Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 189-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифті бекіту қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі | Н. Ногаев |
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 170 бұйрығымен бекітілген |
Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифті бекіту қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифті бекіту қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 189-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифті бекіту тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бірыңғай сатып алушы - "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі - Заң) көзделген тәртіппен электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметті орталықтандырылған сатып алуды және электр қуатының жүктеме көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету бойынша орталықтандырылған қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға;
2) жүйелiк оператор - орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқаруды, басқа мемлекеттердiң энергия жүйелерiмен қатарлас жұмыс iстеудi қамтамасыз етудi, энергия жүйесiндегi теңгерiмдi ұстап тұруды, жүйелiк қызметтер көрсетудi және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен қосалқы көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желiсi бойынша берудi, оған техникалық қызмет көрсетудi және оны пайдалану әзiрлiгiнде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;
3) уәкілетті орган - электр энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
4) электр энергиясына арналған шекті тариф - электр энергиясын өндіруге, жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығынан электр энергиясын сатып алуға арналған шығындар және уәкілетті орган белгілеген әдістеме бойынша айқындалатын тіркелген пайда ескерілетін, электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдар топтары үшін уәкілетті орган жеті жылға тең мерзімге бекіткен босату тарифінің (бағасының) ең жоғары шамасы.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифті бекіту тәртібі
1-параграф. Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдарды электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тобына енгізу
3. Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдарды электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тобына енгізу үшін жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйым (бұдан әрі - Өтініш беруші) уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсынады:
1) жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдарды электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тобына енгізу үшін еркін нысандағы өтініш;
2) электр станциясының және негізгі жабдықтың сипаттамасы (белгіленген қуаты, пайдаланылатын отын түрі, отын тұрған жерінен алыстығы) туралы еркін нысандағы ақпаратты;
3) жабдық паспортының көшірмесі;
4) есеп саясатының көшірмесі;
5) жүйелік оператормен келісілген электр қуатын беру схемасы;
6) осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін электр энергиясын өндіруге арналған болжамды шығындар.
4. Уәкілетті орган күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттардың және онда көрсетілген мәліметтердің толықтығын және Өтініш берушінің Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 147 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10627 болып тіркелген) бекітілген Электр энергиясына шекті тарифті, теңгерімдеуші электр энергиясына шекті тарифті және электр қуатының әзірлігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметке шекті тарифті бекіту қағидаларының (бұдан әрі - Шекті және теңгерімдеуші тарифтер қағидалары) 5-тармағында көзделген өлшемшарттарға сәйкес келуін тексереді.
5. Құжаттардың толық еместігі анықталған жағдайда, уәкілетті орган осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген мерзім ішінде еркін нысанда қайтару туралы хабарлама дайындайды және қайтару себептерін көрсете отырып, оны өтініш берушіге жібереді.
6. Өтініш беруші Шекті және теңгерімдеуші тарифтер қағидаларының 5-тармағында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген мерзім ішінде өтініш берушіні энергия өндіруші ұйымдардың тобына енгізуден бас тарту туралы еркін нысанда хабарламаны дайындайды және себептерін көрсете отырып, оны өтініш берушіге жібереді.
7. Құжаттар осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген негіздер бойынша қайтарылған жағдайда, өтініш беруші уәкілетті органның ескертулерін жойып, хабарламаны алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде құжаттарды қайта ұсынады.
8. Құжаттарды қайтадан ұсынған кезде уәкілетті орган оларды күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде қарайды және электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдар тобына енгізу туралы шешім дайындайды.
9. Уәкілетті орган Заңның 5-бабының 70-3) тармақшасына сәйкес электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың топтарын бекітеді.
2-параграф. Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифті есептеу
10. Жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін электр энергиясын өндіруге арналған болжамды шығындар мыналарды қамтиды:
болжамды материалдық шығындар (отын, отынды тасымалдау, технологиялық қажеттіліктерге су, жанар-жағармай материалдары, қосалқы материалдар, жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығынан электр энергиясын сатып алу);
өндірістік персоналға еңбекақы төлеуге арналған болжамды шығыстар;
болжамды әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар;
негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің болжамды амортизациясы;
болжамды жөндеулер (негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін ағымдағы және күрделі жөндеулер);
қоршаған ортаға эмиссиялар үшін болжамды төлем;
су ресурстарын пайдаланғаны үшін болжамды төлем;
болжамды салықтар (жер, көлік, мүлік, пайдалы қазбаларды өндіру және басқа да міндетті төлемдер);
техникалық диспетчерлендіру бойынша болжамды көрсетілетін қызметтер;
электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді көрсету бойынша болжамды қызметтер;
өндірістік сипаттағы бөгде ұйымдардың болжамды көрсетілетін қызметтері.
Кезең шығыстарына:
әкімшілік персоналдың еңбекақысын болжамды төлеу;
сақтандырудың міндетті түрлеріне арналған болжамды шығыстар, салықтар, алымдар мен төлемдер;
негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің болжамды амортизациясы;
болжамды іссапар шығыстары;
бөгде ұйымдардың болжамды көрсетілетін қызметтері (аудиторлық, банктің көрсетілетін қызметтері, байланыс көрсетілетін қызметтері);
қарыз қаражаты үшін сыйақы төлеуге арналған болжамды шығыстар (Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселіктен аспайтын ресми мөлшерлемесін қолдана отырып, есептелген сома шегінде ұлттық валютада алынатын);
қарыз қаражаты үшін сыйақы төлеуге арналған болжамды шығыстар (Лондон банкаралық рыногының 4 еселіктен аспайтын ресми мөлшерлемесін қолдана отырып, есептелген сома шегінде шетел валютасымен алынатын).
Бұрын қабылданған қарыздарды қайтару бірыңғай сатып алушыға электр қуатының әзірлігін ұстап тұру жөніндегі қызметті өткізуден түскен кірістілік есебінен жүзеге асырылады.
Бұл ретте электр энергиясына шекті тарифтерді қалыптастыру кезінде ескерілетін шығындар электр энергиясын өндіруге тікелей жатқызылады.
11. Алғашқы жеті жылда жаңадан іске қосылатын энергия өндіруші ұйымдар үшін электр энергиясына шекті тарифті есептеу формуласы:
мұндағы:
ЭЭШТ - электр энергиясына шекті тариф;
ЭЭӨМБШ - электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдар тобына енгізілген энергия өндіруші ұйымдар арасында алдағы жылға электр энергиясын өндіруге арналған максималды болжамды шығындар, теңге;
ТП - тіркелген пайда, теңге;
ЭЭБК - электр энергиясын өндіруге болжамды шығындары электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдар тобында максималды болып табылатын энергия өндіруші ұйымның электр станцияларының шиналарынан электр энергиясын жіберудің болжамды көлемі, киловатт сағат (бұдан әрі - кВт∙сағ).
Электр энергиясына шекті тарифтің мөлшерлігі: теңге/кВт∙сағ.