"Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемдерін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 164 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы № 351 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 8 қазанда № 21377 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемдерін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 5 мамырдағы № 164 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16961 болып тіркелген, 2018 жылғы 8 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемдерін есептеу әдістемесінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемдерін есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 146-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде:

      1) ұңғыма объектілерін сынау кезінде;

      2) кен орнын сынамалап пайдалану кезінде;

      3) шикі газды технологиялық еріксіз жағу кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемдерін есептеуге арналған.";

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Шикі газды өндірудің* жалпы көлемі (VI) мұнай, газ-мұнай, мұнай-газ, мұнай-газ конденсатты және газ конденсатты мұнай кен орындары/ұңғымалары үшін мынадай формула бойынша есептеледі:

      VI = Qн × Гф, (1)

      мұндағы:

      VI – шикі газды өндіру* көлемі, м3;

      Qм – мұнайды жылдық немесе тәуліктік өндіру, т.;

      Гф – газ факторы (шикі газ көлемінің мұнай өндіру* көлеміне қатынасы, м3/т).

      Шикі газды өндірудің жалпы көлемі (VI) газ және газ конденсатты кен орындары/ұңғымалары үшін ұңғыма дебиттерінің жүргізілген өлшемдері негізінде анықталады және шикі газдың жылдық немесе тәуліктік өндірілуі ретінде көрсетіледі, м3.

      *Ескертпе:

      Мұнай және шикі газ өндіру көлемі жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) бекіткен және Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларын жүргізу үшін базалық жобалау құжатындағы немесе әзірлеуді талдаудағы немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжатындағы көрсеткіштерге сәйкес келеді.

      6. Жағылатын шикі газдың есептік көлемі (VII) шикі газөндірудің* жалпы көлемі мен пайдаланылатын/кәдеге жаратылатын шикі газдың көлемі, оның ішінде қайта өңделетін шикі газдың көлемі арасындағы айырма ретінде мынадай формула бойынша анықталады:

      VII = VI – (V1 + V2 + V3 + V4 + V5), (2)

      мұндағы:

      VII – жағылатын шикі газдың жалпы көлемі, м3;

      VI – шикі газөндірудің* жалпы көлемі, м3;

      (V1 + V2 + V3 + V4 + V5) – пайдаланылатын/кәдеге жаратылатын шикі газдың көлемі, м3, оның ішінде:

      V1 – өз технологиялық қажеттіліктеріне пайдаланатын шикі газдың көлемі (сағалық жылытқыштарда, жылыту пештерінде, қазандық және өзге де газды тұтынатын жабдықта пайдаланылатын газдың көлемі). Өз технологиялық қажеттіліктеріне пайдаланылатын шикі газдың есептік көлемі технологиялық жабдықтың техникалық сипаттамасына және оны пайдалану ұзақтығына сүйене отырып анықталады, м3;

      V2 – технологиялық ысыраптарға (шикі газды өндіру, жинау, сақтау, тасымалдау, дайындау және қайта өңдеу технологиялық процестері кезіндегі ысыраптар) арналған шикі газдың көлемі қолданылатын технологиялық жабдықтың техникалық сипаттамаларымен, паспорттарымен және жобалық құжаттамасымен анықталады, м3;

      V3 – электр энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын шикі газдың көлемі қолданылатын жабдықтың паспорттарына және техникалық сипаттамаларына сәйкес электр энергия бірлігіне шығарылған электр энергия мөлшеріне және меншікті газ шығынына сүйене отырып анықталады, м3;

      V4 – қабатқа қайта айдауға арналған шикі газдың көлемі, жабдықтың техникалық сипаттамаларын, паспорттарын және пайдалану ұзақтығын негізге ала отырып анықталады, м3;

      V5 – газды дайындау қондырғысында, газды кешенді дайындау қондырғысында, газ өңдеу қондырғысында немесе газ өңдеу зауытында газды дайындауға және (немесе) өңдеуге пайдаланылатын шикі газдың көлемі өткізілген тауарлық және сұйытылған газдардың, жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясының және (немесе) өзге де тауарлық өнім көлемдерін, бөгде ұйымға өткізілетін шикі газ көлемдерін, сондай-ақ қайта өңдеу, магистральдық газ құбырына дейін тасымалдау кезіндегі технологиялық ысыраптарды негізге ала отырып анықталады, м3.

      *Ескертпе:

      Шикі газ өндіру көлемі жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) бекіткен және Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларын жүргізу үшін базалық жобалау құжатындағы немесе әзірлеуді талдаудағы немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжатындағы көрсеткіштерге сәйкес келеді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Мұнай, газ-мұнай, мұнай-газ, мұнай-газ конденсатты және газ конденсатты мұнай ұңғымаларын сынау кезінде шикі газды жағу көлемдерінің нормативтерін есептеу (VIII) мына формула бойынша жүргізіледі:

      VIII = Д × Гф × Т, (3)

      мұндағы:

      VIII – ұңғыма объектілерін сынау кезінде шикі газды жағу көлемі, м3;

      Д – ұңғымалардың дебиті (бір тәулік ішінде мұнай өндіру* көлемі), т/тәул.;

      Гф – газ факторы* (шикі газ көлемінің мұнай өндіру* көлеміне қатынасы), м3/т;

      Т – ұңғыма объектілерін сынау күндерінің саны.

      Газ және газ конденсатты ұңғымаларды сынау кезінде шикі газды жағу көлемдерін есептеу (VIII) мына формула бойынша жүргізіледі:

      VIII = Д × Т, (4)

      мұндағы:

      VIII – ұңғыма объектілерін сынау кезінде шикі газды жағу көлемі, м3;

      Д – ұңғымалардың дебиті (бір тәулік ішінде шикі газды өндіру* көлемі), м3/тәул.;

      Т – ұңғыма объектілерін сынау күндерінің саны.

      *Ескертпе:

      Мұнайды өндіру көлемі және газ факторының мәні жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) бекіткен және Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларын жүргізу үшін базалық жобалау құжатындағы немесе әзірлеуді талдаудағы немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжатындағы көрсеткіштерге сәйкес келеді.

      Көрсетілген көрсеткіштер болмаған жағдайда, осыған дейін сыналған жер қойнауы учаскесіндегі ұңғымалар объектілерінің нақты көрсеткіштері қолданылады.

      Жер қойнауы учаскесіндегі ұңғымаларда осыған дейін сыналған объектілер болмаған жағдайда, жақын орналасқан ұңғымалардың нақты көрсеткіштері қолданылады.";

      мынадай мазмұндағы 10-1-тармақпен толықтырылсын:

      "10-1. Кен орнын сынамалап пайдалану кезінде өндірілетін газ көлемінің бөлігін қолдану (кәдеге жарату) кезінде шикі газды жағу нормативтері мен көлемі мынадай формула бойынша анықталады:

      VIV = Qсын.пайдалану – Qгазды к.ж. , (6-1)

      мұндағы :

      VIV – кен орнын сынамалап пайдалану кезінде шикі газды жағу нормативі мен көлемі, м3;

      Qсын.пайдалану – кен орнын сынамалап пайдалану кезінде шикі газдың өндіру көлемі, м3;

      Qсын.пайдалану = Q1 + Q2 + Q3 +...Qn, (6-2)

      мұндағы :

      Q1, 2, 3,...n – кен орнын сынамалап пайдалану кезінде қолданыстағы бір ұңғыманың шикі газды өндіру көлемі, м3;

      1, 2, 3,...n – қолданыстағы ұңғымалар.

      Qгазды к.ж. – қолданылатын/кәдеге жаратылатын газ көлемі, м3.

      Кен орнын сынамалап пайдалану кезінде қолданыстағы әрбір мұнай, газ-мұнай, мұнай-газ, мұнай-газ конденсатты және газ конденсатты мұнай ұңғымалары бойынша шикі газды өндіру көлемі мынадай формула бойынша анықталады:

      Q1, 2, 3,...n = Д × Гф × Т, (6-3)

      мұндағы:

      Q1, 2, 3,...n – кен орнын сынамалап пайдалану кезінде қолданыстағы бір ұңғыманың шикі газды өндіру көлемі, м3;

      1, 2, 3,...n – қолданыстағы ұңғымалар.

      Д – ұңғымалардың дебиті (бір тәулік ішінде шикі газды өндіру* көлемі), тәул/т.;

      Гф – газ факторы (шикі газ көлемінің мұнай өндіру* көлеміне қатынасы), м3/т;

      Т – ұңғыма объектілерін сынау кезеңі (күн саны).

      Кен орнын сынамалап пайдалану кезінде қолданыстағы әрбір газ және газ конденсатты ұңғымалары бойынша шикі газды өндіру көлемі мынадай формула бойынша анықталады:

      Q1, 2, 3,...n = Д × Т, (6-4)

      мұндағы:

      Q1, 2, 3,...n – кен орнын сынамалап пайдалану кезінде қолданыстағы бір ұңғыманың шикі газды өндіру көлемі, м3;

      1, 2, 3,...n – қолданыстағы ұңғымалар;

      Д – ұңғымалардың дебиті (бір тәулік ішінде шикі газды өндіру* көлемі), м3/тәул.;

      Т – ұңғыма объектілерін сынау кезеңі (күн саны).

      *Ескертпе:

      Мұнайды өндіру көлемі және газ факторының мәні жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) бекіткен және Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларын жүргізу үшін базалық жобалау құжатындағы немесе әзірлеуді талдаудағы немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжатындағы көрсеткіштерге сәйкес келеді.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Кен орнын сынамалап пайдалану кезінде мұнай, газ-мұнай, мұнай-газ, мұнай-газ конденсатты және газ конденсатты мұнай ұңғымаларында шикі газды жағу нормативі мен көлемі мынадай формула бойынша анықталады:

      Q1, 2, 3,...n = Д × Гф × Т, (7)

      мұндағы:

      Q1, 2, 3,...n – кен орнын сынамалап пайдалану кезінде қолданыстағы бір ұңғыманың шикі газды жағу нормативі мен көлемі, м3;

      1, 2, 3,...n – қолданыстағы ұңғымалар;

      Д –ұңғымалардың дебиті (бір тәулік ішінде мұнай өндіру* көлемі, т/тәул.);

      Гф – газ факторы* (шикі газ көлемінің мұнай өндіру* көлеміне қатынасы), м3/т;

      Т –сынамалап пайдалану кезеңі (күн саны).

      Кен орнын сынамалап пайдалану кезінде әрбір қолданыстағы газды және газ конденсатты ұңғыма бойынша шикі газды жағу нормативі мен көлемі мынадай формула бойынша анықталады:

      Q1, 2, 3,...n = Д × Т, (8)

      мұндағы:

      Q1, 2, 3,...n – кен орнын сынамалап пайдалану кезінде қолданыстағы бір ұңғыманың шикі газды жағу нормативі мен көлемі, м3;

      1, 2, 3,...n – қолданыстағы ұңғымалар;

      Д – ұңғымалардың дебиті (бір тәулік ішінде өндірілетін* шикі газдың көлемі), м3/тәул.;

      Т – сынамалап пайдалану кезеңі (күн саны).

      *Ескертпе:

      Мұнайды және шикі газды өндіру көлемі, сондай-ақ газ факторының мәні жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша оператор, сенімгерлік басқарушы) бекіткен және Кодексте көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларын жүргізу үшін базалық жобалау құжатындағы немесе әзірлеуді талдаудағы немесе Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін қолданыста болған Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау құжатындағы көрсеткіштерге сәйкес келеді.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Технологиялық жабдық, газ құбырының жеке учаскесі үшін (Qн.е.ж.) шикі газды есепті нормативтік жағу саны мынадай формула бойынша есептеледі:

      Qн.е.ж.= Vг.o. × К, (10)

      мұндағы:

      Qн.е.ж.– газ құбырының және технологиялық жабдықтың жекелеген учаскесі үшін шикі газды нормативтік есептік жағу саны, шикі газды технологиялық еріксіз жағудың әрбір түріне жеке есептеледі (V6, V7, V8, V9), м3;

      Vг.o. – шикі газбен толтырылатын технологиялық жабдықтың, газ құбырының жеке учаскесінің геометриялық көлемі,м3;

      К – газ көлемінің Р – газ қысымынан, Торт – орташа температурасынан, Z – сығылғыштық коэффициентінен тәуелділігін ескеретін жинақтаушы коэффициент (бұл көрсеткіштер газдың химиялық-физикалық құрамын негізге ала отырып, кен орындарын өңдеу, пайдалану туралы анықтама әдебиетінен алынады) және мынадай формула бойынша есептеледі:

      К = (P / Tорт) × Z, (11)";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Технологиялық жабдық жұмысындағы технологиялық іркілістер (V9, бұдан әрі – технологиялық іркілістер) істен шығулар мен ауытқулар, соның ішінде жабдықтың және басқару жүйесінің бұзылуы, шикізат және қамтамасыз ету құралдарын (су, ауа, отын газы, бу және электр энергиясы) жеткізудің тоқтатылуы, жұмыс параметрлерінің (қысым, деңгей, температура, шығын) асып кетуі (төмендеуі), жұмыс ортасының азаюы, газ және өрт хабарлағыштың ескертулері, тасымалдау компаниясымен* өнімдерді қабылдауда жоспарланған шектеулер кезінде (V9) шикі газды жағу көлемі мынадай формула бойынша есептеледі:

      V9 = VI × (Х1 + Х2)**, (12)

      мұндағы:

      V9 – технологиялық іркілістер кезінде шикі газды жағу көлемі, м3;

      VI – Әдістеменің 5-тармағына сәйкес есептелген, шикі газды өндіру көлемі, м3;

      Х1 = 1 × 10-4 – шикі газды өндіру, дайындау және (немесе) қайта өңдеу объектілері үшін технологиялық жабдықтарды пайдалану кезіндегі технологиялық іркілістер коэффициенті;**

      Х1 = 1 × 10-2 – қабат флюидіндегі күкіртті сутек 3,5 және одан жоғары пайызда болатын немесе аномальдық коэффиценті 1,5 және одан жоғары кенжатын жиынтығының қабаттық қысымы аномальдық жоғары болатын немесе бес мың метрден астам тереңдіктегі жатқан кен орындардың шикі газды өндіру, дайындау және (немесе) қайта өңдеу объектілері үшін технологиялық жабдықтарды пайдалану кезіндегі технологиялық іркілістер коэффициенті. Осы технологиялық іркілістер коэффициенті газ және газконденсаттық кен орындардың шикі газын өндіру, дайындау және (немесе) қайта өңдеу объектілері үшін технологиялық жабдықтарды пайдалануға қолданылмайды;**

      Х2 = 2 × 10-2 – іске қосу-баптау жұмыстары кезеңіндегі технологиялық іркілістер коэффициенті.

      Х2 коэффициенті – шикі газды, мұнайды, конденсатты өңдеуді жүзеге асыратын кешендер үшін іске қосу-баптау жұмыстары кезеңінде қолданылады.

      *Ескертпе:

      Тасымалдау компаниясымен өнімді қабылдауда жоспарланған шектеулер болған кезде шикі газды жағу нормативі мен көлемі тасымалдау компаниясымен берілген алдын ала жоспарлы жұмыстар графигі және тасымалдау компаниясымен өнімді қабылдаудағы нақты шектеулер жөніндегі статистикалық деректер жиынтығы негізінде қалыптастырылады.

      **Ескертпе:

      Технологиялық іркілістер кезіндегі шикі газды жағудың жиынтық көлемі іске қосу-баптау жұмыстары кезеңіндегі технологиялық іркілістер коэффициенті Х2 қолданумен есептелген технологиялық іркілістер кезіндегі шикі газды жағудың көлемінен аспайды.

      Жер қойнауын пайдаланушы өндірістік процесс сипаттамаларына сәйкес технологиялық іркілістер коэффициенттерінің мәндерін азайта алады.

      Технологиялық іркілістер кезінде әрбір жанып тұрған факел қондырғысында газды үздіксіз жағуға рұқсат етіледі:

      жер үстінде шикі газды өндіру, дайындау және (немесе) өңдеу объектілері үшін үздіксіз 24 сағаттан аспауы тиіс;

      теңізде өндіру объектілері үшін және теңізде өндіру объектілерімен байланысы бар жер үстінде шикі газды өндіру, дайындау және (немесе) қайта өңдеу объектілері үшін үздіксіз 48 сағаттан аспауы тиіс.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану салаларындағы мемлекеттік бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Н. Ногаев