"Жануарлар дүниесiн мемлекеттiк қорғау туралы ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/146 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 22 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 29 қаңтарда № 19937 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/146 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10700 болып тіркелген, 2015 жылғы 17 сәуірде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау туралы ережеде:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын;

      "4. Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғаудың лауазымды тұлғалары: директор, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлар болып табылады.

      Жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғауға өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін:

      1) жеке және заңды тұлғалардың аң және (немесе) балық аулау құқығын беретін құжаттарын тексеру;

      2) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау;

      3) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды ұстап, құқық қорғау органдарына жеткізу;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көлік құралдарын, өзге де объектілер мен орындарды, ал қажет болған кезде - ұсталған адамдардың жеке заттарын жете тексеру;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жеке және заңды тұлғалардан Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұза отырып пайдаланылған атыс қаруын, аулау құралдарының тыйым салынған түрлерін, заңсыз ауланған жануарлар дүниесі объектілері мен олардың тіршілік ету өнімдерін алып қою және олардың одан әрі тиесілі болуы туралы мәселені шешу;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айырым белгілері бар нысанды киім (погонсыз) кию және қызметтік қару алып жүру құқығы беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
М. Мирзагалиев