ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі
"Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2015 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 7-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатқан кезде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Е.М. Әукеновке жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
Б. Нурымбетов |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 20 қаңтардағы № 14 бұйрығымен бекітілген |
Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатқан кезде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мүгедектерге тауарлар мен қызметтерді Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатқан кезде олардың құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 1-тармағының 7-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектерге сатылған кезде тауарлар мен қызметтердің құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу тәртібін көздейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) арнайы жүріп-тұру құралдары – мүгедектердің белсенді және пассив қозғалысына арналған техникалық көмек түрі;
2) әлеуметтік қызметтер порталы (бұдан әрі – Портал) - әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің бөлігі, мүгедектерге санаторий-курорттық емдеу, протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар, арнайы жүріп-тұру құралдарын (бұдан әрі – тауарлар), сондай-ақ жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін (бұдан әрі – қызметтер); сатып алу мүмкіндігін беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
3) жеке көмекші – мүгедекке ілесіп жүру бойынша әлеуметтік қызметтер көрсететін маман;
4) протездік-ортопедиялық көмек – мүгедектерге протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету және оларды қолдануға үйрету бойынша медициналық-техникалық көмектің мамандандырылған түрі;
5) протездік-ортопедиялық құралдар – жетіспейтін аяқ-қолдарды немесе дененің басқа бөліктерін ауыстыратын, ауру немесе денсаулығына зиян келтіру салдарынан бұзылған немесе жоғалған организм функцияларының орнын толтыратын құралдар;
6) техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар – протездік-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар және міндетті гигиеналық құралдар;
7) ымдау тілінің маманы – еститін және естімейтін адамдар арасында делдалдық қызметтерді көрсетумен байланысты әлеуметтік қызметтерді көрсететін маман;
8) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;
3. Портал арқылы сатылған тауарлардың және / немесе қызметтердің құнын өнім берушілерге өтеуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органы (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.
2-тарау. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектерге сатқан кезде тауарлар мен қызметтердің құнын мемлекеттік бюджет қаражатынан өтеу тәртібі
4. Өнім берушіге тауарлар мен қызметтердің құнын өтеу:
1) жеке көмекшінің қызметтері;
2) ымдау тілі маманының қызметтері;
3) санаторлық-курорттық емдеу;
4) протездік-ортопедиялық көмек көрсету;
5) арнайы жүріп-тұру құралдары;
6) техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар үшін кепілдік берілген сома шегінде жүзеге асырылады.
5. Уәкілетті органның тауарлар мен қызметтердің құнын өтеуі мүгедектің өтініші мен өнім беруші ұсынған және Порталда ЭЦҚ арқылы куәландырылған растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) жеке көмекшінің ілесіп жүрі парақтары, ымдау тілі маманының ілесіп жүру парақтары, санаторлық-курорттық емдеуден өткендердің тізімдері қоса берілген көрсетілген қызметтер актісі, протездік-ортопедиялық құралдар ведомостары, шот-фактуралар – жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызеттері, санаторлық-курорттық емдеу, протездік-ортопедиялық көмек көрсету үшін;
2) кассалық чекті және/немесе өнім берушінің жеткізуін растайтын құжат, қоса берілген тауар(лар)ды қабылдау-беру актісі, шот-фактура – сөйлеу процессорлары мен есту аппараттарын есепке алмағанда, арнайы жүріп-тұру құралдары, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар үшін;
3) көрсетілген қызметтер ведомостары қоса берілген көрсетілген қызметтер актісі, шот-фактуралар –кохлеарлық имплантқа сөйлеу процессорын ауыстыру және есту аппараттарымен қамтамасыз ету қызметтері үшін.
6. Осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген ұсынылған құжаттар толық болмаған жағдайда, уәкілетті орган құжаттарды алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде өнім берушіні ескертулерді жою үшін хабардар етеді.
7. Тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің кепілдендірілген көлеміне ақы төлеуді уәкілетті орган күнтізбелік 14 күннен кейін, бірақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде тауарларды және/немесе қызметтерді алу туралы растау құжаттары келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей, "Мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2005 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығымен (Нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10370 болып тіркелген) бекітілген нысандар бойынша жүргізіледі.
8. Мүгедек тауарды өнім берушіге қайтарған және/немесе қызмет көрсетпеу фактіні анықталған жағдайда, өнім беруші тауарлардың және (немесе) қызметтердің құнын уәкілетті органға күнтізбелік 15 күн ішінде қайтаруды жүзеге асырады.