауазымды тұлғаларын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен хабардар ету;

      8) ұйымның басқару органының есептерін қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және тәуекелдері басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөніндегі ұсынылып отырған шаралар туралы ақпаратты дайындау және ұйымның басқару және (немесе) атқарушы органымен келісу.

      8. Жауапты қызметкерге және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлеріне жүктелген функцияларды орындау үшін мынадай:

      1) өз функцияларын толық көлемде және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте ұйымның барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алу;

      2) ұйымның бөлімшелеріне операциялар жүргізуге қатысты нұсқаулар беру;

      3) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз ету;

      4) ұйымның бөлімшелерінен алынатын құжаттар мен файлдардың сақталуын қамтамасыз ету өкілеттіктері беріледі, бірақ олармен шектелмейді.

      9. Ұйымның филиалдарында Талаптардың 7 және 8-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толығымен немесе ішінара жүктелген қызметкерлер бар болса, осындай қызметкерлердің қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.

      10. Жауапты қызметкердің, сондай-ақ ұйымның Талаптардың 7-тармағында көзделген функциялар жүктелген қызметкерлерінің функциялары ішкі аудит қызметінің функцияларымен, сондай-ақ ұйымның бизнес-бөлімшелері жүзеге асыратын функцияларымен қоса атқарылмайды.

      11. Ұйым ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында ұйымның ішкі бақылау талаптарына сәйкес келетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады.

3-тарау. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы

      12. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында ұйым КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару (тәуекелдерді бағалау) бағдарламасын әзірлейді.

      13. Ұйым КЖ/ТҚ тәуекелдерді басқару бағдарламасын іске асыру кезінде КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.

      14. КЖ/ТҚ тәуекелдерді басқару бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) ұйымның құрылымдық бөлімшелеріне қатысты КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру тәртібі;

      2) тәуекелдердің негізгі санаттарын (клиенттердің типі бойынша, елдік (географиялық) тәуекелді және көрсетілетін қызмет/өнімдер тәуекелі) ескере отырып, мыналарға:

      клиенттің тәуекел деңгейіне;

      ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне қатысты КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау әдістемесі;

      3) клиенттің тәуекелдеріне және ұйым қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне алдын алу іс-шараларының тізбесін, оларды жүргізу тәртібі мен мерзімін, қабылданған шараларға сәйкес нәтижелерді бақылауды көздейтін жүйелі мониторингтеуді, талдауды және бақылауды жүзеге асыру тәртібі;

      4) клиенттер тәуекелдерінің деңгейін тағайындау тәртібі, мерзімдері және қайта қарауға арналған негіздер.

      15. Ұйым жыл сайынғы негізде кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызмет және (немесе) оны ұсыну тәсілінің тәуекелін ескере отырып, ұйым қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.

      Ұйым қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау клиенттердің операцияларын сәйкестендіру және мониторингтеу рәсімдерін өзгертуді, операцияларды жүргізуге лимиттерді белгілеуді, қызметтерді (өнімдерді) ұсыну шарттарын өзгертуді, қызметтерді (өнімдерді) ұсынудан бас тартуды қоса алғанда, анықталған тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қатар жүреді.

      16. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің типтері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) шетелдік жария лауазымды тұлғалар, олардың жақын туыстары және өкілдері;

      2) шетелдік қаржы ұйымдары;

      3) қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      қызметінің ерекше түрі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар;

      айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын ұйымдар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      микроқаржы ұйымдары;

      ломбард ретінде тіркелген заңды тұлғалар;

      тұтынушылардан қолма-қол ақшаны, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы қабылдауды жүзеге асыратын қызметтерді (қаржылық қызметтен басқа) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірілген өкілдері);

      ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде онлайн-казино қызметін көрсететін не одан кіріс алатын тұлғалар;

      туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымына байланысты өзге де қызметтерді ұсынатын тұлғалар;

      4) қаржы лизингі бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      5) кредиттік серіктестіктер;

      6) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      7) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;

      8) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;

      9) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;

      10) Талаптардың 18-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері.

      17. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін төмендететін клиенттердің типтері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ оларды бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      2) мемлекеттік мекемелердің немесе мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдинг не дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар;

      3) екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының резиденттері – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, Қазақстан Республикасының резиденттері - бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары.

      18. Ұйым осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерде қызмет жүргізуге, осындай шет мемлекеттерден клиенттерге қызмет көрсетуге, осындай шет мемлекеттердің қатысуымен операцияларды жүзеге асыруға байланысты елдік (географиялық) тәуекелді бағалауды жүзеге асырады.

      Операциялары КЖ/ТҚ тәуекелін ұлғайтатын шет мемлекеттер:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар;

      2) Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);

      3) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметінің және бағалы қағаздар нарығындағы қызметтің өзге де лицензияланатын түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлардың қызметінің және бағалы қағаздар рыногы ұйымдарының қызметінің мақсаттары үшін оффшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" 2002 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысымен бекітілген оффшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар) (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген);

      4) ұйым басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзит деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер және басқалар) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар) болып табылады.

      19. Ұйымның КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын қызметтері (өнімдері, операциялары), сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) дербес компьютерлер, телефондар, электрондық терминалдар арқылы қызмет көрсетуді қоса алғанда, клиенттерге қашықтықтан қызмет көрсету;

      2) халықаралық нарықтарда дербес брокерлік қызмет көрсету;

      3) активтерді сенімгерлік басқару;

      4) номиналды ұстаушыдағы қаржы ұйымдарының, инвестициялық пай қорларының шоттары;

      5) кастодиандардың, брокерлердің орталық депозитарийдегі шоттары;

      6) шетелдік қаржы ұйымдарының ұйымдағы шоттары;

      7) ұйымның ішкі бақылау ережелерінде айқындалатын қолданыстағы, сондай-ақ енгізілетін өнімдер үшін жаңа және дамушы технологияларды пайдалана отырып, ақпарат беру тетіктерін қамтитын жаңа өнімдер және іскерлік тәжірибелер.

      20. Ұйым қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін Талаптардың 16, 17, 18 және 19-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің факторларына сәйкес бағалау кезінде ұйым тәуекелдің жиынтық дәрежесіне ықпал ететін мыналар кіретін, бірақ олармен шектелмейтін қосымша мәліметтерді ескереді:

      1) ұйым уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны;

      2) ұйымның уәкілетті органға клиенттердің шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.

      21. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру аясында ұйым Талаптардың 16, 17, 18 және 19-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттары мен факторларын, сондай-ақ ұйым белгілейтін өзге де санаттар мен факторларды ескерумен клиенттерді жіктеу бойынша шаралар қабылдайды.

      Ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін ұйымның қолында бар клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпараттардың талдауының нәтижелері бойынша белгілейді және ұйым әзірлеген тәуекел деңгейін айқындаудың кемінде екі деңгейден тұратын шкаласы бойынша бағалайды.

      Ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.

      22 Талаптардың 16, 17, 18 және 19-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттары мен факторларын пайдаланумен тәуекелді бағалау операциялар (іскерлік қатынастар) мониторингі нәтижелерінің негізінде клиенттерге (клиенттер тобына) қатысты жүргізіледі.

      Ұйым оларға қатысты тәуекелдерді бағалау бұрын жүргізілмеген және (немесе) олармен іскерлік қатынастар бұрын орнатылмаған клиенттер (клиенттер тобы) бойынша іскерлік қатынастар бұрын орнатылғанға дейін алынған деректердің негізінде бастапқы тәуекелді бағалау жүргізеді.

4-тарау. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы

      23. КЖ/ТҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында ұйым клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және дәйектілігін тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ Талаптарда көзделген клиент (оның өкілі) туралы өзге де мәліметтерді алу және тіркеу бойынша іс-шаралар өткізу болып табылады.

      Клиент тәуекелінің деңгейіне байланысты ұйым жүргізетін іс-шаралар дәрежесі КЖ/ТҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің жеңілдетілген не күшейтілген шараларын қолданудан көрінеді.

      24. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 6-бабының талаптарын ескере отырып, ұйым іскерлік қатынастар орнатылғанға дейін клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру жүргізеді.

      25. Талаптардың 23-тармағына сәйкес алынған мәліметтерді ұйым клиенттің досьесіне енгізеді, ол клиентпен іскерлік қарым-қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және олар аяқталғаннан күннен бастап жасағаннан кейін кем дегенде бес жыл ұйымда сақталады.

      Ұйым ішкі құжаттарға сәйкес олар бойынша досье жүргізетін клиенттер тобына мыналар:

      1) жеке тұлғалар;

      2) заңды тұлғалар;

      3) шетелдік қаржы ұйымдары кіреді, бірақ олармен шектелмейді.

      26. Клиент қолма-қол ақшасыз төлем немесе ақша аударымын жүзеге асырған не оның пайдасына қолма-қол ақшасыз төлем немесе ақша аударымы түскен кезде орталық депозитарий төлем құжатында немесе КЖ/ТҚ туралы заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген клиент туралы мәліметтердің болуын және қаржы ұйымына және төлем (аударым) қатысушысына ақшаның берілуін бақылайды.

      27. Клиентті сәйкестендіру процесінде (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында ұйым Тізбеде осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) болуын тексеру жүргізеді.

      Клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) көрсетілген тізбелерде болуын (тізбелерге енгізілуін) тексеру клиент тәуекелінің дәрежесіне байланысты болмайды және тізбелерге өзгерістер енгізілуіне (тізбелердің жаңартылуына) қарай жүзеге асырылады.

      Шетелдіктерге, ұйымда шет мемлекеті азаматтығының болуы туралы мәліметтер болған өзге де адамдарға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға қатысты ұйым клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында мұндай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) шетелдік жария лауазымды адамға жататынын тексереді.

      Көші-қон карточкалары туралы мәліметтерді Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты алу талап етілмейді.

      28. Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың шынайы болуы тұрғысынан тексеріледі.

      29. Клиентті сәйкестендіру бағдарламасына мыналар:

      1) іскерлік қатынастар орнату және (немесе) операциялар жүргізуге, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату тәртібін және олардан бас тарту негіздемелерін қоса алғанда, қызмет көрсетуге клиенттер қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиенттерді тиісінше тексерудің жеңілдетілген және күшейтілген шаралары рәсімдерінің ерекшеліктері;

      3) ұйым қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылданатын жеке тұлғалардың арасынан шетелдік жария лауазымды адамдарды анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      4) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде болуын тексеру тәртібі;

      5) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;

      6) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін КЖ/ТҚК бойынша топтық талаптарды (бар болса) орындау шеңберінде сәйкестендіру барысында алынған мәліметтермен алмасу ерекшеліктері;

      7) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтерді алу мақсатында басқа ұйымдармен өзара іс-әрекеттесу ерекшеліктері;

      8) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;

      9) клиенттің досье жүргізу, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартудың нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптар;

      10) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері кіреді, бірақ олармен шектелмейді.

5-тарау. Клиенттер операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы

      30. Клиентті тиісінше тексеру, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды анықтау және оларды уәкілетті органға жолдау бойынша КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында ұйым клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.

      31. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы шеңберінде ұйым клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) алу бойынша, cондай-ақ клиенттердің операцияларын зерделеу және шекті, әдеттегіден тыс және күдікті операцияларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.

      Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу нәтижелерін ұйым қор қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттердің тәуекел деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.

      Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 25-тармағында көзделген клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) ұйымда клиентпен іскерлік қарым-қатынастардың барлық кезеңі ішінде және олар аяқталған күннен бастап кемінде бес жыл бойы сақталады.

      32. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді жаңарту кезеңділігін және (немесе) алу қажеттілігін ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын ұйымның көрсететін қызметінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып, белгілейді.

      Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      Клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) Тізбеде болуын тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және аталған тізбеге өзгерістер енгізілуіне (тізбенің жаңартылуы) қарай жүзеге асырылады.

      33. Клиент операцияларын зерделеу дәрежесін ұйым клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын ұйымның көрсететін қызметінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып, сондай-ақ ұйымда бар КЖ/ТҚ сценарийлерін (схемаларын) және (немесе) әдеттегіден тыс және күдікті операциялар белгілерін ескере отырып айқындайды.

      Ұйым клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда белгілі бір кезең ішінде клиент жүргізетін (жүргізген) операцияларды зерделейді.

      34. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері негізінде жасалған әдеттегіден тыс және күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;

      2) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) арасында Талаптардың 21, 31 және 32-тармақтарында көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу жөніндегі міндеттерді бөлуді;

      3) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) арасында шекті, әдеттегіден тыс және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру жөніндегі міндеттерді бөлуді;

      4) жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерінің клиент операциясының түрі туралы шешімді қабылдау тәртібін, негізін және мерзімін;

      5) әдеттегіден тыс операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу әдістері) және сақтау тәртібін;

      6) клиент әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүйелі және (немесе) елеулі көлемде жүзеге асырған жағдайда, клиент пен оның операцияларына қатысты ұйым қабылдайтын шараларды қабылдау тәртібін және сипаттауды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді.

      35. Операцияны шекті ретінде саралаудың заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттегіден тыс немесе күдікті операция анықталған жағдайда, көрсетілген операцияны анықтаған ұйым қызметкері осындай операция туралы хабарламаны КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімшеге ұйымның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде жібереді.

      Бір хабарламада бірнеше операция туралы ақпараттың болуына жол беріледі.

      Ұйым осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламаны, сондай-ақ оларды зерделеудің нәтижелерін клиентпен іскерлік қарым-қатынастарды тоқтатқан күннен бастап кемінде бес жыл сақтайды.

6-тарау. Ұйым қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы

      36. Ұйым қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты - ұйым қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және өзге де ішкі құжаттардың талаптарын орындау үшін қажет білім мен дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

      37. Ұйымның Оқыту бағдарламасына:

      1) оқыту тақырыптарын, өткізу әдістерін, мерзімдерін және оқыту өткізуге жауапты бөлімшені қамтитын қызметкерлерді оқыту тәртібі;

      2) қызметкерлері оқытудан өтетін ұйым бөлімшелерінің тізбесі;

      3) оқыту нәтижелерін сақтау тәртібі мен нысандары;

      4) қызметкерлерді КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша білімдерін тексеру тәртібі мен нысандары кіреді.

      38. Оқытуды өткізу нысандары мен кезеңділігін ұйым уәкілетті орган бекіткен талаптарды ескере отырып, КЖ/ТТҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес белгілейді.