Проактивті қызмет көрсету қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 155/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 27 сәуірде № 20495 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Проактивті қызмет көрсету қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
А. Жумагалиев

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2020 жылғы 24 сәуірдегі
№ 155/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Проактивті қызмет көрсету қағидасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Проактивті қызметтер көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 9-бабының 13-1-тармағына сәйкес әзірленді және белсенді қызметтер көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі негізгі түсініктер мен қысқартулар қолданылады:

      1) көрсетілетін қызметті алушы - орталық мемлекеттік органдарды, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерін, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар;

      2) көрсетілетін қызметті беруші - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;

      3) проактивті қызмет - қызмет көрсету субъектісінің бастамасы бойынша берілетін, қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алу субъектісінің ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы берілген келісімі міндетті түрде қажет болатын, электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет;

      4) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы - абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумағы шеңберінде географиялық тұрғыдан айқындалатын тұрақты орналасқан жері жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке-дара пайдаланылатын байланыс құралы.

2-тарау. Проактивті қызмет көрсету тәртібі

      3. Проактивті қызметтер көрсету көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз, "электрондық үкімет" веб-порталында көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысының телефон нөмірі тіркелген кезде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады және мыналарды:

      көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салуы бар автоматты хабарламалар жөнелтуді;

      көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы проактивті қызмет көрсетуге көрсетілетін қызметті алушының келісімін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыдан өзге де қажетті, оның ішінде қолжетімділігі шектеулі мәліметтерді алуды қамтиды;

      проактивті қызмет көрсету немесе проактивті қызмет көрсетуден бас тарту мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес айқындалады.

      4. Көрсетілетін қызметті алушыдан жауапты күту мерзімі сұрау салуды алған сәттен бастап жиырма төрт сағатты құрайды. Күту мерзімі өткеннен кейін сұрау салу жойылады және көрсетілетін қызметті алушыға қысқа мәтіндік хабарлама арқылы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес хабарлама жіберіледі.

      5. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен проактивті қызмет көрсету мерзімі айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіге сәйкес айқындалған мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызмет нәтижесі болып табылады.

      6. Проактивті қызмет көрсетілетін ақпараттық жүйенің иесі болып табылатын мемлекеттік орган көрсетілетін қызметті алушы ақпараттың толықтығы, дұрыстығы, өзектілігі үшін жауапты болады және деректерді қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейінде рұқсатсыз қол жеткізуден қорғауды, көрсетілетін қызметті алушыдан алынған мәліметтердің уақтылы берілуін және өзгермеуін қамтамасыз етеді.