Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қор биржасы үшін қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 12 қазандағы № 98 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 14 қазанда № 21424 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 3-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қор биржасы үшін қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2020 жылғы 15 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялауға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      2020 жылғы "___" "_____________"

  Бекітілген

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қор биржасы үшін қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қор биржасы үшін қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы заң) және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) және "Қор биржасы үшін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 252 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12999 болып тіркелген) сәйкес әзірленді.

      2. Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және Бағалы қағаздар рыногы туралы заңда көрсетілген мағыналарында пайдаланылады.

      Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті мемлекеттік орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ қор биржасы дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);

      2) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) – қор биржасын қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері;

      3) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқару (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару) – қор биржасының КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы (өнімдерге/қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жасайтын операцияларға қатысты);

      4) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;

      5) іскерлік қатынастар – қор биржасының оның кәсіби қызметі шеңберінде қызметтер ұсынуы бойынша қатынастар.

      3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) мақсатында қор биржасы ішкі бақылауды:

      1) қор биржасының КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;

      2) қор биржасының ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел, құқықтық) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) қор биржасын, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      4. Қор биржасында КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде қор биржасының ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.

      Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, қор биржасы оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар қор биржасының ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.

2-тарау. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы

      5. Қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен қор биржасында қор биржасындағы ішкі бақылау қағидаларының сақталуын мониторингтеуді жүзеге асыруға жауапты, жоғары білімі, биржалық және (немесе) банк операцияларын жүзеге асыруға байланысты қор биржасы бөлімшесінің басшысы лауазымындағы жұмыс өтілі кемінде бір жыл не КЖ/ТҚҚ саласындағы жұмыс өтілі кемінде екі жыл, не қаржылық қызметтерді көрсету және (немесе) реттеу саласындағы жұмыс өтілі кемінде үш жыл және Бағалы қағаздар рыногы туралы заңға сәйкес мінсіз іскерлік беделі бар лауазымды тұлға (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады.

      6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;

      3) Тізбеден клиент туралы мәліметтерді алып тастаған кезде нысаналы қаржы санкцияларын қолдануды тоқтату тәртібі;

      4) қор биржасы қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, қор биржасының басқару органының және (немесе) атқарушы органының өздеріне белгілі болған, қор биржасының қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;

      5) қор биржасының ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқару есептілігін дайындау және қор биржасының басқару органына және (немесе) атқарушы органына ұсыну тәртібі.

      7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің функциялары мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) қор биржасында әзірленген және қор биржасының атқарушы органымен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ ұйымда олардың сақталуын мониторингтеуді қамтамасыз ету;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес уәкілетті органға хабарламалар ұсынуды және олардың ұсынылуына бақылауды ұйымдастыру;

      3) анықталған клиенттер және нысаналы қаржы санкцияларын қолдану жөнінде қабылданған шаралар туралы қор биржасының басқару органын және (немесе) атқарушы органын хабардар ету;

      4) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және қор биржасының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға хабарламаларды жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операциялар жүргізуін тоқтата тұру не бас тарту туралы шешімдер қабылдау;

      6) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және қор биржасының ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастарды орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін қор биржасының басқару органына және (немесе) атқарушы органына сұратулар жіберу;

      7) қор биржасының басқару органын және (немесе) атқарушы органын қор биржасының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы хабардар ету;

      8) қор биржасының басқару органына және (немесе) атқарушы органына есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөніндегі ұсынылатын шаралар туралы ақпарат дайындау.

      8. Жүктелген функцияларды орындау үшін жауапты қызметкерге, төмендегілерді қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, мынадай өкілеттіктер беріледі:

      1) өз функцияларын толық көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте және қор биржасының ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қор биржасының барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға рұқсат алу;

      2) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз ету;

      3) қор биржасы бөлімшелерінен алынатын құжаттар мен файлдардың сақталуын қамтамасыз ету.

      9. Жауапты қызметкердің функциялары ішкі аудит қызметі жүзеге асыратын функциялармен, сондай-ақ қор биржасы бөлімшелерінің биржалық және (немесе) банк операцияларын жүзеге асырумен байланысты жүзеге асыратын функцияларымен сәйкес келмейді.

      10. Қор биржасы КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін қор биржасының ішкі бақылау қағидаларының талаптарына сәйкес келетін автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады.

3-тарау. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы

      11. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында қор биржасы КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.

      12. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру кезінде қор биржасы КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерінің есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.

      13. Қор биржасы жыл сайынғы негізде қор биржасы қызметтерінің ең кем дегенде тәуекелдердің мынадай арнайы санаттарын ескере отырып, КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін бағалауды жүзеге асырады: клиенттердің типіне қарай тәуекел, ел (географиялық) тәуекелі, көрсетілетін қызметтің және (немесе) оны көрсету тәсілінің тәуекелі.

      Қор биржасы қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін бағалау клиенттердің операцияларын бірегейлендіру рәсімдерін және мониторингін өзгертуді, қандай да бір операцияларды жүргізуге лимиттерді белгілеуді, қызмет көрсету талаптарын өзгертуді, қызмет көрсетуден бас тартуды қоса алғанда, анықталған тәуекелдерді барынша азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қатар жүреді.

      14. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелінен асып түсетін клиенттер типтері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) шетелдік қаржы ұйымдары;

      2) Талаптардың 16-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ осындай тұлғалардың Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдары мен өкілдіктері.

      15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін төмендететін клиенттер типтері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ оларды бақылауды мемлекеттік органдар жүзеге асыратын заңды тұлғалар, сондай-ақ оларды бақылауды мемлекеттік органдар жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      2) мемлекеттік мекемелердің немесе мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдинг не дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар;

      3) екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының резиденттері - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, Қазақстан Республикасының резиденттері - бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, сондай-ақ акциялары шет мемлекеттің қор биржасының ресми тізіміне енгізілген ұйымдар;

      4) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан не Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар.

      16. Қор биржасы осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерден келген клиенттерге қызмет көрсетумен, осындай шет мемлекеттердің қатысуымен ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды жүзеге асырумен байланысты ел (географиялық) тәуекелін бағалауды жүзеге асырады.

      КЖ/ТҚ тәуекелін жоғарылататын операциялар жүргізетіндер шет мемлекеттер болып табылады:

      1) уәкілетті орган КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес жасайтын Ақшаны жылыстатумен күрес жөніндегі қаржы шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті түрде орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      2) Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);

      3) "Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін офшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген) сәйкес оффшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      4) басқа факторлар (сыбайлас жемқорлық, есірткіні өндіру, айналымы және (немесе) транзиті деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмге қолдау көрсету туралы мәліметтер және басқалары) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелі бар ретінде қор биржасы айқындаған шет мемлекеттер (аумақтар).

      17. Қор биржасының КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын қызметтері, сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) дербес компьютерлер, телефондар, электрондық терминалдар арқылы қызмет көрсетуді қоса алғанда, клиенттерге қашықтан қызмет көрсету;

      2) шетелдік қаржы ұйымдарының банк шоттарын ашу;

      3) қолданыстағы, сондай-ақ енгізілетін өнімдер үшін жаңа және дамушы технологияларды пайдалана отырып, ақпарат беру тетіктерін қамтитын жаңа өнімдер және іскерлік тәжірибелер.

      18. Қор биржасы қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау кезінде Талаптардың 14, 15 және 16-тармақтарында көрсетілген тәуекелдер факторларына сәйкес мыналарды қамтитын, бірақ олармен шектелмей, қор биржасы тәуекелдің қорытынды дәрежесіне әсер ететін қосымша мәліметтерді ескереді:

      1) қор биржасының уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны;

      2) қор биржасының уәкілетті органға клиенттердің шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.

      19. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде қор биржасы Талаптардың 14, 15 және 16-тармақтарында көрсетілген санаттар мен тәуекелдер факторларын, сондай-ақ қор биржасы белгілейтін өзге де санаттар мен тәуекелдер факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу жөнінде шаралар қолданады.

      Қор биржасы клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қор биржасында бар клиент (клиенттер) туралы мәліметтерді талдаудың нәтижелері бойынша белгілейді және қор биржасы әзірлеген тәуекел деңгейін айқындаудың кемінде екі деңгейінен тұратын шкаласы бойынша бағалайды.

      Қор биржасы клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.

4-тарау. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы

      20. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында қор биржасы клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру қор биржасының клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және дәйектілігін тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу іскерлік қатынастардың болжанатын мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы Талаптарда көзделген мәліметтерді алу және тіркеу болып табылады.

      Клиент тәуекелінің деңгейіне байланысты қор биржасы жүргізетін іс-шаралар дәрежесі КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің оңайлатылған не күшейтілген шараларын қолданудан көрінеді.

      21. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 6-бабының талаптарын ескере отырып, қор биржасы іскерлік қатынастар орнатылғанға дейін клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру жүргізеді.

      22. Талаптардың 21-тармағына сәйкес алынған мәліметтерді қор биржасы клиенттің досьесіне енгізеді, ол клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және олар аяқталғаннан күннен бастап жасағаннан кейін кем дегенде бес жыл қор биржасында сақталады.

      23. Клиент ақша аударымын жүзеге асырған не оның пайдасына қолма-қол ақшасыз төлем немесе ақша аударымы келіп түскен кезде қор биржасы төлем құжатында КЖ/ТҚҚ туралы заңның 7-бабы 2-тармағында көзделген клиент туралы мәліметтердің болуын, сондай-ақ оларды төлемге, ақша аударымына қатысушы қаржы ұйымына берілуін бақылайды.

      24. Клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында қор биржасы Тізбеде осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) болуына тексеру жүргізеді.

      Шетелдіктерге, қор биржасында шет мемлекеті азаматтығының болуы туралы мәліметтер болған өзге де адамдарға, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдарға қатысты қор биржасы клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) шетелдік жария лауазымды адамға жататынын тексереді.

      25. Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың сенімді ақпарат көздерін пайдаланумен шынайы болуы тұрғысынан тексеріледі.

      26. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) іскерлік қатынастар белгілеуге және (немесе) операциялар жүргізуге, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтатуға арналған тәртіпті және негіздемелерді қоса алғанда, қызмет көрсетуге клиенттер қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде жеңілдетілген және тереңдетілген сәйкестендіру рәсімінің ерекшеліктері;

      3) шетелдік қаржы ұйымдарымен іскерлік қатынастар орнату кезінде сәйкестендіруді жүргізу ерекшеліктері;

      4) қор биржасының қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылданатын адамдар, сондай-ақ олардың бенефициарлық меншік иелерінің арасынан шетелдік жария лауазымды тұлғаларды анықтауына бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      5) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде болуын тексеру тәртібі;

      6) іскерлік қатынастарды қашықтан орнатқан кезде (клиенттің немесе оның өкілінің қатысуынсыз) клиентті сәйкестендіру ерекшеліктері (жеке клиенттің немесе оның өкілінің қатысуынсыз);

      7) басқа қаржы ұйымдарынан мәліметтер алу арқылы клиенттерді сәйкестендіру ерекшеліктері;

      8) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;

      9) клиенттің досье жүргізу, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартудың нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптар;

      10) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері.

5-тарау. Клиенттер операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы

      27. Клиентті тиісінше тексеру, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды анықтау және оларды уәкілетті органға жолдау бойынша КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында қор биржасы клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.

      28. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы шеңберінде қор биржасы клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу бойынша, cондай-ақ клиенттердің операцияларын зерделеу және шекті, әдеттегіден тыс және күдікті операцияларды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізеді.

      Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу нәтижелерін қор биржасы қор биржасы қызметтерінің КЖ/ТҚҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттердің тәуекел деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.

      Клиенттердің операциялары мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 22-тармағында көрсетілген клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі ішінде және олар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл бойы сақталады.

      29. Клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтерді жаңарту кезеңділігін және (немесе) алу қажеттілігін қор биржасы клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын қор биржасы қызметтерінің КЖ/ТҚҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып белгілейді.

      Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      Клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) Тізбеде болуын (Тізбеге енгізілуін) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге өзгерістер енгізілуіне (Тізбенің жаңартылуына) қарай жүзеге асырылады.

      30. Клиенттің операцияларын зерделеу дәрежесін қор биржасы клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын қор биржасы қызметтерінің КЖ/ТҚҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып, сондай-ақ қордағы КЖ/ТҚ сценарийлерді (схемаларды) және (немесе) әдеттегіден тыс және күдікті операциялардың белгілерін ескере отырып айқындайды.

      Қор биржасы клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда клиент белгілі уақыт кезеңінде жүргізіп отырған (жүргізген) операцияларды зерделейді.

      31. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері негізінде жасалған күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;

      2) қор биржасы бөлімшелері (қызметкерлері) арасында Талаптарың 19, 28 және 29-тармақтарында көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) пен бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу жөніндегі міндеттерді бөлу;

      3) қор биржасы бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында шекті, әдеттегіден тыс және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру жөніндегі міндеттерді беру;

      4) жауапты қызметкердің клиент операциясының түрін белгілеу туралы шешімді қабылдау тәртібі, негізі және мерзімі;

      5) әдеттегіден тыс операцияларды зерделеу нәтижелері жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар жөніндегі мәліметтерді (оның ішінде операциялар сомасы, төлем валютасы, клиенттің қарсы агенті туралы деректерді) тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) және сақтау тәртібі;

      6) клиент әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүйелі және (немесе) елеулі көлемде жүзеге асырған жағдайда, қор биржасы клиент пен оның операцияларына қатысты қабылданатын шараларды қабылдау тәртібі және сипаттау.

      32. Операцияны шекті ретінде саралаудың заңдылығы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттегіден тыс немесе күдікті операцияны анықтаған жағдайда, көрсетілген операцияны анықтаған қор биржасының қызметкері осындай операция туралы хабарламаны жауапты қызметкерге қор биржасының ішкі нормативтік құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде жібереді.

      Бір хабарламада бірнеше операция туралы ақпараттың болуына жол беріледі.

      Қор биржасы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламаны, сондай-ақ оларды зерделеудің нәтижелерін клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтатқан күннен бастап кемінде бес жыл сақтайды.

6-тарау. Қор биржасының қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойыншадаярлау және оқыту бағдарламасы

      33. Қор биржасының қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты - қор биржасының қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және өзге де ішкі нормативтік құжаттардың талаптарын орындау үшін қажет білім мен дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

      34. Оқыту бағдарламасына:

      1) оқыту тақырыптарын, өткізу әдістерін, мерзімдерін және оқыту өткізуге жауапты бөлімшені қамтитын қызметкерлерді оқыту тәртібі;

      2) қызметкерлері оқытудан өтетін қор биржасы бөлімшелерінің тізбесі;

      3) оқыту нәтижелерін сақтау тәртібі мен нысандары;

      4) қор биржасы қызметкерлерінің КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша білімдерін тексеру тәртібі мен нысандары кіреді.

      35. Оқытуды өткізу нысандары мен кезеңділігін қор биржасы уәкілетті орган КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес бекіткен талаптарды ескере отырып белгілейді.