Шемонаиха аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 қазандағы № 29/7-VІ "Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау қағидаларын бекiту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха аудандық мәслихатының 2019 жылғы 6 қарашадағы № 46/3-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2019 жылғы 14 қарашада № 6274 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы", 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулыларына сәйкес Шемонаиха аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Шемонаиха аудандық мәслихатының 2018 жылғы 25 қазандағы № 29/7-VІ "Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындау қағидаларын бекiту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5-19-193 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде 2018 жылғы 16 қарашада жарияланған) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерi мен тәртiбiн айқындаудың қағидаларында:

      1 - тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;";

      2-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тұрғын үй көмегі аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткiзушiлер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) немесе "электронды үкімет" веб-порталына (бұдан әрі - портал) тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтiп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.";

      29-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығындар - 1 шаршы метрге 19,9 теңге.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы В. Геберт
      Шемонаиха аудандық мәслихатының хатшысы А. Боровикова