Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 27 тамыздағы № 340 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 28 тамызда № 21140 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабының 41-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі А.Ә. Сарбасовқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б. Нурымбетов

  Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2020 жылғы 27 тамызы
№ 340 бұйрығымен
бекітілген

Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Еңбекті қорғауды басқару жүйесі туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) жұмыс берушілерге еңбекті қорғауды басқару жүйесін (бұдан әрі – ЕҚБЖ) құру және қолданылуын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 16-бабының 41-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. ЕҚБЖ меншік нысанына қарамастан барлық ұйымдарда құрылады, басқару кәсіптік тәуекелдерді басқаруға негізделеді және ұйымдардың барлық құрылымдық бөлімшелері, жұмыскерлері мен жұмыс берушінің жауапкершілігіне жататын аумақтардағы, ғимараттар мен құрылыстағы адамдарға таралады.

      3. Ұйымдарда ЕҚБЖ осы Үлгілік ережеде көзделген элементтерге және ЕҚБЖ компоненттеріне қойылатын талаптарды сақтау шартымен және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етумен халықаралық, мемлекетаралық және ұлттық стандарттар негізінде құрылады.

      4. ЕҚБЖ енгізудің және қолданудың барлық кезеңдерін жұмыс беруші дербес (еңбекті қорғау жөніндегі қызмет немесе мамандардың күшімен) не сарапшыларды тарту арқылы жүзеге асырады.

2-тарау. Еңбекті қорғауды басқару жүйесінің мазмұны

      5. ЕҚБЖ құрылымдық элементтері мыналар болып табылады:

      ЕҚБЖ жоспарлау;

      ЕҚБЖ қолдану;

      ЕҚБЖ қолданылуын бақылау және рәсімдердің іске асырылуын мониторингтеу;

      ЕҚБЖ жетілдіру.

      6. ЕҚБЖ белгілейтін еңбекті қорғау саласындағы қағидаттар мен басымдықтар:

      жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ оларға қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету басымдығы;

      өндірістік факторлардың жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына зиянды әсерінің еңсеруге келмейтін салдарына жол бермеу;

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне және нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес еңбек қауіпсіздігі және оны қорғауды қамтамасыз етуге бірыңғай талаптарды белгілеу;

      өндірісте жазатайым оқиғалардың, өндірістік объектілерде авариялардың алдын алу және олардың салдарын азайту жөнінде профилактикалық шаралар кешенін жүзеге асыру;

      технологиялық процестерді жетілдіру, техникалық жарықтандыру, біліктілік деңгейін арттыру есебінен жұмыскерлердің еңбек жағдайын және еңбекті қорғауды үнемі жақсарту.

      7. ЕҚБЖ лауазымды тұлғалардың ұйымның құрылымында көзделген барлық басқару деңгейлерін қолдана отырып еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі функциялар мен құзыреттерді бекітуін көздейді, ол мыналарды қамтиды:

      еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жұмыскерлерді даярлау (біліктілікті арттыру, оқыту, нұсқама жүргізу);

      жұмыстарды қауіпсіз жүргізу бойынша құжаттаманы қамтамасыз ету;

      жұмыскерлердің денсаулығын мониторингтеу;

      жұмыскерлердің оңтайлы еңбек және тынығу режимін қамтамасыз ету;

      еңбек жағдайлары зиянды жұмыстар үшін кепілдіктер беру;

      еңбек қызметімен байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру;

      еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыру;

      жұмыстардың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ету.