"Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 19 маусымдағы № 281 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 23 маусымда № 20989 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
Н. Ермекбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2020 жылғы 19 маусымдағы
№ 281 бұйрығымен
бекітілген

"Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) архивтік анықтама – ұйым хатының бланкісінде жасалған, олардың негізінде жасалған архивтік құжаттардың сақтау бірліктерінің архивтік шифрлары мен парақ нөмірлері көрсетіле отырып, жеке және заңды тұлғаларға қажетті ақпаратты қамтитын, заңды күші бар (түпнұсқа) құжат;

      2) архивтік құжат – оның қоғам мен мемлекет үшін маңыздылығына қарай сақталатын немесе сақтауға жататын, сол сияқты меншік иесі үшін құндылығы бар құжат;

      3) архивтік үзінді – архив хатының бланкісінде жасалған, сақтау бірліктерінің архивтік шифры мен парақ нөмірлері көрсетіле отырып, белгілі бір фактіге, оқиғаға, адамға қатысты архивтік құжат мәтінінің бір бөлігін сөзбе-сөз көрсететін құжат;

      4) жұлдызша – құжат парақтары бекітілген жерге жапсырылатын және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің елтаңбалы мөрі қойылатын қатты қағаз.

2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      3. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      4. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) осы қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты) осы қағидалардағы 2-қосымшасында көрсетілген құжаттарды қоса тіркей отырып өтініш береді.

      5. Қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескерілген өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі осы қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында келтірілген.

      Құжаттарды Мемлекеттік корпорация арқылы қабылдаған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда Мемлекеттік корпорация қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      Жеке басын куәландыратын құжат (көрсетілетін қызметті алушыны сәйкестендіру үшін) туралы мәліметтерді Мемлекеттік корпорация қызметкері "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

      6. Мемлекеттік корпорациядан келіп түскен құжаттар топтамасын тіркеуді көрсетілетін қызметті беруші кеңсесінің уәкілетті қызметкері олар келіп түскен күні жүзеге асырады және жауапты орындаушыны тағайындайтын көрсетілетін қызметті берушінің басшысына беріледі.

      Жауапты орындаушы құжаттар топтамасын қарайды және 14 (он төрт) жұмыс күні ішінде мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін немесе мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап дайындайды.

      7. Көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі өткенге дейін бір тәуліктен кешіктірмей жеткізуді жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру Мемлекеттік корпорация арқылы жеке басын куәландыратын құжатты не нотариат растаған сенімхат бойынша оның өкілінің құжатын көрсеткен кезде жүзеге асырылады.

      8. Көрсетілетін қызметті беруші Заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету кезеңі туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсетуді мониторингтеудің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      9. Апостиль қою үшін ұсынылатын архивтік анықтамалар және архивтік құжаттардың көшірмелері анық және түсінікті жазылады, лауазымды адамдардың қолтаңбалары мен мөрлердің бедерлері анық қойылады.

      Апостиль құжаттың мәтіннен бос жеріне не оның артқы бетіне қойылады және Архивтің елтаңбалы мөрімен бекітіледі.

      Құжатқа апостиль қою мүмкін болмаған жағдайда апостиль мөрі қағаздың жеке парағына қойылады.

      Бұл жағдайда құжат парақтары және апостиль қойылған парақ жіппен (не арнайы жұқа баумен, лентамен) тігу арқылы бірге бекітіледі және нөмірленеді, ол туралы жұлдызшада тиісті жазба жасалады.

      Құжаттардың соңғы парағына бекітілген жерге Архивтің елтаңбалы мөрі қойылатын жұлдызша жапсырылады. Бұл ретте қойылған мөр бедері жұлдызшада және парақта біркелкі орналастырылады.

      Бекітілген парақтар саны Архив бастығының, ал ол болмаған жағдайда оның орынбасарының қолтаңбасымен расталады.

      10. Апостиль мәтініне өзгерістер енгізуге және мөртаңбада оның жолдарын орналастыру жүйелілігін ауыстыруға жол берілмейді.

      Сонымен қатар, куәландырылатын құжаттарға тігу үшін апостиль мөртаңбасының көшірмесін жасау әдісімен немесе өзге де жолмен парақтан апостиль жасауға жол берілмейді.

      Барлық жағдайларда апостиль мөртаңба бедері ретінде қойылады.

3-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының, Мемлекеттік корпорацияның және (немесе) олардың қызметкерлерінің шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      11. Көрсетілетін қызметті беруші құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына және (немесе) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті берушінің мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның мекенжайына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға тиіс.

      Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Мемлекеттік корпорация басшысының атына не ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беріледі.

      Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайларда көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

  "Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігінің
Орталық архивінен шығатын
архивтік анықтамаларға және
архивтік құжаттардың
көшірмелеріне апостиль қою"
мемлекеттік қызметін көрсету
қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  ____________________________
(көрсетілетін қызметті
берушінің атауы)
____________________________
(Көрсетілетін қызметті
алушының тегі, аты, әкесінің
аты (ол бар болған кезде)
Тұрғылықты жері (жеке тұлға
үшін)/заңды мекенжайы (заңды
тұлға үшін):
Байланыс телефоны:
ЖСН
___________________________

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қоюға өтініш

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві берген

      _______________________________________________________________

      (архивтік анықтама және архивтік құжаттардың көшірмелері)

      апостиль мөртаңбасын қоюыңызды сұраймын.

      Қосымша:

      1) __________________________________________________________________;

      2) __________________________________________________________________;

      3) __________________________________________________________________;

      4) __________________________________________________________________.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын

      мәліметтерді пайдалануға келісемін.

      20___жылғы "___" ________                         ____________________

      (қолы)

  "Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрлігінің
Орталық архивінен шығатын
архивтік анықтамаларға және
архивтік құжаттардың
көшірмелеріне апостиль қою"
мемлекеттік қызметін көрсету
қағидаларына
2-қосымша

"Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі

2.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті ұсыну тәсілдері

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы

3.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

15 (он бес) жұмыс күні.

4.

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Қағазда

5.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Апостиль қойылған архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелері не мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
Мемлекеттік корпорацияда дайын құжаттарды беру жеке басын куәландыратын құжатты (не нотариат растаған сенімхат бойынша оның өкілінің) көрсеткен кезде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік корпорация нәтижені бір ай ішінде сақтауды қамтамасыз етеді, одан кейін одан әрі сақтау үшін көрсетілетін қызметті берушіге береді. Көрсетілетін қызметті алушы бір ай өткеннен кейін өтініш жасаған кезде Мемлекеттік корпорацияның сұрау салуы бойынша көрсетілетін қызметті беруші бір жұмыс күні ішінде дайын құжаттарды көрсетілетін қызметті алушыға беру үшін Мемлекеттік корпорацияға жолдайды.

6.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлем мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет көрсеткені үшін "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы кодексінің (Салық кодексі) 609-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес мемлекеттік баж алынады, ол мемлекеттік бажды төлеу күніне белгіленген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен 50 (елу) процентті құрайды.
Мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының банк мекемелері арқылы төленеді, олар төлем мөлшері мен күнін растайтын құжат (түбіртек) береді.

7.

Жұмыс кестесі

1) көрсетілетін қызметті берушіде – 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұмаға дейін сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін, түскі асқа үзіліс сағат 13.00-ден 15.00-ге дейін;
2) Мемлекеттік корпорацияда – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жексенбіні және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап сенбіге дейінгіні қоса алғанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес түскі асқа үзіліссіз сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін.
Өтінішті қабылдау мемлекеттік корпорация арқылы жедел қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады, электрондық кезекті портал арқылы броньдауға болады.

8.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі

Мемлекеттік корпорацияға:
1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қоюға өтініш;
2) азаматтың жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін) не көрсетілетін қызметті алушының мүдделерін үшінші адам білдірген кезде нотариат куәландырған сенімхат (жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
3) апостиль қою үшін мемлекеттік баждың төленгені туралы түбіртек;
4) апостиль мөртаңбасы қойылуы қажет Архив берген архивтік анықтама және (немесе) архивтік құжаттардың көшірмелері.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, көрсетілетін қызметті алушы ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім береді.

9.

Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіздер

1) көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің осы қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда Мемлекеттік корпорация қызметкері өтінішті қабылдаудан бас тартады және осы қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту себептерін жойған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қайта өтініш жасай алады.

10.

Мемлекеттік, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілетін қызметті көрсету ерекшеліктері ескерілген өзге де талаптар

Тіршілік әрекетін шектейтін организм қызметінің тұрақты бұзылуымен денсаулығы нашарлаған көрсетілетін қызметті алушыларға мемлекеттік қызмет көрсету үшін құжаттарды қабылдауды қажет болған жағдайда Бірыңғай байланыс орталығының 1414, 8 800 080 7777 телефоны арқылы өтініш жасау жолымен тұрғылықты жеріне барумен Мемлекеттік корпорацияның қызметкері жүргізеді.
Көрсетілетін қызметті алушының порталдағы "жеке кабинет", Бірыңғай байланыс орталығының 1414, 8 800 080 7777 телефоны арқылы қашықтықтан қолжетімділік режимінде мемлекеттік қызметті көрсету белгісі туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің www.mod.gov.kz интернет-ресурсында, сондай-ақ Мемлекеттік корпорацияның www.gov4c.kz интернет-ресурсында орналастырылған.
Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығының 1414, 8 800 080 7777 телефоны арқылы алуға болады.

  "Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің Орталық
архивінен шығатын архивтік
анықтамаларға және архивтік
құжаттардың көшірмелеріне
апостиль қою" мемлекеттік
қызметін көрсету қағидаларына
3-қосымша
  Нысан
  Тегі, аты, әкесінің аты
(ол бар болған кезде)
____________________________
(көрсетілетін қызметті
алушының мекенжайы)

Құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы филиалының №____ бөлімі (мекенжайы көрсетілсін) Сіздің мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында көзделген тізбеге сәйкес құжаттардың толық топтамасын ұсынбауыңызға, сондай-ақ қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынуыңызға байланысты "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен шығатын архивтік анықтамаларға және архивтік құжаттардың көшірмелеріне апостиль қою" мемлекеттік қызметін көрсетуге құжаттарды қабылдаудан бас тартады, атап айтқанда:

      Жоқ құжаттардың атауы:

      1) __________________________________________________________________;

      2) __________________________________________________________________;

      3) __________________________________________________________________.

      Осы қолхат әрбір тарап үшін бір-бірден екі данада жасалды.

      ______________________________________________________

      (Мемлекеттік корпорация қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған кезде)

      ________

      (қолы, күні)

      Орындаушы:

      Тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған кезде)_____________________

      Телефоны ______________

      Алдым:

      ______________________________________________________             ________

      Көрсетілетін қызметті алушының тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған кезде) (қолы) 20__ жылғы "___" ____________

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2020 жылғы 19 маусымдағы
№ 281 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарында күші жойылған құрылымдық элементтерінің тізбесі

      1. "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 14 наурыздағы № 113 бұйрығы 1-тармағының 10) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15393 болып тіркелген, 2017 жылғы 11 тамызда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      2."Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 11 қыркүйектегі № 515 бұйрығы 1-тармағының 10) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15792 болып тіркелген, 2017 жылғы 24 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).

      3."Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 14 наурыздағы № 113 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 11 маусымдағы № 442 бұйрығы 1-тармағының 10) тармақшасы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18846 болып тіркелген, 2019 жылғы 24 маусымда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).