Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 218 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 5 желтоқсанда № 19702 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 39-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес тізбе бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Сыртқы коммуникациялар департаменті - Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 218 қаулысына
1-қосымша

Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі

      1. Осы Жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі жеке тұлғаға берілген (берілетін) және жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруымен байланысты емес банктік қарызға (бұдан әрі – қарыз) қатысты қолданылады.

      2. Жеке тұлғаға берілген (берілетін) банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге:

      1) қарыз алуға өтінішті және құжаттарды қарағаны үшін;

      2) қарызды ұйымдастырғаны үшін;

      3) берілген қарыздың мынадай талаптарын өзгерткені үшін комиссиялар:

      өтеу кестесін;

      қарыз валютасын;

      сыйақы мөлшерлемесін;

      қарызды өтеу әдістерін;

      4) мына:

      қарыз алушының (тең қарыз алушының), кепіл берушінің (кепілгердің) бастамасы бойынша қарыз алушымен (тең қарыз алушымен), кепіл берушімен (кепілгермен) байланысты талаптардың өзгергені;

      қарыз бойынша кепіл мәні ауыртпалығы талаптарының өзгергені, сондай-ақ кепіл мәнін ауыстыру кезінде;

      кепіл берушіні ауыстырғаны;

      клиенттің өтініші бойынша клиенттің кредиттік досьесіндегі кепіл мәніне құқық белгілейтін құжаттарды ұсынғаны;

      клиенттің өтініші бойынша жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркеуге (тіркеуден шығаруға), кепілмен қамтамасыз ету аумағында жасалған қайта жоспарлауды, құрылыстарды, қосымша құрылыстарды заңдастыруға келісім туралы анықтаманы бергені;

      кепіл берушіні ауыстыру кезінде пайдалануға енгізілген мүлікке меншік құқығын және (немесе) кепіл құқығын ресімдеу бойынша қызметтер көрсеткені;

      жылжымайтын мүліктің нысаналы мақсатын өзгерткені, жер телімдерін үлестерге бөлу бойынша қызметтер көрсеткені;

      клиенттің өтініші бойынша кепілмен қамтамасыз ету болып табылатын көлік құралының тіркеу нөмірін ауыстыруға, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті қайта ресімдеуге, көлік құралы бойынша жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге рұқсат беру туралы анықтаманы беру жөніндегі мәселелерді қарағаны үшін комиссиялар;

      5) банктік қарыз шарты бойынша клиенттің міндеттемелерін қамтамасыз ететін және кепіл берушінің пайдалануындағы кепіл шарты бойынша кепіл мәнін сақтандырған жағдайда клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдерін қоспағанда, егер сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған жағдайда екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк) пайда алушы болса, клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері;

      6) клиенттің кепілдік (кепілгерлік) алу үшін кепіл берушіге (кепілгерге), кепілге берілетін мүлікті бағалау үшін бағалаушыға төлемдері;

      7) банкке клиенттерді тарту, клиенттер ұсынатын құжаттарды қарыз беру талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру, банктің клиенттерінен қарыздарды өтеу есебіне төлемдер мен аударымдарды қабылдау бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың (делдалдардың) пайдасына клиенттің төлемдері;

      8) клиенттің өтініші бойынша қарыз бойынша несие берешегі туралы анықтаманы бергені үшін;

      9) қарызды ішінара (толығымен) мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссиялар мен өзге де төлемдер жатады.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 28 қарашадағы
№ 218 қаулысына
2-қосымша

Қазақстан Республикасының күші жойылды деп танылатын кейбір нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13870 болып тіркелген, 2016 жылғы 29 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған);

      2. "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 186 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17440 болып тіркелген, 2018 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған);

      3. "Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін, жеке тұлғаға берілген банктік қарыз және микрокредит беруге және оларға қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 134 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 30 наурыздағы № 45 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18515 болып тіркелген, 2019 жылғы 24 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған).