Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру қағидаларын және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы" 2009 жылғы 26 қарашадағы № 801 және "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге тарифтерді бекіту туралы" 2018 жылғы 5 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-10 бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2019 жылғы 5 қарашадағы № ҚР ДСМ-141 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 6 қарашада № 19556 болып тіркелді.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 23-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру қағидаларын және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 26 қарашадағы № 801 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5946 болып тіркелген, 2010 жылы Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының актілері жинағының № 7 жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру қағидаларында:

      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Жаңа және (немесе) қайта қаралған тарифтер Кодекстің 23-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті органмен бекітілуге тиіс.";

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Тарифтерді есептеу Әдістемеге сәйкес осы Қағидалардың 17-тармағында бекітілген талаптарды ескере отырып, 12 және 13-тармақтарда көрсетілген ақпаратты денсаулық сақтау субъектілерінен алған күннен бастап жұмыс органы 6 ай ішінде жүзеге асырады.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық қызметтерге арналған тарифтерді қалыптастыру әдістемесінде:

      3-тармақтың 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) өзге шығыстарды, оның ішінде интернетті қоса алғандағы байланыс қызметтері, іссапар шығыстары, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, үй-жайды жалға алу, кеңсе және шаруашылық тауарларын, жанар-жағармай материалдарын, басқа тауарлар мен қызметтерді сатып алу (қамтамасыз ету), сервистік қызмет көрсету, банк қызметтері;";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Тікелей және жанама (үстеме) шығыстарды айқындау әдісінің негізінде бір медициналық қызмет көрсетуге арналған тарифті есептеу мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:

      Қмқ_i-Р = Штікелей_i + Шүстеме_i, мұнда:

      Қмқ i-Р - тікелей және жанама (үстеме) шығыстарды айқындау әдісінің негізінде түзету коэффициенттерін есепке алмай есептелген бір медициналық қызметтің орташа есеп айырысу құны;

      i - медициналық қызметтер тарификаторына сәйкес тізбе бойынша медициналық қызметтің түрі;

      Штікелей-i - i-ші медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге осы Әдістеменің 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларымен және осы Әдістеменің 3-тармағының 3) тармақшасымен көзделген шығыстарды және Әдістеменің 3-тармағының 7) тармақшасына сәйкес компьютерлік томографтарға және магниттік-резонанстық томографтарға сервистік қызмет көрсетуге (компьютерлік томографтың рентген түтікшесін ауыстыруды қоса алғанда) арналған шығыстарды қамтитын бір медициналық қызмет көрсетуге арналған тікелей шығыстардың орташа есеп айырысу сомасы;

      Шүстемеi - i-ші медициналық қызмет көрсетуге тікелей қатыспайтын денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлеріне қосымша (жанама) еңбекақы төлеуге осы Әдістеменің 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларымен және осы Әдістеменің 5) - 8) тармақшаларымен көзделген шығыстарды қамтитын бір медициналық қызметке есептегендегі үстеме шығыстардың сомасы, олар мынадай формула бойынша айқындалады:

      Шүстемеi = ЖАi х kүстеме, мұнда:

      ЖАi - i-ші медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге арналған шығыстардың орташа есеп айырысу сомасы, ол осы Әдістеменің 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес есептелген;

      k үстеме - үстеме шығыстардың коэффициенті, ол мынадай формула бойынша айқындалады:

      k үстеме = Шүстеме_МҰ / ЖАмп, мұнда:

      Шүстеме_МҰ - амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің үстеме шығыстарының орташа есеп айырысу сомасы, ол медициналық қызмет көрсетуге тікелей қатыспайтын денсаулық сақтау субъектілерінің қызметкерлеріне қосымша (жанама) еңбекақы төлеуге осы Әдістеменің 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларымен және осы Әдістеменің 3-тармағының 5)-8) тармақшаларымен көзделген шығыстарды қамтиды;

      ЖАмп - денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеуге арналған шығыстардың орташа есеп айырысу сомасы, ол осы Әдістеменің 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес есептелген.".

      2. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.10.2020 № ҚР ДСМ-170/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л. М. Ақтаеваға жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2019 жылғы 1 қазаннан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Министрдің міндетін атқарушы К. Надыров

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының
2019 жылғы 5 қарашадағы
№ ҚР ДСМ-141 бұйрығына
қосымша

      Ескерту. Қосымшаның күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.10.2020 № ҚР ДСМ-170/2020 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.