Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылы 23 наурызда № 20160 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы Заңының 11-бабы 3-2-тармағына, Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 286 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы Заң департаментіне мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы нарығын реттеу және дамыту
      Агенттігінің Төрағасы М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Басқармасының
2020 жылғы 22 наурыздағы
№ 18 қаулысымен
бекітілген

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы үшін Ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы үшін Ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы Заңына (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы заң) және Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19632 тіркелген, "Екінші деңгейдегі банктерге арналған тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 12 қарашадағы № 188 қаулысына (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес әзірленді.

      2. Егер Талаптарда өзгеше көзделмесе, Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 26 шілдедегі Заңында және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы Заңында көрсетілген мағыналарында қолданылады.

      Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер мен Ұлттық пошта операторы (бұдан әрі – банк) дербес әзірлеген күдікті операцияларды айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);

      қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмдi қаржыландыру тәуекелдері – банкті қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыру (жылыстату) және терроризмдi қаржыландыру процестеріне немесе өзге де қылмыстық әрекетке қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері;

      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруды (жылыстатуды) және терроризмді қаржыландыруды басқару – банк қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды барынша азайту (қызметтерге (өнімдерге), клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жасайтын операцияларға қатысты) бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы;

      шекті операция – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен жасалатын операциясы;

      іскерлік қарым-қатынастар – банктің клиентке қаржылық қызметке және қаржы қызметтеріне жататын қызметтерді (өнімдерді) ұсынуы бойынша қатынастар.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Банк қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) ішкі бақылауды:

      1) банктің КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;

      2) банктің ішкі бақылау жүйесінің КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, беделді жоғалту) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) банкті, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      4. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде банкте банктің ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.

      Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, банк оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар банктің ішкі құжаты не осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.

2-бөлім. КЖ/ТҚҚ ішкі жүйесін ұйымдастыру және КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы

      5. Банкте банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен банктегі бақылау қағидаларын сақтауға мониторингті жүзеге асыру бойынша жауапты қызметкер (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады, сондай-ақ құзыретіне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін банк қызметкерлері не бөлімшесі (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше) айқындалады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Жауапты қызметкерге мынадай талаптар қойылады:

      1) жоғары білімінің болуы;

      2) банктік және (немесе) өзге операцияларды жүзеге асырумен байланысты банк бөлімшесі басшысының лауазымында кемінде 1 (бір) жыл жұмыс өтілінің не КЖ/ТҚҚ саласында кемінде 2 (екі) жыл жұмыс өтілінің не қаржылық қызметтерді ұсыну және (немесе) реттеу саласында кемінде 3 (үш) жыл жұмыс өтілінің болуы;

      3) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 31 тамыздағы Заңына сәйкес мінсіз іскерлік беделінің болуы.

      7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы:

      1) КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібін;

      2) банк қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, банктің басқару органының және атқарушы органының өздеріне белгілі болған банк қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібін;

      3) банк кіретін банк конгломератының КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарын сипаттауды (бар болса);

      4) банктік ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқару есептілігін дайындау және банктің басқару органына және атқарушы органына ұсыну тәртібін;

      5) банктің жауапты қызметкерінің, басқару органының және (немесе) атқарушы органының немесе банктің басшы қызметкерінің клиенттермен іскерлік қатынастарды белгілеу, жалғастыру не тоқтату туралы, КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен шарттарда көзделген жағдайларда және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын өткізуді тоқтата тұру не бас тарту туралы шешімдер қабылдау тәртібін қамтиды, бірақ олармен шектелмейді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функцияларына мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) банкте әзірленген және банктің атқарушы органы бекіткен ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың), сондай-ақ банкте олардың сақталуына мониторингтің болуын қамтамасыз ету;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарлар ұсынуды ұйымдастыру және олардың ұсынылуын бақылау;

      3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;

      4) Алып тасталды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      5) Алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6) банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен ішкі бақылау тәртіптерін бұзудың анықталғаны жөнінде банктің басқару органын және (немесе) атқарушы органын хабардар ету;

      7) ішкі бақылау қағидаларының іске асырылу нәтижелері және банктің басқару органына және атқарушы органына анықталған кемшіліктер туралы есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында КЖ/ТҚҚ тәуекелдерін басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту бойынша ұсынылатын шаралар туралы ақпаратты дайындау.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Жүктелген функцияларды орындау үшін жауапты қызметкерге және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлеріне мынадай өкілеттіктер қоса беріледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2) өз функцияларын толық көлемде және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте банктің барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алуды;

      3) банктің бөлімшелеріне ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар жүргізуге қатысты нұсқаулар жіберу;

      4) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етуді;

      5) банктің бөлімшелерінен алынатын құжаттардың және файлдардың сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      10. Банктің филиалдарында Талаптардың 8 және 9-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толық немесе ішінара жүктелген қызметкерлер бар болған жағдайда, осындай қызметкерлердің КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.

      11. Жауапты қызметкердің, КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерлерінің, сондай-ақ Талаптардың 8-тармағында көзделген функциялар жүктелген банк қызметкерлерінің функциялары ішкі аудит қызметінің функцияларымен, сондай-ақ банктің операциялық (ағымдағы) қызметін жүзеге асыратын функциялармен қоса атқарылмайды.

      12. Банк ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-бөлім. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы

      13. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында банк КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.

      13-1. Банк КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асырған кезде КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.

      Ескерту. Талаптар 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13-2. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы:

      1) банктің оның құрылымдық бөлімшелері бойынша КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру тәртібі;

      2) мыналарға:

      клиенттің тәуекелі деңгейіне, сондай-ақ;

      банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне қатысты тәуекелдердің негізгі санаттарын (клиенттің түрі, ел бойынша тәуекел және қызметтердің/өнімдердің тәуекелі бойынша) ескере отырып, КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау әдісі;

      3) клиенттердің тәуекелдерін және банктердің өнімдерінің (қызметтерінің) алдын ала ескерту іс-шараларының тізбесі көзделетін КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін тұрақты мониторингтеуді, талдауды және бақылауды жүзеге асыру, оларды жүргізу тәртібі мен мерзімдері, қабылданған шараларға сәйкес нәтижелерін бақылау тәртібі;

      4) клиенттердің тәуекелдерінің деңгейлерін белгілеу тәртібі, мерзімдері және оларды қайта қарау үшін негіздеме.

      Ескерту. Талаптар 13-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Банк кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің түрлері бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызметтер (өнім) және (немесе) оны беру тәсілінің тәуекелін ескере отырып, банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жыл сайынғы негізде жүзеге асырады.

      Банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау тәуекелдерді анықтауды, клиенттер операцияларын сәйкестендіру рәсімдері мен мониторингін өзгертуді, қызметтер (өнімдер) беру тәртібін өзгертуді, операциялар жүргізуге арналған лимиттерді белгілеуді қызметтер (өнімдер) беру талаптарын өзгертуді, қызметтер (өнімдер) беруден бас тартуды қоса, азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қоса жүреді.

      15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің түрлеріне мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) шетелдік жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және олардың жақын туыстары;

      2) шетелдік қаржы ұйымдары;

      3) заңды тұлғалар және қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметін айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметінің ерекше түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

      тұтынушылардан қолма-қол ақша қабылдауды, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырушы қызметтерді (қаржылықтан басқа) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірген);

      ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс онлайн-казино қызметін көрсететін не онлайн-казино қызметінен түсетін кірістерді алатын тұлғалар;

      туристік қызметтерді көрсететін тұлғалар, сондай-ақ қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты өзге де қызметтер;

      4) адвокаттар және заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген қызметке қатысты ақшамен және (немесе) мүлікпен операцияларға қатысатын жағдайларда, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (екінші деңгейдегі банктер белгілеген, КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      5) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      6) қаржы лизингі бойынша қызмет көрсететін тұлғалар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      7) сақтандыру агенттері ретінде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      8) жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      9) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты тұлғалар;

      10) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;

      11) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;

      12) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдар мен осындай тұлғалардың өкілдіктері;

      13) алынған деректердің дұрыстығына күмәндануға негізі бар клиент;

      14) клиент КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиентті тиісінше тексеру рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-әрекеттер жасайды.

      16. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін төмендететін клиенттердің типтеріне мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоса алғанда, мемлекеттік органдар, сондай-ақ бақылауын мемлекеттік органдар жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      2) мемлекеттік мекемелердің немесе мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингі не дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі заңды тұлғалар;

      3) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, Қазақстан Республикасының резиденттері бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар;

      4) акциялары Қазақстан Республикасы қор биржасының және (немесе) шет мемлекеттің қор биржасының ресми тізіміне енгізілген ұйымдар;

      5) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан не қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық ұйымдар.

      17. Банк осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерде қызметті жүргізумен, осындай шет мемлекеттер клиенттеріне қызметтерді (өнімдерді) ұсынумен, осындай шет мемлекеттердің қатысуымен ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды жүзеге асырумен байланысты елдік (географиялық) тәуекелді басқаруды жүзеге асырады.

      Олармен жасалатын операциялар КЖ/ТҚ тәуекелін жоғарылататын шет мемлекеттер :

      қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлейтін топтың (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) оларға қатысты қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);

      Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін офшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген) сәйкес Офшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      банк басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзит деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер және басқасы) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар) болып табылады.

      БҰҰ-ның және халықаралық ұйымдардың деректері бойынша мұндай мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне сілтемелер қаржы мониторигі жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына орналастырылады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын банк қызметтері (өнімдері), сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) банктің ішкі бақылау қағидаларында айқындалатын жаңа және дамып келе жатқан технологиялар сияқты жаңа, сондай-ақ іс жүзінде бар өнімдерге жаңа тетіктер беруді қоса алғанда, жаңа өнімдер және жаңа іскерлік тәжірибе;

      2) клиенттерге дербес банктік қызмет көрсету;

      3) банк шотын пайдаланусыз ақша төлемі және (немесе) аударымы;

      4) сауданы қаржыландыру;

      5) сейфтік операциялар (сейфтік жәшіктерді, шкафтарды және бөлмелерді жалға беруді қоса алғанда, құжаттандырылған нысанда шығарылған бағалы қағаздарды, клиенттердің құжаттары мен құндылықтарын сақтау);

      6 мүлікті сенімгерлік басқару;

      7) халықаралық нарықтарда брокерлік қызмет көрсету;

      8) кастодиандық қызмет көрсету;

      9) егер эмитент банк тиісті электрондық ақша жүйесінің операторы болып табылмайтын жағдайда электрондық ақша;

      10) алдын ала төленген төлем карточкалар;

      11) корпоративтік төлем карточкалары;

      12) чектер, оның ішінде жол чектері;

      13) шетелдік қаржы ұйымдарының шоттары;

      14) қолма-қол шетел валютасын айырбастау пункттері арқылы сатып алу, сату, айырбастау бойынша операциялар.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін Талаптардың 15 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің факторларына сәйкес бағалау кезінде банк тәуекелдің жиынтық дәрежесіне ықпал етеді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) банктің қаржы мониторингі бойынша уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы хабарламаларының саны;

      2) банк қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға клиенттердің шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде банк Талаптардың 15, 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттары мен факторларын, сондай-ақ банк белгілейтін тәуекелдердің өзге де санаттары мен факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу жөнінде шаралар қолданады.

      Клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін банктегі клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпаратқа жүргізілген талдау нәтижелері бойынша банк белгілейді және тәуекел деңгейін айқындаудың кемінде екі деңгейден тұратын шәкілі бойынша бағаланады.

      Талаптардың 15, 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдер санаттары мен факторларын пайдаланумен тәуекелді бағалау клиенттерге (клиенттер тобына) қатысты операциялардың мониторингі (іскерлік қатынастар) нәтижелері негізінде жүргізіледі.

      Банк клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) операциялар мониторингі нәтижелері туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.

4-бөлім. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы

      21. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында банк клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті сәйкестендіру банктің клиент (оның өкілі) туралы мәліметтердің дәйектілігін белгілеу және тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастардың болжам мақсатын белгілеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиент және оның өкілдері туралы өзге де мәліметтерді алу және белгілеу бойынша іс-шараларды жүргізуі болып табылады.

      Жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді қажет болған кезде алуды және тіркеуді қоса алғанда, iскерлiк қатынастарды тексерудi және осы қаржы мониторингi субъектiсi арқылы клиент жүзеге асыратын операцияларды зерделеудi тұрақты негiзде жүргiзу.

      Клиенттің тәуекел деңгейіне қарай банк жүргізетін іс-шаралардың деңгейі КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің жеңілдетілген не күшейтілген шараларынан көрінеді.

      22. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы мыналарды:

      1) іскерлік қатынастар белгілеуді және (немесе) операция жүргізуді, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтатуға арналған рәсімді және орнату рәсімін және бас тарту негіздерін қоса алғанда, қызмет көрсетуге клиенттер қабылдау рәсімін;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің жеңілдетілген және тереңдетілген сәйкестендіру рәсімдерінің ерекшеліктерін;

      3) шетелдік қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнату кезінде сәйкестендіруді жүргізу ерекшеліктерін;

      4) банктің қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылдайтын жеке тұлғалардың арасында шетелдік жария лауазымды тұлғаларды анықтауға бағытталған шараларының сипаттамасын;

      5) нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) болуын тексеру тәртібін;

      6) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтер Тізбеден алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларын қолдануды тоқтату тәртібін;

      7) іскерлік қатынастарды қашықтықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) идентификаттау ерекшеліктерін;

      8) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін банк кіретін банк конгломератының (бар болса) КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды орындау шеңберінде сәйкестендіру барысында алынған мәліметтер алмасудың ерекшеліктерін;

      9) басқа қаржы ұйымдарынан мәліметтер алу арқылы клиенттерді сәйкестендіру, оның ішінде жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендіру ерекшеліктерін, брокер (дилер) олардың пайдасына немесе олардың атынан өзінің банк шоты бойынша операциялар жүргізеді;

      10) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің шынайы болуын тексеру рәсімін;

      11) клиенттің досье жүргізу, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартуды, нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптарды;

      12) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау рәсімін, осындай тәуекелді бағалау рәсімін.

      Егер банк КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды банк клиенттеріне қатысты қолдануды тапсырса, банк мұндай тұлғалармен өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлейді, ол мыналарды:

      сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен банктердің шарт жасау рәсімін, сондай-ақ мұндай шарт жасауға уәкілетті банктің лауазымды тұлғаларының тізбесін;

      сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен банктің арасындағы шартқа сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін;

      сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен сәйкестендіру өткізу кезінде алынған мәліметтерді банктің беру мерзімі мен рәсімін;

      сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалардан алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімі мен толықтығын қоса алғанда, сәйкестендіру бойынша талаптарды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша банктің қабылдаған шараларының сақталуын бақылауды банктің жүзеге асыру рәсімін;

      сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен олар сәйкестендіру бойынша талаптарды, оның ішінде алынған мәліметтерді сақтамаған жағдайда олармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы банктің шешім қабылдауының негіздерін, рәсімін және мерзімін;

      банк сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті банктің лауазымды тұлғаларының тізбесін;

      алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімі мен толықтығын қоса алғанда, банк сәйкестендіруді өткізуді тапсырған тұлғалардың, олардың сәйкестендіру бойынша талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілігі туралы ережені;

      сәйкестендіру бойынша талаптарды орындау мақсатында оларға әдістемелік көмек көрсету мәселесі бойынша сәйкестендіру өткізу тапсырылған тұлғалармен банктің өзара іс-қимыл рәсімін қамтиды.

      Өзара іс-қимыл қағидаларына банктің қосымша шарттар енгізуіне рұқсат етіледі.

      Ескерту. 22-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 6-бабының талаптарын ескере отырып банк клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне іскерлік қатынастар орнатқанға дейін сәйкестендіру жүргізеді .

      24. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 7-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып банк клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру қажеттігіне қарай клиент тәуекелі деңгейін ескере отырып, жасалатын операцияларды қаржыландырудың көзі туралы мәліметтерді алуды және тіркеуді қоса алғанда, іскерлік қатынастарға және операцияларды зерделеуге тексеру жүргізеді:

      1) клиент шекті операция (мәміле) жасағанда;

      2) клиент күдікті операция (мәміле) жасағанда (әрекет жасау);

      3) клиент ерекше операция (мәміле) жасағанда;

      4) клиент типологияларға, схемаларға және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға сәйкес келетін сипаттамасы бар операция (мәміле) жасағанда.

      Клиент орнатылған іскерлік қатынастар шеңберінде операция (мәміле) жасаған кезде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген, сондай-ақ бұрын алынғандарын жаңарту не клиент тәуекелінің деңгейіне және Талаптарға сәйкес қосымша мәліметтер алу жағдайларын қоспағанда, егер ол мұндай іскерлік қатынастар орнату кезінде жүргізілсе, клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне сәйкестендіру жүргізілмейді.

      25. Клиентті (оның өкілін) сәйкестендіру шеңберінде Талаптардың 23 және 24-тармақтарына сәйкес алынған мәліметтер құжатпен тіркеледі және банк клиенттің досьесіне енгізеді, ол клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кем дегенде бес жыл банкте сақталады.

      Банк КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 6-тармағының 1) тармақшасын қолданған кезде банк клиент туралы қаржы мониторингінің басқа субъектілерінен клиенттің досьесіне енгізу (қосу) үшін, сондай-ақ растайтын құжаттардың көшірмелерін сұрату бойынша кідіріссіз алады, оларға оның ішінде ақпарат, ақпараттық жүйеден немесе банк клиентті тиісінше тексеру шараларына сүйенетін басқа қаржы мониторингі субъектілерінің деректер базасынан үзінді көшірмелер жатады.

      Банк ішкі құжаттарға сәйкес досьелер жүргізетін клиенттердің топтарына:

      жеке тұлғалар;

      заңды тұлғалар, оңын ішінде шетел қаржы ұйымдары-респонденттері кіреді, бірақ олармен шектелмейді.

      Банк клиент досьесін ол туралы банктің ішкі бақылау қағидаларына сәйкес оған банк берген тәуекел деңгейіне қарай қалыптастырады. Клиентке төмен деңгей берілген жағдайда оған қатысты тиісінше тексерудің жеңілдетілген шаралары жүргізіледі және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтер тізбесі бекітіледі.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда қосымша мәліметтерге КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 5-тармағында көзделген мәліметтер жатады (салықтық резиденттілігі, қызметінің түрі және жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтер).

      26. Клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында банк Тізбеде осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) болуына тексеру жүргізеді.

      Банк клиентті сәйкестендіру (бенефициарлық меншік иесін анықтау) барысында осындай клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) шетелдік жария лауазымды тұлғаға қатыстылығына тексеру жүргізеді.

      Көші-қон карточкалары туралы мәліметтерді Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты алу талап етілмейді.

      Тізбеде клиенттің (бенефициарлық меншік иесінің) болуын (Тізбеге қосылғанын) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге (Тізбенің жаңартылуына) өзгерістер енгізілуіне қарай жүзеге асырылады.

      27. Жаңарту кезеңділігі және (немесе) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтер алу қажеттілігі клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейі және (немесе) клиент пайдаланатын банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі ескеріле отырып белгіленеді.

      Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

5-бөлім. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы

      28. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша, сондай-ақ қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды анықтау және жіберу жөніндегі талаптарын іске асыру мақсатында банк клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.

      29. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы мыналарды:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган айқындаған, сондай-ақ банк дербес әзірлеген күдікті операцияларды анықтау белгілері негізінде жасалған ерекше және күдікті операциялар белгілерінің тізбесін;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың тиісті типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар клиент операциясын анықтау рәсімін;

      3) банк бөлімшелері (қызметкерлері) арасында Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) пен бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу бойынша міндеттерді бөлуді;

      4) банк бөлімшелері (қызметкерлері) арасында шекті, ерекше және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру жөніндегі міндеттерді бөлуді;

      5) жауапты қызметкерінің клиент операциясының деңгейі туралы шешім қабылдау тәртібін, негіздемесін және мерзімін;

      6) ерекше операцияларды (мәмілелерді) зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы мәліметтерді (оның ішінде операция сомасы) тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) және сақтау тәртібін;

      7) тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы;

      8) клиент жүйелі түрде және (немесе) айтарлықтай көлемде ерекше және (немесе) күдікті операцияларды жүзеге асырған жағдайда клиентке және оның операцияларына қатысты банк қабылдайтын шараларды қабылдау тәртібін және олардың сипаттамасын қамтиды, бірақ олармен шектелмейді.

      КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган анықтаған күдікті операцияларды анықтау белгілерінің мақсаттары үшін банк ішкі бақылау қағидаларында (жүйелілік, тұрақтылық, мәнділік, маңыздылық, шамадан тыс алаңдаушылық, негізсіз асығыстық, қысқа кезең, көп мөлшер, адамдар тобы қоса алғанда, бірақ олар олармен шектелмейді) банк қызметінің ауқымы мен негізгі бағыттарын, оның клиенттерінің сипатын, ауқымын және негізгі қызметін, клиенттермен және олардың операцияларымен байланысты тәуекелдер деңгейін ескере отырып, бағалау санаттарын дербес анықтайды.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы шеңберінде банк барлық шекті, ерекше, күдікті операциялардың және қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операциялардың мақсатын және негіздерін белгілеуге бағытталған іс-шаралар жүргізеді.

      Клиенттердің операцияларын мониторингтеудің және зерделеудің нәтижелері банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттер тәуекелдерінің деңгейін қайта қарау үшін пайдаланылады.

      Клиенттердің операцияларын мониторингтеудің және зерделеудің бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 25-тармағында көзделген клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) банкте клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі ішінде және операция жасалғаннан кейін кем дегенде бес жыл бойы сақталады.

      31. Клиент операцияларын зерделеу жиілігін банк клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын банктің қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін, клиенттің қаржы мониторингіне жататын операциялар (операция) жасауын (жасау әрекетін) ескере отырып, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың банкте бар типологияларын, схемаларын және тәсілдерін ескере отырып айқындайды.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда банк клиенттің белгілі бір уақыт кезеңінде жүргізетін (жүргізген) операцияларының барлығын зерделейді.

      КЖ/ТҚК туралы заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген негіздемелерден басқа, банк клиентке қолма-қол ақша тәуекелінің жоғары деңгейін, оның ішінде банктің ішкі бақылау қағидаларында банк дербес айқындаған сомаға банктік шотты (шоттарды) пайдалана отырып, біржолғы беру бойынша операцияны қосымша зерделейді. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау бойынша уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) клиентке қолма-қол ақша тәуекелінің жоғары деңгейін біржолғы беру бойынша операцияның сомасын қайта қарау қажеттілігі туралы нұсқауды жіберген кезде, банк нұсқауға сәйкес лимиттер белгілейді.

      32. Банк қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу бойынша операцияларды (бұдан әрі – конверсиялық операцияларды) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті конверсиялық операциялар арқылы заңды айналымға тарту мәніне мониторинг және зерделеу рәсімі арқылы тексереді. Мониторинг және зерделеу рәсіміне банктің бір клиенті жиынтығы жеке тұлғалар үшін 3 (үш) миллион АҚШ долларынан, заңды тұлғалар үшін – 10 (он) миллион АҚШ долларынан асатын сомада шетел валютасын бір операциялық күні сатып алу түрінде жүргізілетін конверсиялық операциялар жатады.

      Егер валюталық шарт талаптарында осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарға сәйкес келген операциялар жасау көзделсе валюталық шартты (келісімшартты) есептік тіркеу кезеңінде Заңды тұлғалардың конверсиялық операцияларына алдын ала мониторинг және зерделеу жүргізуге рұқсат етіледі.

      Егер клиент конверсиялық операциялар бойынша алдын ала мониторингтен және зерделеуден өтпесе, онда клиент конверсиялық операциялар жасаған кезде және клиент осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген шекті күн ішінде бір мезгілде қол жеткізген кезде, шетел валютасын сатып алуға арналған келесі өтінімдер конверсиялық операция жасалатын күнге дейін кемінде 1 жұмыс күні бұрын қабылданады.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген талаптар клиенттердің бағалы қағаздар сатып алу бойынша мәмілелер шеңберінде берілген шетел валютасын сатып алуға, клиенттердің ағымдағы қарыздарын қайта қаржыландыруға, сондай-ақ оған қатысты тиісті тексеру рәсімінен өткен бейрезиденттің операцияларына арналған олардың өтінімдеріне қолданылмайды.

      Конверсиялық операция мониторингі және зерделеу рәсіміне қолжетімді дереккөздерден мына шаралар кіреді, бірақ бұлармен шектелмейді:

      операцияны қаржыландыру үшін ақшаның шыққан көзін, оның ішінде қаржылық есептілікті талдау арқылы зерделеу;

      бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру;

      заңды тұлғаның іскерлік мәртебесін тексеру, қызметіне талдау жасау, қызметті жүзеге асыруға лицензияның, рұқсаттың болуын тексеру;

      КЖ/ТҚҚ туралы заңның 13-бабының 1-тармағына сәйкес іскерлік қатынастар орнатудан бас тартылған (іскерлік қатынастар тоқтатылғанға тең) клиенттің банк тізімінде болуын және (немесе) болмауын тексеру.

      КЖ/ТҚ тәуекелі жоғары елдерді және оффшор аймақтары тізбесіне енгізілген елдерді ескере отырып клиентте операциялардың болуын және (немесе) болмауын тексеру;

      ашық қолжетімді дереккөздердегі осы бөліктің үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы абзацтарында көрсетілген клиенттің контрагенті туралы ақпаратты тексеру;

      клиент жасаған операцияны ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен ашық экономикалық мәні немесе анық көрінетін заңды мақсаты жоқ белгілердің болу-болмауына тексеру.

      Уәкілетті орган күдікті конверсиялық операциялар мониторингі және зерделеу рәсімдерін сақтау мақсатында клиентті тиістінше тексеру талаптарын қайта қарау қажеттілігін негіздей отырып нұсқау жіберген жағдайда, банк клиентті нұсқауды ескере отырып тиісінше тексерудің қосымша шараларын әзірлейді және қолданады.

      33. Операцияны шекті ретінде жіктеудің заңды болуы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттен тыс, күдікті операцияны немесе қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың үлгілеріне, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларды анықтаған кезде, аталған операцияны анықтаған банк қызметкері мұндай операция туралы жауапты қызметкерге (КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімшеге) банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде хабарлама жібереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламаларды, сондай-ақ оларды зерттеу нәтижелерін банк операция жасалғаннан кейін кемінде бес жыл сақтайды.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

6-тарау. Банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы

      34. Банк қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнаманың, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және банктің өзге де ішкі құжаттарының талаптарын орындау үшін қажетті білім алуы және дағдыларды қалыптастыруы банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты болып табылады.

      35. Оқыту бағдарламасына:

      1) оқытудың тақырыптарын, өткізудің әдістерін, мерзімдерін және оқытуды өткізуге жауапты бөлімшені қамтитын қызметкерлерді оқыту рәсімі;

      2) қызметкерлері оқытудан өтетін банк бөлімшелерінің тізбесі;

      3) оқыту нәтижелерін сақтау тәртібі мен нысандары;

      4) банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша білімдерін тексеру тәртібі мен нысандары енгізіледі.

      36. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес банк қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарды ескере отырып, оқытуды өткізудің нысандары мен мерзімділігін белгілейді.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.