Жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын, оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 29 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 23 қаңтарда № 19913 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 43-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Бекітілсін:

      1) жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысы 27 059 855 000 теңге көлемінде;

      2) орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын алатын және төмендегілерді іске асыратын жекеменшік орта білім беру ұйымдарындағы оқуға ата-ана төлемақысының шекті мөлшері:

      бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратындар үшін жылына тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 1 200 еселенген мөлшерінде;

      Халықаралық Бакалавриат ұйымында авторизациядан немесе халықаралық институционалдық аккредиттеуден өткен дербес әзірленген интеграцияланған білім беру бағдарламаларын іске асыратындар үшін жылына тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және қолданыста болған айлық есептік көрсеткіштің 2 400 еселенген мөлшерінде.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті (Ж.И. Рахметова) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов