БҰЙЫРАМЫЗ:
1. "Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 211 және Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 185 бірлескен бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17020 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2018 жылғы 20 маусымда жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектерді және уранды өндіру кезеңінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру қағидаларында:
6-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) жер қойнауын пайдаланушының жұмыскерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасының азаматтарын оқытуға, оның ішінде орта білім беру ұйымдарының оқушыларын кәсіптік бағдарлауға;";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Жер қойнауын пайдаланушы Кодексте және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелердің мөлшері шеңберінде осы Қағидалардың 6-тармағының 1) – 4) тармақшаларында көрсетілген бағыттар бойынша қаржыландыру көлемдерін дербес айқындауды жүзеге асырады.";
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Жер қойнауын пайдаланушы Кодексте және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта белгіленген міндеттемелер мөлшерінің 30 % (пайызына) дейін:
1) қазақстандық кадрларды, жер қойнауын пайдаланушының қызметкерлері болып табылмайтын Қазақстан Республикасы азаматтарының төменде көрсетілген санаттарын оқытуға:
1-ші, 2-ші және 3-ші топ мүгедектері;
жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, жиырма бір жасқа толмаған, кәмелет жасына дейін ата-анасынан айырылған балалар;
көпбалалы отбасылар;
толық емес отбасыларды оқытуға;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жалпы орта білім беру ұйымдарының оқушыларын энергетика саласының мамандықтары бойынша кәсіптік бағдарлауға қаржыландыруды жүзеге асыруы мүмкін.";
мынадай мазмұндағы 12-тармақпен толықтырылсын:
"12. Алдыңғы жылдың қорытындылары бойынша оқытуды қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындау шеңберінде игерілмеген қаражатты жіберу осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.".
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бірлескен бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1, 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі