"Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 63-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Цифрлық құжаттар сервисін қолдана отырып, электрондық құжаттарды қалыптастыру, тексеру және пайдалану қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің № 2020 жылғы 28 қыркүйегі № 352/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Цифрлық құжаттар сервисін қолдана отырып, электрондық құжаттарды қалыптастыру, тексеру және пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық құжаттар сервисін қолдана отырып, электрондық құжаттарды қалыптастыру, тексеру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 63-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және цифрлық құжаттар сервисін қолдана отырып, электрондық құжаттарды қалыптастыру, тексеру және пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) бір реттік пароль – электрондық нысанда көрсетілетін қызметтерді алушы субъектілерді сәйкестендірудің бір сеансы үшін ғана жарамды пароль;
2) дербес деректер субъектісі (бұдан әрі – субъект) – дербес деректер тиесілі жеке тұлға;
3) үшінші тұлға – субъект, меншік иесі және (немесе) оператор болып табылмайтын, бірақ дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау бойынша олармен (онымен) мән-жайлар немесе құқық қатынастары арқылы байланысты болатын тұлға;
4) цифрлық құжат - мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді және өзге де қызметтерді электрондық нысанда алу үшін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау кезінде цифрлық құжаттар сервисімен қалыптастырылатын қажетті электрондық құжат;
5) цифрлық құжаттар сервисі – операторға бекітілген және электрондық нысанда мемлекеттік қызметтерді және өзге де қызметтерді іске асыру мақсатында электрондық құжаттар мен құжаттардың электрондық көшірмелерін жасауға, сақтауға және пайдалануға арналған "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектісі;
6) электрондық құжат - ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған, түпнұсқа құжаттың түрі мен ақпаратын (деректерін) толық жаңғыртатын құжат;
7) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі;
8) "электрондық үкіметтің" мобильдік қосымшасы (бұдан әрі – мобильді қосымша) - ұялы байланыстың абоненттік құрылғысында орнатылған және іске қосылған және ұялы байланыс және Интернет арқылы электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер мен өзге де қызметтерге қол жеткізуді ұсынатын бағдарламалық өнім;
9) QR коды - матрицалық штрихкодтардың немесе екі өлшемді штрихкодтардың түрі.
Осы Қағидаларда пайдаланатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Цифрлық құжаттар сервисін қолдана отырып цифрлық құжаттарды қалыптастыру тәртібі
3. Цифрлық құжаттар сервисі "электрондық үкіметтің" мобильдік қосымшасының бір бөлігі болып табылады, оған қол жеткізу мобильді қосымшаның "Цифрлық құжаттар" бөлімі арқылы қамтамасыз етіледі.
4. Цифрлық құжаттар мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен интеграциялау жолымен алынған мәліметтері негізінде цифрлық құжаттар сервисінде қалыптастырылады.
5. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау жөніндегі іс-шаралар "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрінің м.а. 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығына сәйкес жүргізіледі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген).
6. Мобильді қосымшаны мемлекеттік органның немесе ұйымның тиісті жүйесімен интеграциялауды іске асырғаннан кейін цифрлық құжат мобильді қосымшаның "Цифрлық құжаттар" бөлімінде қолжетімді болады.
7. Цифрлық құжаттар сервисінде электрондық құжаттарды қалыптастыруға сұрау салу және сұрау салуды өңдеу нәтижелерін алу ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
8. Цифрлық құжаттар сервисінде қалыптастырылған цифрлық құжаттарға уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылады.
3-тарау. Цифрлық құжаттар сервисін қолдана отырып цифрлық құжаттарды тексеру және пайдалану тәртібі
9. Цифрлық құжаттар сервисінде қалыптастырылған цифрлық құжаттарға үшінші тұлғалардың қолжетімділігі пайдаланушының келісімімен жүзеге асырылады.
10. Цифрлық құжаттар сервисі мобильді қосымшада авторизацияланған пайдаланушылар үшін қол жетімді.
11. Субъект электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) немесе бір реттік парольді пайдалана отырып, мобильдік қосымшада авторландырудан өтеді, бұдан әрі "Цифрлық құжаттар" бөліміне өтеді және қажетті құжатты таңдайды.
12. Мобильдік қосымша электрондық ақпараттық ресурстарды сақтауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың сервистерін шақыру арқылы құжатты генерациялау үшін қажетті деректерді алады.
13. Алынған деректерді тексерудің сәтті нәтижесі болған жағдайда, цифрлық құжаттар қызметінде сұралған құжат көрсетіледі.
14. "Қолжетімділік ұсыну" функциясын пайдалану кезінде қорғалған QR коды қалыптастырылады, ол үшінші тұлғаларға құжатты қарауға уақытша немесе тұрақты қол жетімділікті қамтамасыз етеді.
Үшінші тұлға ЭЦҚ немесе бір реттік парольді пайдалана отырып, мобильді қосымшада ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының камерасы арқылы авторлана отырып, QR-кодты оқиды.
Құжаттарды қарау туралы белгі пайдаланушының және үшінші тұлғаның жеке кабинеттерінде "электрондық үкімет" веб-порталында тіркеледі.
15. Қол жеткізудің QR-кодын тексерудің сәтті нәтижесі болған жағдайда, мобильді қосымша мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың сервистерін шақыру арқылы цифрлық құжатты шығарады. Үшінші тұлғаның құжатты қарау мүмкіндігі бар.
16. Сондай-ақ үшінші тұлғалар цифрлық құжаттар сервисінен цифрлық құжаттарды "электрондық үкімет" веб-порталында тіркелген пайдаланушының ұялы байланысының абоненттік нөмірі арқылы бір реттік парольді беру жолымен немесе "электрондық үкімет" веб-порталының хабарламасына жауап ретінде қысқа мәтіндік хабарлама жіберу жолымен ұсынылған құжат иесінің келісімі болған жағдайда іске асырылған интеграция арқылы алады.
17. Субъектілер цифрлық құжаттарды цифрлық құжаттар сервисінен мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес пайдаланады.