"Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығына өзгерістержәне толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 шiлдедегi № 268 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 3 шiлдеде № 20931 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 25 наурыздағы № 109 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20164 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2020 жылғы 26 наурызда жарияланған) мынадай өзгерістержәне толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Төтенше жағдай кезеңінде әлеуметтік-еңбек саласындағы кейбір мемлекеттік қызметтерді көрсету және халықтың жекелеген санаттарын азық-түлік және тұрмыстық жиынтығымен қамтамасыз ету қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) тәуелсіз жұмыскер – дара кәсіпкерлерді, жеке практикамен айналысатын адамдарды, шаруашылық серіктестігінің құрылтайшыларын(қатысушыларын) және акционерлік қоғамның құрылтайшыларын, акционерлерін (қатысушыларын), өндірістік кооператив мүшелерін қоспағанда, өз қызметін мемлекеттік тіркеусіз кіріс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын жеке тұлға;":

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Көрсетілетін қызметті алушы 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – атаулы әлеуметтік көмек) алушы болып табылған жағдайда тікелей байланысты болдырмау мақсатында көрсетілетін қызметті алушыға келесі тоқсанға ақпараттық жүйеде көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтініш 2020 жылғы 2-тоқсанының табысын есепке ала отырып, автоматты түрде қалыптастырылады.

      2020 жылғы 2-тоқсан үшін отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде бірыңғай жиынтық төлем төлеуге байланысты тәуелсіз жұмыскерлердің 25 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі табысы, төтенше жағдай әрекеті кезеңінде қызметінің шектеулеріне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, төтенше жағдай әрекеті кезеңінде азық-түлік–тұрмыстық жинақтарды сатып алуға бөлінген ақшалай қаражаттың мөлшері, төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді төлеуге арналған шығындарды өтеу жеке тұлғаның табысы ретінде қаралмайды.

      Бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы беру атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мерзімінің ұзартылуымен бір мезгілде ұзартылады. Азық-түлік жиынтығының түрі баланың жасын ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезіндегі баланың жасына негізделе айқындалады және оның ұзартылу мерзіміне ұсынылады. 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасы құрамы және/немесе кірісі өзгерген жағдайда, тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері келесі тоқсанда олар жүгінген күннен бастап қайта есептеледі.

      Тікелей байланысты болдырмау мақсатында Халықты жұмыспен қамту орталығы мен өтініш беруші арасында шартты ақшалай көмек тағайындауға әлеуметтік келісімшарт жасасу, сондай-ақ отбасының (адамның) өмірлік қиын жағдайдан шығуы үшін жеке жоспар жасау уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылған № 320 бұйрыққа 6, 7-қосымшаларға, әлеуметтік келісімшартқа қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Атаулы әлеуметтік көмекті автоматты түрде ұзарту кезінде 2020 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін әлеуметтік келісімшарт көрсетілетін қызметті алушының қолы талап етілмей,2020 жылғы 2-тоқсанның әлеуметтік келісімшарт шаралары бойынша автоматты түрде қалыптастырылады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеуді МӘС бөлімдері "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 44 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10589 болып тіркелген) бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес мүгедектікті бір жылдан аспайтын мерзімге белгілеп, сырттай жүргізеді.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Қайта куәландыру мерзімі төтенше жағдай енгізілгенге дейін бір айдан аспайтын мерзім ішінде және төтенше жағдай уақытында келген және көрсетілген мерзімде қайта куәландырудан өтпеген адамдарға мүгедектіктің, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің, кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесінің және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының мерзімдері қайта куәландырудың бұрын белгіленген күнінен бастап үш айға автоматты түрде ұзартылады. Төтенше жағдай режимі аяқталған ай толық есепке алынады.

      Әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тиісті шектеу шаралары, оның ішінде карантиннің сақталуы кезеңінде, он алты және он сегіз жасқа толған мүгедек балаларды қоспағанда, қайта куәландыру мерзімі жоғарыда аталған кезеңге сәйкес келетін, қайта куәландырудан өтпеген адамдарға мүгедектік, жалпы еңбек қабілетінен айырылу дәрежесін, кәсіптік еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі және мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының белгіленген мерзімдерін автоматты түрде үш айға ұзарту ай сайын жүзеге асырылады.

      Он алты және он сегіз жасқа толған мүгедек балаларды қайта куәландыру тіршілік тынысының шектелу дәрежесін ескере отырып, алдыңғы куәландыру мәліметтеріне сәйкес қолда бар құжаттардың негізінде сырттай жүргізіледі.

      Куәландырылатын адам немесе оның заңды өкілі МӘС бөлімінің сараптамалық қорытындысына шағымданған жағдайда, МӘС әдіснама және бақылау бөлімі МӘС актісінің және ұсынылған құжаттардың негізінде сырттай куәландыру жүргізеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді талдау және дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қоғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін;

      4) осы бұйрықты облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелеріне, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына, "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" акционерлік қоғамына және "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамына жеткізуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Н. Мұқышевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және қағидалардың 2020 жылғы 11 мамырдан бастап күшіне енетін 1-тармақтың оныншы, он бірінші, он екінші, он үшінші, он төртінші, он бесіншы, он алтыншы абзацтарын қоспағанда, 2020 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Б. Нурымбетов