Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеудің және оны көрсету тәртібінің ережесін бекіту туралы

Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы мәслихатының 2019 жылғы 18 қаңтардағы № 34/227-VI шешімі. Шығыс Қазақстан облысы Әділет департаментінің Семей қаласындағы Әділет басқармасында 2019 жылғы 31 қаңтарда № 5-2-207 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 - бабының 2 - тармағына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 - бабының 1 - тармағы 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" № 2314 қаулысына сәйкес Семей қаласының мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеудің және оны көрсету тәртібінің қоса беріліп отырған Ережесі бекітілсін.

      2. Келесі шешімдердің күші жойылды деп танылсын:

      1) Семей қаласы мәслихатының 2015 жылғы 26 ақпандағы№ 37/200-V "Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеудің және оны көрсету тәртібінің ережесін бекіту туралы" шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 3803 болып тіркелген, 2015 жылғы 14 сәуірдегі № 29 "Семей таңы" және "Вести Семей" газеттерінде жарияланған);

      2) Семей қаласы мәслихатының 2016 жылғы 10 маусымдағы № 3/31-VI "Семей қаласы мәслихатының 2015 жылғы 26 ақпандағы № 37/200-V "Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеудің және оны көрсету тәртібінің ережесін бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4583 болып тіркелген, 2016 жылғы 26 шілдеде Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілер эталондық бақылау банкінде және 2016 жылғы 26 шілдеде № 59 "Семей таңы", "Вести Семей" газеттерінде жарияланған).

      3. Семей қаласы мәслихатының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 30/194-VI "Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеудің және оны көрсету тәртібінің ережесін бекіту туралы" шешімінің күші жойылсын.

      4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат сессиясының
      төрағасы Н. Қайырбеков
      Қалалық мәслихаттың
      хатшысы Б. Ақжалов

  2019 жылғы 18 қаңтардағы
№ 34/227-VI шешімге
қосымша

Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеудің және оны көрсету тәртібінің ережесі

      Осы Тұрғын үй көмегінің мөлшерін белгілеудің және оны көрсету тәртібінің ережесі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабының 2-тармағына, "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 (одан әрі - Ереже), "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулыларына, "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығына сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегінің мөлшерін және оны көрсетудің тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік қызметті уәкілетті орган - "Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі (одан әрі-уәкілетті орган) көрсетеді.

      Тұрғын үй көмегi жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен осы елдi мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):

      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      2. Тұрғын үй көмегi тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп–ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтерді тұтынуға және телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерiн тұтынуға, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй–жайды пайдаланғаны үшін осы мақсаттарға жұмсаған, белгiленген шығыстардың шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.

      Шекті жол берілетін шығыстар үлесі - отбасының (азаматтың) орташа айлық жиынтық кірісіне 7% көлемінде белгіленеді.

      3. Тұрғын үй көмегі жеткiзушiлер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы нысаналы жарналардың мөлшерiн айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу үшін көрсетіледі.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін отбасы (азамат) (нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) "Азаматтарға арналған үкімет "мемлекеттік корпорациясына коммерциялық емес акционерлік қоғамына" (одан әрі Мемлекеттік Корпорация) және "электрондық үкіметтің веб-порталына Ереженің 4-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін ұсынуға құқылы.

      5. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      6. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      7. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

      8. Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу тәртібі "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығына сәйкес белгіленген.

      9. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп – ұстауға, энергиямен, газбен қамтуға, жеделсатыларға қызмет көрсетуге, сумен қамтуға,суды бұруға, жылу энергиясына, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға, телекоммуникация қызметтеріне арналған шығындар қызмет көрсетушілер тарифтері бойынша өтініш берілген тоқсанның алдындағы тоқсанындағы орта есеппен ескеріледі.

      10. Коммуналдық қызметтерді тұтынудың есептеу құралдары бар тұтынушылар үшін есепке алынатын шығыстар алдындағы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде айқындалады.

      11. Тұрғын үй көмегі ағымдағы тоқсанда қабылданған өтініштер бойынша ағымдағы тоқсанға тағайындалады.

      12. Орталықтандырылған жылу қосылған үйлерде ыстық сумен қамтылмаған жағдайда ыстық су үшін төлем мөлшері электр энергиясы үшін есептелген сомадан әлеуметтік нормаларға сәйкес есептеп шығарылады.

      13. Жергілікті жылуы бар жеке үйлерде тұратын отбасыларға тұрғын үй көмегі жылына бір рет тоқсан үшін тағайындалады.

      14. Тұрғын үй көмегі мынадай отбасыларға берілмейді:

      - жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі бар немесе тұрғын үйді жалға (жалдауға) беретін;

      - құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін, жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органда тіркелмеген адамдары бар отбасылардың тұрғын үй көмегін алуға құқығы жоқ;

      - зейнеткерлерден;

      - мүгедектерден;

      - 18 жасқа дейінгі балалардан;

      - елу жасқа толған зейнеткерлік жас алдындағы тұлғалардан;

      - 1 және 2 топтағы мүгедектерді, 80 жастан асқан тұлғаларды, 7 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған, 18 жасқа дейін мүгедек балаларды күтіп – бағатын тұлғалардан басқа.

      15. Құрамында зейнеткерлер, мүгедектер, мүгедек балалар, асыраушысынан айрылған жәрдемақысын алатын балалар, тұл жетімдер, қорғаншылықтағы тұлғалар, төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларын қолдау мақсатында тұрғын үй көмегін есептеу барысында табысы Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамалық актісімен тиісті мерзімге белгіленетін екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (азайтылады).

      16. Алушы негізсіз алынған тұрғын үй көмегінің сомасын еркін түрде, ал одан бас тартқан ретте заңнамамен белгіленген тәртіппен кері қайтарады.

3. Әлеуметтік нормалар және нормативтер

      17. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу барысында мынадай:

      1) ауданының:

      жалғыз басты азаматтар үшін – 35 шаршы метр, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес;

      екі адамнан тұратын отбасы үшін – 51 шаршы метр;

      үш және одан көп адамнан тұратын отбасы үшін – отбасының әр мүшесіне шаққанда 18 шаршы метр;

      2) бір адамға айына газ шығыстары, бірақ бір отбасына айына 8 килограмнан аспайтын мөлшерде;

      3) айына тұтынған электр энергиясы;

      электр плиталарымен жабдықталған үйлерде тұратын бір адамға –100 кВт, бірақ отбасына 250 кВт-тан артық емес;

      газ плиталарымен жабдықталған үйлерде тұратын бір адамға – 70 кВт, бірақ отбасына 150 кВт-тан артық емес;

      4) тұрғын үйді ұстау үшін кондоминимум объектісін басқару нысанына қарамастан, ай сайынғы жарна мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес белгіленеді;

      5) жеке үйлердің жалпы ауданының 1 шаршы метріне көмірдің 129.8 кг, бірақ бір үйге 5000 кг. аспайтын нормалары ескеріледі.

      Көмірдің құнын есептеу үшін "Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі Комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша статистика департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі деректерінің негізінде Семей қаласы бойынша орташа бағалар пайдаланылады.

      Жеке меншік тұрғын үй (тұрғын ғимарат) иесінің жергілікті жерде жылу жүйесіне қолдану үшін отынның басқа түрінің бағасы және шығындар нормасын,тас көмірдің бағасымен шығындарды есептегеуде тұрғын үй көмегін баламалы нормада есептеу.

4. Тұрғын үй көмегін төлеу

      18. Тұрғын үй көмегі төлемдерінің қаржыландырылуы қала бюджетінің тиісті қаржы жылына қаралған қаражаты шегінде жүргізіледі.

      19. Тұрғын үй көмегінің төлемдері алушылардың жеке шоттарына аудару арқылы екінші деңгейдегі банктер арқылы жүргізіледі.

5. Қорытынды ережелер

      20. Осы Ережемен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.