БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 40 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13498 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 7 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларында:
1-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
"1-тарау. Жалпы ережелер";
2-тарау мынадай редакцияда жазылсын:
"2-тарау. Ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау тәртібі";
66-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"66. Пайдаланушы ұйым шындыққа ұқсайтын, соған сәйкес тәртіп бұзушылар ядролық материалға немесе ядролық қондырғыға қатысты диверсия жасауы мүмкін сценарийлерді қамтитын жергілікті жобалық қатерді дайындап, уәкілетті органға келісу үшін жібереді.";
2-тарау мынадай мазмұндағы 14-параграфпен толықтырылсын:
"14-параграф. Ядролық материалдарды тасымалдау кезінде физикалық қорғауды қамтамасыз етуге қойылатын талаптар.
321. Ядролық материалдарды көліктің барлық түрлерімен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы жерүсті, әуе және су жолдарымен тасымалдау олардың физикалық қорғалуын қамтамасыз еткен жағдайда жүзеге асырылады.
322. Ядролық материалдарды тасымалдау кезінде физикалық қорғау Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес, сондай-ақ Ядролық материалдарды физикалық қорғау туралы конвенцияның (бұдан әрі – Конвенция) талаптарын ескере отырып, "Қазақстан Республикасының ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияға қосылуы туралы" 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына және "Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияға Түзетуді ратификациялау туралы" 2011 жылғы 19 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Конвенцияға түзетулерге сәйкес ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде жүзеге асырылады.
323. Ядролық материалдарды тасымалдау кезіндегі физикалық қорғау деңгейі осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес Ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларына 1-қосымшада жіктелген ядролық материалды халықаралық тасымалдау кезінде қолданылатын физикалық қорғау деңгейіне сәйкес белгіленеді.
324. Ядролық материалдарды тасымалдау кезінде оларды физикалық қорғау міндеттері осы Қағидалардың 175-тармағында көрсетілген ядролық объектідегі физикалық қорғау міндеттеріне сәйкес келеді.
325. Ядролық материалдарды тасымалдау кезінде оларды физикалық қорғауды қамтамасыз ету үшін:
1) осы ядролық материалдың санатына сәйкес тасымалдау кезінде және уақытша сақтау кезінде ядролық материалды қорғау;
2) ядролық материалдардың жүру жолында болуының жалпы уақытын барынша шектеу;
3) ядролық материалды берудің (бір тасымалдау құралынан екіншісіне артық тиеу, ядролық материалды уақытша сақтауға беру және осы сақтаудан кейін осы материалды алу, сондай-ақ тасымалдау құралының келуін күту кезіндегі уақытша сақтау операциялары) саны мен ұзақтығын барынша азайту;
4) тасымалдау шарттарын ескере отырып, көлік құралдары қозғалысының графигін, кестесін және бағытын жасау;
5) ядролық материалды тасымалдауға қатысатын барлық адамдардың игілігі үшін міндетті алдын ала тексеру жүргізу;
6) тасымалдау туралы алдын ала ақпаратты білетін адамдар санын қажетті минимумға жеткізуді қамтамасыз ету;
7) орын алған қатерлерді бағалауға немесе жобалық қатерге сәйкес пассивті және (немесе) белсенді физикалық қорғау шаралары бар материалдарды тасымалдау жүйесін пайдалану;
8) дүлей зілзала, жаппай тәртіпсіздіктер аудандарын немесе белгілі қауіп төнген аймақтарды қиып өтпейтін маршруттарды анықтау;
9) персоналдың қатысуынсыз (бақылауынсыз) орамаларды және (немесе) тасымалдау құралдарын белгілі бір уақыттан артық қалдыру мүмкіндігін болдырмау;
10) көлік құралын жүргізетін, ядролық материалдарды алып жүретін және қорғауды жүзеге асыратын адамдардың тиісті рұқсатының болуын қамтамасыз ету;
11) көлік құралдарына белгілер мен жазбалар түсіруді және тасымалдау құжаттарына жүктің сипаты мен көлік құралдарының мақсаты туралы куәландыратын жазбаларды енгізуді болдырмау;
12) ядролық материалдарды жөнелтуді жүк алушыдан ядролық материалдарды қабылдауға дайын екендігі туралы жазбаша растауды алғаннан кейін ғана жіберу, ал ядролық материалдарды жүк алушы тасымалдаған жағдайда – сондай-ақ ядролық материалдарды тасымалдауға арналған лицензияны алғаннан кейін жүзеге асыру;
13) ядролық материалдарды тасымалдау туралы хабарламаларды беру үшін кодтау құралдарын және арнайы байланыс арналарын пайдалану;
14) жүк алушыны жүк жөнелтілгені туралы және жүк жөнелтушіні жүкті алғаны туралы хабардар етуді қамтамасыз ету;
15) тасымалданатын ядролық материалдардың қорғалуы мен қауіпсіздігін, жүру жолында немесе жүру бағыты бойынша авариялық жағдай туындаған жағдайда көлік құралына ықтимал шабуылға тойтарыс беруді қамтамасыз ететін қосымша шараларды бірлесіп анықтау мақсатында күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей жүк жөнелтушінің немесе жүк алушының Қазақстан Республикасының тиісті ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;
16) ядролық материалдарды тиеу және жөнелту алдында көлік құралдарын істен шығаруға, тасымалданатын ядролық материалдарды зақымдауға және (немесе) ядролық материалдарға қатысты рұқсатсыз іс-әрекеттер жасауға ықпал ететін құрылғылардың болмауы тұрғысынан көлік құралдарын қарап тексеруді қамтамасыз ету қажет.
326. Ядролық материалдардың әрбір жүгін жөнелту алдында жүк жөнелтуші және тасымалдаушы күзет және ден қою күштерімен бірлесіп, әртүрлі көлік түрлерін пайдалануға байланысты жүкті қалай да берген кезде қаптамадағы, көлік құралындағы, бөліктегі немесе жүк контейнеріндегі құлыптар мен пломбалардың бүтін болуын тексереді.
327. Жүк жөнелтуші жүк алушымен бірлесіп, көлік құралының орналасқан жері мен оның физикалық қауіпсіздігінің жай-күйіне үздіксіз мониторинг жүргізуді, сондай-ақ шабуыл жасаған жағдайда ден қою күштеріне хабарлауды және екі жақты байланыстың түрлі физикалық қағидаттарына негізделген кем дегенде екі тәсілмен жүкті алып жүрумен және ден қою күштерімен қолдауды қамтамасыз етеді.
Осы мониторингке жауапты персоналдың тиісті біліктілігі және құпия ақпаратқа рұқсаты болады.
328. Ядролық материалдарды тасымалдауды "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган берген лицензиясы бар тасымалдаушы жүзеге асырады.
329. Тасымалдаушы ядролық материалдарды тасымалдаған кезде физикалық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) техникалық жарамды және арнайы жабдықталған көлік құралдарын беруді;
2) белгіленген талаптарға сәйкес көлік құралдарын инженерлік және техникалық физикалық қорғау құралдарымен жабдықтауды;
3) арнайы дайындықтан өткен және жұмысқа тиісті рұқсаты бар жоғары білікті жүргізушілердің, экипаждардың немесе бригадалардың көлік құралдарын жүргізуін қамтамасыз етеді.
330. Ядролық материалдарды тасымалдау кезінде физикалық қорғауды қамтамасыз ету үшін тасымалдаушының жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған жүкті тасымалдау шартына сәйкес ядролық материалдарды көлік құралдарына тиеген сәттен бастап ядролық материалдарды көлік құралдарынан түсірген сәтке дейін туындайды.
331. Тасымалдау кезінде физикалық қорғауды қамтамасыз етуге тартылған көлік құралдарының жүргізушілері, экипаждардың немесе бригадалардың мүшелері, сондай-ақ күзет персоналы және бірге жүретін адамдар әрбір рейстің алдында көліктің тиісті түрлері үшін нұсқама мен медициналық қарап тексеруден өтеді.
332. І және ІІ санаттардағы ядролық материалдарды тасымалдау кезінде қорғау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік қорғауға жататын объектілерді айқындау қағидаларының 3-тармағында көзделген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
333. Ядролық материалдарды тасымалдайтын және күзетілетін көлік құралдарының жүк бөліктерінде пломбалар сақталған және пломбалардағы таңбалар жүк тасымалдау кезеңіндегі пломбалардың үлгілеріне сәйкес келген кезде, олар ашылмайды.
334. І және ІІ санаттардағы ядролық материалдарды автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде оның барлық жүру жолында жүкті үздіксіз күзету және Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері – жергілікті полиция қызметі (жол-патрульдік полиция) өкілдерінің қатарынан ілесіп жүру ұйымдастырылады.
335. І немесе ІІ санаттағы ядролық материалдарды темір жол көлігімен тасымалдау кезінде физикалық қорғау арнайы вагондарда жүзеге асырылады.
І немесе ІІ санаттағы ядролық материалдарды тасымалдау кезінде ілесіп жүретін персонал мен күзет және ден қою күштері жүктен оқшауланған қызметтік үй-жайларда немесе осы мақсаттар үшін арнайы жабдықталған жеке вагондарда орналастырылады.
336. І немесе ІІ санаттағы ядролық материалдарды әуе көлігімен тасымалдау кезінде физикалық қорғау тек жүк тасымалдауға ғана арналған әуе кемесінің бортында, құлыпталған және пломбаланған қауіпсіз бөлікте немесе контейнерде жүзеге асырылады.
Жүкті тек қана жүктерді тасымалдауға арналған әуе кемесінде тасымалдау керек, бұл әуе кемесінде ядролық материал жалғыз жүк болады.
337. І немесе ІІ санаттағы ядролық материалдарды теңіз және ішкі су көлігімен тасымалдау кезінде физикалық қорғау мамандандырылған көлік кемесінде жүзеге асырылады.
Ядролық материалдар құлыпталған және пломбаланған қауіпсіз бөлікте немесе контейнерде орналастырылады.
338. Ядролық материалдарды халықаралық қатынаста тасымалдау жөнелтуші мемлекет және алушы мемлекет, сондай-ақ аумағы бойынша тасымалдау жүзеге асырылатын өзге де мемлекеттер Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияның талаптарын орындаған кезде ғана жүзеге асырылады.
Ядролық материалдарды халықаралық қатынаста тасымалдау кезінде физикалық қорғауды қамтамасыз ету үшін тасымалдауға қатысушы мемлекеттер заңнамасының талаптарына сәйкес ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету қажет.
Барлық тасымалдауға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті мемлекеттік органдары тарапынан олардың мемлекеттерінің аумағы арқылы тасымалдау кезінде ядролық материалдар Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияда айқындалған деңгейден төмен емес деңгейде физикалық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетіні туралы міндеттемелер болған кезде ғана, ядролық материалдарды халықаралық қатынаста тасымалдау жүзеге асырылады.
339. Физикалық қорғауға жауапты тараптар Қазақстан Республикасының аумағы арқылы халықаралық қатынаста ядролық материалдарды тасымалдауды жүзеге асыру кезінде тиісті шаралар қабылдау үшін тасымалдау кезіндегі рұқсатсыз іс-әрекеттер жасағаны немесе мұндай іс-әрекеттерді жүзеге асыруға талпыныстары туралы төтенше жағдайларда ден қою жоспарына сәйкес уәкілетті органды, сондай-ақ осы Қағидалардың 35-тармағының 2) тармақшасына сәйкес басқа да мемлекеттік органдарды хабардар етеді.
340. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу кезінде ядролық материалдарға қатысты кедендік операциялар және оларды кедендік бақылау Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";
көрсетілген Қағидаларға 2-қосымшаның тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Пайдаланушы ұйым әзірлейтін құжаттама тізбесі".
осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 3-қосымшамен толықтырылсын.
2. "Ядролық материалдарды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 22 ақпандағы № 76 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13587 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 19 мамырда жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ядролық материалдарды тасымалдау қағидаларында:
192-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"192. ЯМ-ді тасымалдау кезінде ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияның және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 8 ақпандағы № 40 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13498 болып тіркелген) Ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларының ядролық материалдар мен ядролық қондырғыларды физикалық қорғау жөніндегі талаптарын басшылыққа алу қажет.";
193-тармақ алып тасталсын.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің м.а. | М. Досмухамбетов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 11 қарашада № 366 бұйрығына қосымша |
|
Ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларына 3-қосымша |
Ядролық материалдарды және ядролық қондырғыларды физикалық қорғау қағидаларына 1-қосымшада жіктелген ядролық материалды халықаралық тасымалдау кезінде қолданылатын физикалық қорғау деңгейлері
1. Ядролық материалды халықаралық тасымалдауға байланысты сақтау процесінде ядролық материалды физикалық қорғау деңгейлері:
1) ІІІ санаттағы материалдар үшін – оған кіру бақыланатын аймақ шегінде сақтауды;
2) ІІ санаттағы материалдар үшін – күзеттің немесе тиісті бақылау кезінде кіретін саны шектеулі нүктелері бар физикалық кедергімен қоршалған электрондық аспаптардың тұрақты қадағалауында болатын аймақ шегіндегі немесе физикалық қорғаудың осындай деңгейі бар кез келген аймақ шегіндегі сақтауды;
3) І санаттағы материалдар үшін – ІІ санаттағы материалдар үшін жоғарыда айқындалғандай, оған қолжетімділік, бұдан басқа, сенімділігі анықталған және қарсы әрекет етуші күштермен тұрақты түрде тығыз байланыста болатын адам ғана рұқсат ететін қорғалатын аймақ шегіндегі сақтауды қамтиды. Осындай жағдайда қолданылатын нақты шаралардың мақсаты кез келген шабуылды, рұқсат етілмеген қол жетімділікті немесе материалды рұқсатсыз алуды анықтау және жолын кесу болып табылады.
2. Халықаралық тасымалдау кезінде ядролық материалды физикалық қорғау деңгейі:
1) ІІ және ІІІ санаттағы материалдар үшін – тасымалдау сақтықтың арнаулы шараларын сақтай отырып жүзеге асырылады, оған жүк жөнелтушінің, жүк алушының және жүк тасымалдаушының арасындағы алдын ала уағдаластық және тасымалдау кезіндегі жауапкершілікті жүктеу үшін уақытын, орынды және рәсімді айқындайтын экспорттаушы және импорттаушы мемлекеттердің құқықтық құзырындағы және солардың құқықтық актілерін басшылыққа алатын жеке немесе заңды тұлғалардың арасындағы алдын ала келісім жатады;
2) І санаттағы материалдар үшін – тасымалдау ІІ және ІІІ санаттағы материалдарды тасымалдау үшін жоғарыда анықталғандай, сақтықтың арнаулы шараларын сақтай отырып және бұдан басқа, күзетудің тұрақты бақылауымен және қарсы жауаппен әрекет ететін тиісті күштермен тығыз байланысты қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады;
3) кен немесе кен қалдықтары нысанынан айырмашылығы бар нысандағы табиғи уран үшін 500 килограмнан асатын мөлшерді тасымалдауды қорғау тасымалдау туралы алдын ала хабарлауды қамтиды, онда көлік түрі, келудің болжамды уақыты және жүкті алғаны туралы растау көрсетіледі.