Ломбардта заттарды сақтау, ломбардтардың үй-жайларының қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды белгілеу мәселелерін қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 226 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 6 желтоқсанда № 19709 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ломбардта заттарды сақтау, ломбардтардың үй-жайларының қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды белгілеу мәселелерін қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

      2019 жылғы "___" ____________

      ______________________

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 226 қаулысымен
бекітілді

Ломбардта заттарды сақтау, ломбардтардың үй-жайларының қауіпсіздігін және техникалық нығайтылуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды, ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды белгілеу мәселелерін қоса алғанда, ломбардтардың қызметін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ломбардтардың қызметін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Микроқаржы қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 27-бабының 4-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және ломбардтардың қызметін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда Заңда көрсетілген негізгі ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) атаулы сақтау түбіртегі - атаулы сақтау түбіртегінің мерзімі өтуі бойынша үш айдың ішінде сақталуда тұрған заттар мен ломбардтың заттарды сақтау жөніндегі міндеттері туралы мәліметтерді қамтитын, ломбард затты сақтау шартын жасасу кезінде беретін құжат;

      2) жүк беруші – атаулы сақтау түбiртегiнің талаптарына сәйкес ломбардқа затты сақтауға беретін жеке тұлға;

      3) кепіл билеті – кепіл нысаны мен микрокредит беру талаптары туралы мәліметтерді қамтитын, ломбард микрокредитті рәсімдеу кезінде беретін құжат;

      4) кепіл нысаны – жеке пайдалануға арналған, микрокредитті өтеу бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ететін жылжымалы мүлік;

      5) талап етілмеген зат – ломбардта сақталуда тұрған және атаулы сақтау түбіртегінің мерзімі өткеннен кейін жүк беруші талап етпеген зат.

      3. Ломбард:

      1) Заңда көзделген қызметті жүзеге асырады;

      2) кепіл билетін беру және қарыз алушының келісімін алу жолымен ломбардта микрокредит беру және заттар кепілі туралы шарттар жасасады:

      ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға (мемлекет қатысу бар кредиттік бюроны қоспағанда) және ішкі істер органдарына беру;

      кредиттік есепті алушыға және ішкі істер органдарына кредиттік есепті беру;

      3) ломбард аумағында заттардың сақталуын қамтамасыз ететін және оларға бөгде адамдардың кіруін болдырмайтын оларды сақтау үшін жағдайлар жасайды;

      4) кепіл затын микрокредитті өтеу мерзімі аяқталған күннен кейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн сақтайды;

      5) талап етілмеген затты атаулы сақтау түбіртегінің мерзімі өткеннен кейін үш ай бойы сақтайды;

      6) қарыз алушыға кепіл затының жоғалу немесе бүліну қатерінің туындағаны туралы дереу хабарлайды;

      7) қарыз алушы ломбард алдындағы өз міндеттемелерін орындағаннан кейін кепіл затын кепіл билетіне сәйкес дереу қайтарады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 21.02.2022 № 7 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Ломбардқа Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы, "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы және "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кепілге:

      1) жылжымайтын мүлікті;

      2) айналымнан алынған және айналымда шектелген заттарды;

      3) тыйым салынған мүлікті;

      4) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлікті;

      5) болашақта кепiл берушiнiң жеке меншігіне айналатын мүлiкті;

      6) тез бұзылатын шикізатты, тамақ өнімдерін;

      7) теріден тігілген және басқа да бағалы киiм-кешектерді, асхана сервиздерiн, бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк құндылығы бар заттарды қоспағанда, пайдаланылып жүрген киiм-кешекті, аяқ киiмді, іш киімді, төсек-орын жабдығын, ас үй және асхана керек-жарақтарын;

      8) балалар жабдықтарын;

      9) мүгедектердің жүріп-тұруына арнайы арналған көлік құралдарын, мүгедектердің жүріп-тұруына арналған техникалық қосымша (компенсаторлық) құралдар мен арнайы құралдарды;

      10) халықаралық және мемлекеттік жүлделерді, мемлекеттік ордендерді, медальдарды және Қазақстан Республикасының құрметті атақтарына төс белгілерін;

      11) құрамында бағалы металдар мен асыл тастар бар зергерлік бұйымдарды тұтастай және жиынтығын зергерлік бұйымдарды қалдықтары ретінде кепілге алуға рұқсат берілмейді.

2-тарау. Ломбардта заттарды сақтау шарттары

      5. Ломбардта затты сақтау шарты ломбард беретін атаулы сақтау түбіртегімен рәсімделеді.

      6. Ломбард атаулы сақтау түбіртегі нысанын дербес әзірлейді, ол мынадай мәліметтерден тұрады:

      1) ломбардтың атауы, заңды мекенжайы және нақты орналасқан жері;

      2) жүк берушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, азаматтығы, тіркеу бойынша мекенжайы, нақты тұрғылықты мекенжайы, жеке сәйкестендіру нөмірі, жүк берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi;

      3) заттың мынадай санаттарға сәйкес сыныптамасы:

      асыл металдардан және асыл тастардан жасалған зергерлік және басқа бұйымдар;

      бижутерия, монеталар, қымбат бағалы емес металдар және олардан жасалған бұйымдар;

      көлік құралдары;

      электр-техникалық жабдықтар;

      ұялы байланыс құрылғылары;

      өнер туындылары, коллекциялау мен антиквариат мүлiктерi;

      басқа заттар;

      ломбардтың ішкі құжаттарында сәйкес айқындалатын заттардың санаттары;

      4) заттың атауы және егжей-тегжейлі сипаттамасы (затқа байланысты: сериялық нөмірі, моделі, жай-күйі, шығарылған күні, салмағы, түсі, өлшемі);

      5) атаулы сақтау түбіртегінің мерзімі аяқталғаннан кейін талап етілмеген заттың үш айлық сақталу мерзімі;

      6) ломбардтың сақтауы және басқа да төлемдері үшін төлем мөлшері;

      7) заттың бағалау сомасы;

      8) жүк берушінің ломбардтан сақтау үшін төлем мен ломбардқа арналған басқа да төлемдер шегергеннен кейінгі затты сатқаннан түскен соманы алу құқығы;

      9) жүк берушінің пайдасына атаулы сақтау түбіртегінде көрсетілген затты өз есебінен, оны бағалаудың толық сомасында сақтандыру бойынша ломбардтың міндеттемесі;

      10) заттың сақтау орны мен шарттары.

      7. Талап етілмеген затты үш айлық сақтау кезеңінде және зат сатылған күнге дейін ломбард заттың сақталуына нұқсан келтірмейді.

3-тарау. Ломбардтар үй-жайларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық нығайту бойынша талаптар. Ломбардтарда заңсыз алынған заттардың айналымына қарсы іс-қимыл

      8. Ломбардтың үй-жайы операциялық кассадан, заттарды сақтауға арналған орыннан (құлыпқа жабылатын есігі бар оқшауланған үй-жайдан) және клиенттерге қызмет көрсету аймағынан тұрады.

      8-1. Заттарды сақтауға арналған орынның құрылғысы мыналарға сәйкес болуға тиіс:

      1) кірпіштен немесе беріктігі жағынан кірпіштен кем емес қабырғалар;

      2) қоймаға енуден қорғауды қамтамасыз ететін брондалған немесе металл кіретін есік;

      3) терезедегі металл торлар (олар бар болса);

      4) өрт сигнализациясының болуы.

      Заттарды сақтауға арналған орын операциялық кассада немесе жеке үй-жайда орналасады.

      Ескерту. 8-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.03.2020 № 20 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8-2. Егер ломбардтың қызметі микрокредиттерді жылжымалы мүлік кепілімен берумен ғана байланысты болған жағдайда, бұл ретте кепіл мүлкі кепіл берушінің иелігінде және пайдалануында қалса, заттарды сақтауға арналған орынның болуы талап етілмейді.

      Сауда, ойын-сауық кешендерінде және күзет пен күзет сигнализациясы қондырғыларын қоса алғанда, ғимаратқа заңсыз кірудің алдын алуға арналған қорғау жүйесі бар өзге ғимараттарда орналасқан ломбардтың заттарын сақтауға арналған орынды Қағидалардың 8-1-тармағы 1), 2) және 3) тармақшаларының талаптарын сақтамастан, ломбардтың ішкі құжаттарына сәйкес жайластыруға жол беріледі.

      Ескерту. 8-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 03.08.2020 № 71 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Ломбардтың үй-жайы:

      1) жазбаны кемінде 30 (отыз) тәулік сақтау функциясы бар бейнебақылау жүйесімен;

      2) сигналды жеке күзет ұйымының орталықтандырылған күзет пунктіне шығара отырып, күзет сигнализациясымен және шұғыл шақыру пультімен жабдықталады, елді мекендерде жеке күзет ұйымы болмаған жағдайда, қосымша электр қоректендіру көзі және ломбард басшысының немесе иесінің ұялы телефонына дабыл сигналын беру мүмкіндігі бар сигнализациямен жабдықталады.

      10. Ломбард кредиттік бюроға "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қарыз алушыға қатысты кез келген деректердің өзгергені немесе алынғаны туралы хабар береді, сондай-ақ кредиттік бюроға Қағидалардың 6-тармағының 3) және 4) тармақшаларына сәйкес кепілге қойылған мүлік және соттан тыс тәртіппен сатылуға жататын мүлік туралы мәліметтерді береді.

      Ломбард соттан тыс тәртіппен сатылуға жататын мүлік туралы мәліметтерді сауда-саттықты жүргізу күніне дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей кредиттік бюроға береді.

      11. Меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жағдайлары тіркелген кезде ішкі істер органдары Қағидалардың 6-тармағының 4) тармақшасына сәйкес ұрланған заттар туралы мәліметтерді ломбардтарға фотобейнені (бар болса) қоса бере отырып жібереді.

      Егер кепіл ретінде берілген зат ұрланған заттың сипаттамасына сәйкес келсе, ломбард бұл факт туралы ішкі істер органдарына дереу хабарлайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері объектісі Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген заттар болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық жағдайларына қолданылмайды.