Мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 12 тамыздағы № 193/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 15 тамызда № 19249 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидалары бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асырылуын қолдап отыру және дамыту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 19 қыркүйектегі № 159 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14523 болып тіркелген, 2017 жылғы 12 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Цифрландыру департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2019 жылғы 12 тамыздағы
№193/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асыруды қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 17) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеуді, іске асыруды, іске асырылуын қолдап отыруды, мониторингтеуді және дамыту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жоба (бұдан әрі – АКТ жоба) – "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту және қолдап отыру жөніндегі экономикалық негізделген жұмыс кешені, оны қаржыландыру бюджет қаражаты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылады;

      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобалық құжаттар жобасы (бұдан әрі – жобалық құжаттар) – іске асырудың орындылығын, жобаның техникалық-экономикалық параметрлерін, сондай-ақ негізгі техникалық және технологиялық шешімдерді ашатын, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаның сипаттамасын қамтитын инвестициялық ұсынысты, қаржы-экономикалық негіздемені, конкурстық құжаттаманы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша бизнес-жоспарды қамтитын құжаттар жиынтығы;

      3) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобалар портфелі (бұдан әрі – АКТ жобалар портфелі) – іске асырылуын тиімді басқару мақсатында біріктірілген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобалардың жиынтығы;

      4) ақпараттық қамтамасыз ету – шешімдер қабылдау үшін пайдаланылатын құжаттардың, деректердің және электрондық ақпараттық ресурстардың қолжетімділігі;

      5) мемлекеттік орган (бұдан әрі – МО) – орталық атқарушы орган, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы;

      6) ақпараттық өзара іс-қимыл – МО құрылымдық бөлімшелерінің, МО ведомстволық бағынысты ұйымдарының, басқа МО-лардың, жеке және заңды тұлғалардың арасындағы мәліметтер мен ақпараттар алмасу процесі;

      7) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ақпараттандыру және "электрондық үкімет" саласында басқаруды және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      8) МО архитектурасы (бұдан әрі – МО архитектурасы) – МО міндеттерін, функцияларын, ұйымдық құрылымын, электрондық ақпараттық ресурстарын, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын және олардың өзара байланысын қоса алғанда ағымдағы және жоспарланатын жай-күйінің сипаттамасы;

      9) МО архитектурасының ағымдағы жай-күйі (бұдан әрі – МО-ның ағымдағы архитектурасы) – әзірлеу сәтіндегі жай-күйі бойынша МО архитектурасының көрінісі;

      10) МО архитектурасының нысаналы (жоспарланатын) жай-күйі (бұдан әрі – МО-ның нысаналы архитектурасы) – МО бес жылдық ақпараттандыру стратегиясын айқындайтын МО архитектурасының болашақ уақыттағы көрінісі;

      11) МО архитектурасының ауқымы (бұдан әрі – МО архитектурасының ауқымы) – құрылымдық және ұйымдастыру бірліктерінің санымен және орындаудың уақыт шегімен сипатталатын МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту жөніндегі жұмыстардың шекарасы;

      12) МО архитектурасының мәнмәтіні (бұдан әрі – МО архитектурасының мәнмәтіні) – МО жұмыс істеуінің ішкі ортасы және сыртқы жағдайлары, оның аясында МО архитектурасын әзірлеу және дамытуы жүзеге асырылады;

      13) МО архитектурасының және (немесе) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаның мүдделі тарапы (бұдан әрі – мүдделі тарап) - қызметіне мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру және мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды қалыптастыруға арналған "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілеріне қатысты күтуі мен мүдделері бар МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту ықпал ететін заңды тұлға (мемлекеттік заңды тұлға, қазыналық кәсіпорын, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын, квазимемлекеттік сектор субъектісі);

      14) "электрондық үкiметтiң" сервистік интеграторы (бұдан әрі – сервистік интегратор) – "электрондық үкіметтің" архитектурасын және "электрондық әкімдіктiң" үлгілік архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ осы Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын заңды тұлға;

      15) МО архитектурасын ұсыну (бұдан әрі – ұсыну) – миссияны, мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттерді, функцияларды, ұйымдық құрылымды, электрондық ақпараттық ресурстарды, МО ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымын және олардың өзара байланысын қоса алғанда, мемлекеттік органның белгілі бір уақыт сәтіндегі жай-күйін көрсететін сәулет артефактілері (тізімдер, кестелер мен модельдер) түріндегі МО қызметі объектілерінің формалды сипаттамасы және олардың өзара байланысы;

      16) МО архитектурасын шектеу (бұдан әрі – шектеу) – МО архитектурасына жүктелген ведомствоішілік немесе сыртқы шектеулер, талаптар немесе шарттар;

      17) МО архитектурасын әзірлеуді, дамытуды және іске асыруды қолдап отыруды әдістемелік қамтамасыз ету (бұдан әрі – әдістемелік қамтамасыз ету) – Заңның 12-бабының 3) тармақшасына сәйкес сервистік интегратор әзірлеген және енгізген МО архитектурасын әзірлеу, дамыту және іске асыруды қолдап отыру жөніндегі әдістеме.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

      3. Мемлекеттік органдардың архитектураларының жиынтығы "электрондық үкіметтің" архитектурасын құрайды.

      4. МО архитектурасы мынадай міндеттерді шешуге арналған:

      1) МО ақпараттандырудың орта мерзімді жоспарын қалыптастыру;

      2) МО ақпараттандыруға арналған шығыстардың басым бағыттарын айқындау;

      3) МО ақпараттандыруға арналған шығыстарды оңтайландыру;

      4) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің қайталануын болдырмау және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін МО-да немесе бірнеше МО-да бірлесіп пайдалану үшін мүмкіндіктер жасау;

      5) МО мемлекеттік функцияларын автоматтандырудың және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетудің оңтайлы деңгейі мен форматын айқындау;

      6) МО мақсаттары мен міндеттерін іске асыруда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (бұдан әрі – АКТ) оңтайлы таңдауды және тиімді енгізуді қамтамасыз ету;

      5. МО архитектурасы МО-ның ағымдағы архитектурасының, МО-ның нысаналы архитектурасының сипаттамасын, МО ақпараттандыруды және МО архитектурасын іске асыруды орта мерзімді жоспарлауды қамтиды.

      6. МО нысаналы архитектурасы МО-ның қызметін ақпараттандырудың бес жылдық жоспарын көрсетеді.

      7. МО архитектурасын қалыптастыру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) МО архитектурасын әзірлеуге немесе дамытуға бастамашылық жасау;

      2) МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту;

      3) МО архитектурасын іске асыру;

      4) МО архитектурасының іске асырылуын қолдап отыру және іске асырылуын мониторингтеу.

      8. "Электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасы мына құрылымдық элементтерден тұрады:

      1) жергілікті атқарушы органдарды ақпараттандырудың нысаналы индикаторларының үлгілік жиынтығы;

      2) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға (бұдан әрі – АК-инфрақұрылымы) қойылатын функционалдық емес талаптардың үлгілік жиынтығы және АК-инфрақұрылымы компоненттерінің үлгілік құрамы;

      3) мыналарды қамтитын типтік жиынтық:

      жергілікті атқарушы органдар функцияларының топтары және оларды автоматтандырудың стандартты тәсілдерінің сипаттамасы;

      орталық атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы ақпараттық ресурстар және оларды жүргізу, мәліметтерді басқару және алмасу тәсілдерінің сипаттамасы;

      жергілікті атқарушы органдардың функциялар тобын автоматтандыруға бағытталған бағдарламалық өнімдерге қойылатын функционалдық талаптар мен автоматтандыру салаларының сипаттамасы;

      4) Қазақстанның барлық қалалары бойынша "Ақылды қалалар" бастамасын іске асыру үшін қажетті акт-жобаларға қойылатын міндетті үлгілік базалық ең төменгі талаптар.

      9. "Электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын дамыту "электрондық әкімдік" архитектурасының құрылымы ретінде сервистік интегратор әзірленген МО архитектураларын талдау қорытындылары бойынша уәкілетті органға "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасының құрылымдық элементтерін өзгерту және дамыту жөнінде ұсыныстар енгізе отырып, жүзеге асырылады.

      10. Сервистік интегратор ағымдағы уақытта МО орналасқан МО архитектурасын басқару бойынша жетілу деңгейін анықтау үшін МО-ның архитектурасын басқару жөніндегі процестердің дайындық деңгейін бағалауды (бұдан әрі – Бағалау) жүргізеді.

      Бағалау Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 27 қаңтардағы № 32/НҚ және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының 2020 жылғы 28 қаңтардағы № 25 бірлескен бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19950 болып тіркелген) бекітілген "Мемлекеттік органның ұйымдастырушылық дамуы" блогы бойынша мемлекеттік органдар қызметін операциялық бағалау әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес жүргізіледі.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 12.04.2021 № 126/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту тәртібі

1-Параграф. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту бастамашылығы

      11. Заңның 9 және 10-баптарының 5) тармақшалары талаптарын іске асыру мақсатында МО архитектураларын әзірлеу бастамашылығын қамтамасыз етеді. МО цифрландырудың орта мерзімді жоспарлау құжатын әзірлеуді жоспарлаған жағдайда немесе Әдістемеге сәйкес айқындалатын "Ақпараттық технологияларды қолдану" бағыты бойынша МО-да қорытынды баға үш және одан да көп жыл бойы төмен болған жағдайда МО архитектураны әзірлеу бастамашылығын қамтамасыз етеді.

      12. МО архитектурасын әзірлеуді үйлестіру шеңберінде уәкілетті орган:

      1) МО архитектураларын әзірлеудің немесе дамытудың орташа мерзімді жоспарын әзірлейді және бекітеді;

      2) архитектураны әзірлеуге немесе дамытуға өтінімді уақтылы беру қажеттілігі туралы МО-ға хабарлайды.

      13. Мыналар:

      1) МО архитектурасы әзірленген МО-дан, МО архитектурасы әзірленбеген МО-ға, сондай-ақ МО архитектурасы әзірленген МО-лардан МО-ларға реттелетін саладағы функциялар мен өкілеттіктерді бере отырып, оларды тиісті МО-ларға қайта құру жолымен Қазақстан Республикасының МО-ларын қайта ұйымдастыру;

      2) Нормативтік құқықтық актілерге немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесімен айқындалған, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мемлекеттік органның қызметін реттейтін жаңа өзгерістер және (немесе) толықтырулар қабылдау;

      3) МО-ның мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуді оңтайландыру және автоматтандыру қажеттілігі және де "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру немесе дамыту қажеттілігі;

      4) МО-ның қызметін ақпараттық қамтамасыз етуге, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілеріне, оның ішінде МО-ның функцияларының, құрылымының өзгерілуіне байланысты қойылатын талаптардың өзгеруі;

      5) ақпараттандыру саласындағы бюджеттік шығыстар құрылымының және (немесе) көлемінің өзгеруі;

      6) сервистік интегратордың МО архитектурасын іске асыруды сүйемелдеу шеңберінде МО архитектурасына өзгерістер енгізу немесе қайта өңдеу қажеттілігін анықтауы МО архитектурасы дамуының негіздемелері болып табылады.

      14. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту жөніндегі қызметтердің басымдылығы:

      1) мемлекеттік функциялар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру бойынша Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен талаптарын;

      2) ақпараттандыру жөніндегі іс-шаралар мен бастамалар, оның ішінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің ережелері, Қазақстан Республикасы Президентінің жолдаулары, жекелеген тапсырмалары, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің немесе оның орынбасарларының тапсырмалары құжаттарымен айқындалған МО қызметтерін;

      3) қолданылатын цифрлық трендтер мен АКТ-ны ескере отырып, МО қызметін орындау үшін тәсілдерді өзгертуді іске асырудың мерзімдеріне және кідіріссіз болуына негізделген.

      15. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамытудың бастамашылық процесі мына операцияларды қамтиды:

      1) МО архитектурасын дамыту және МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту басымдылығы негіздерін МО талдауы;

      2) МО-ның "электрондық үкімет" архитектуралық порталында (бұдан әрі – архитектуралық портал) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту негіздері мен басымдығын көрсете отырып, архитектураны әзірлеуге немесе дамытуға бастамашылық жасауға өтінім (бұдан әрі – өтінім) дайындау және оны электрондық құжат нысанында сервистік интеграторға жіберу;

      3) сервистік интегратордың келіп түскен Өтінімді қарастыруы және қызметтің басталу мерзімін, қызметті орындау мерзімін, келесі қаржы жылына талап етілетін бюджетті көрсете отырып, архитектуралық портал арқылы Өтінімге ұсыныстар жіберу;

      4) МО сервистік интегратор ұсынысын растау және архитектуралық портал арқылы оның мекенжайына еркін нысанда хабарлама жіберу;

      5) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен бекітілген, бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну ережелеріне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10007 болып тіркелген) (бұдан әрі – бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну ережелері) сәйкес, кезекті жоспарлы кезеңге арналған мемлекеттік органның бюджеттік өтініміне архитектура әзірлеу немесе дамыту бойынша қаржыландырудың қажетті көлемін енгізу.

      16. МО архитектурасын әзірлеудің немесе дамытудың негіздері мен басымдылығын талдау нәтижелері негізінде МО қызметті бастау және орындау мерзімдерін айқындау үшін келесі қаржы жылына талап етілетін қажетті бюджетке Өтінімді архитектуралық порталда қалыптастырады және сервистік интеграторға жібереді.

      Әзірленген МО архитектурасының жобасына арналған осы Қағидалардың 13-тармағының 1) тармақшасында айқындалған шарттар туындаған жағдайда, МО әзірленген МО архитектурасын дамытуға бастамашылық жасайды.

      17. Өтінімді қарауды сервистік интегратор келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде іске асырады.

      18. Өтінімді қарастыру шеңберінде сервистік интегратор МО архитектурасы ауқымын ескере отырып, сондай-ақ 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 101-бабының 2-тармағына сәйкес еңбек нормалары бойынша әзірленген және енгізілген сервистік интегратордың нормативтік құжаттарына сәйкес көрсетілетін қызметтің негізін бағалайды, басымдылығын белгілейді, МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту жөніндегі алдағы көрсетілетін қызметтердің көлемін айқындайды және оны орындау үшін қажетті ресурстарды, көрсетілетін қызметтерді бастау және орындау мерзімдерін, талап етілетін бюджетті жоспарлайды.

      Келіп түскен Өтінімді қарастыру қорытындылары бойынша сервистік интегратор архитектуралық портал арқылы МО-ға келесі қаржы жылына талап етілетін бюджетті, көрсетілетін қызметтерді бастау және көрсетілетін қызметтердің орындау мерзімдерін көрсете отырып ұсыныс жібереді.

      19. МО архитектурасын дамытудың қажеттілігі осы Қағидалардың 13-тармағында айқындалған негіздемелермен анықталады және МО архитектурасының өзгеруіне байланысты МО архитектурасының дамуы мынадай өзгерулер ауқымының деңгейлеріне бөлінеді:

      1) саланы (аяны) және онымен байланысты АКТ-жобаларды кешенді түрде қайта қарау қажеттілігіне байланысты МО архитектурасының өзгеруі;

      2) МО архитектурасының ағымдағы және нысаналы жай-күйінің түбегейлі өзгеруіне әкеп соқтыратын мемлекеттік органның құзыретіне, міндеттері мен функцияларына өзгерістер жүргізу қажеттілігіне байланысты архитектураны қайта өңдеу.

      МО архитектурасын қайта өңдеу МО архитектурасын әзірлеу үшін белгіленген көрсетілетін қызметтерді бастау мерзімінде, көрсетілетін қызметтерді орындау мерзімінде және талап етілетін бюджет белгіленгенде жүзеге асырылады.

      20. Сервистік интегратордың Өтінімді қарастыру нәтижелері бойынша сервистік интегратор ұсынған шарттарда оның түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде МО архитектуралық порталда ұсынысты растауды жүзеге асырады.

      21. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шығыстарды жоспарлауды МО Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 16 наурыздағы № 274 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13631 болып тіркелген) ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстарды есептеуді жасау, ұсыну және қарастыру жөніндегі нұсқаулыққа және бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларына сәйкес жүргізеді.

      Бюджеттік өтінімді қарастыру қорытындылары бойынша уәкілетті орган кезекті жоспарлы кезеңге арналған МО архитектураларын әзірлеуге немесе дамытуға бюджет қаражаты бөлінбеген жағдайда, МО архитектураларын әзірлеу немесе дамыту жоспарын өзектендіреді.

      22. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту бойынша қызметтер көрсетуге арналған шығыстардың қажетті көлемі осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес сервистік интегратор жіберген ұсыныс негізінде МО-ның кезекті жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік өтініміне енгізіледі.

      23. МО МО архитектурасын әзірлеу, іске асыруды қолдап отыру және дамыту үшін қажетті өкілеттіктері бар жұмыс тобын – архитектуралық кеңесін (бұдан әрі – архитектуралық кеңес) құрады, сондай-ақ сервистік интегратор үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайларды қамтамасыз етеді.

      Архитектуралық кеңес МО басшысы жанындағы тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады. МО басшысы Архитектуралық кеңестің сандық және дербес құрамын осы Қағидалардың 25-тармағында айқындалған құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатарынан бекітеді.

      24. Архитектуралық кеңес отырысының күн тәртібіндегі мәселелерді қарастыру нәтижелері әрбір мәселе бойынша дауыс беру қорытындыларын көрсете отырып, тиісті хаттамаға енгізіледі. Хаттама архитектуралық порталда қалыптастырылып, отырысқа қатысқан архитектуралық кеңес мүшелерімен келісу үшін электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы электрондық құжат нысанында жіберіледі. Архитектуралық кеңестің қабылдаған шешімі архитектуралық кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қойған хаттамамен бекітіледі. Архитектуралық кеңестің мүшелері қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, өз пікірін баяндайды және ол отырыс хаттамасына қоса тіркеледі.

      25. Архитектуралық кеңестің құрамына мына тұлғалар кіреді:

      МО-ның ақпараттандыру жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің басшысы немесе оны алмастыратын тұлға;

      мыналар:

      1) МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту үшін қажетті ақпаратты, материалдар мен құжаттарды жинауды және уақтылы ұсынуды қамтамасыз ету үшін;

      2) сұхбаттасуға және сауалнамаға қатысу, МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту нәтижелерін талқылау және келісу үшін мемлекеттік органның, саласын реттейтін және ерекше мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшенің басшысы немесе орынбасары, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері (келісім бойынша);

      МО архитектурасын әзірлеуді, іске асыруды қолдауды немесе дамытуды тікелей жүзеге асыратын сервистік интегратордың қызметкерлері.

      МО-ның ақпараттандыру бойынша жұмыстарын бақылау, ұйымдастыру және үйлестіруді жүзеге асыратын МО басшысының орынбасары Архитектуралық кеңестің басшысы болып табылады.

      МО-ның ақпараттандыру жөніндегі құрылымдық бөлімшесі Архитектуралық кеңестің жұмыс органы болып табылады және МО тарапы МО архитектурасын әзірлеу, іске асыру, іске асыруды қолдау немесе дамыту жөніндегі қызметті ұйымдастыруды және үйлестіруді қамтамасыз етеді. Архитектуралық кеңес айқындайтын мерзімдер мен күн тәртібіне сәйкес отырыстарға материалдар дайындау, оларды архитектуралық кеңестің мүшелеріне тарату, архитектуралық кеңес отырыстарының хаттамаларын дайындау жұмыс органының функциялары болып табылады.

2-Параграф. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту

      26. Орталық мемлекеттік органдарға, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдары үшін МО архитектурасын сервистік интегратор осы Қағидаларға, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 239 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17046 болып тіркелген) "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту жөніндегі талаптарға сәйкес, сондай-ақ МО мақсаттары мен міндеттемелері негізінде әзірлейді.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органыны үшін МО архитектурасы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 3 шілдедегі № 304 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17191 болып тіркелген) "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасына (бұдан әрі – "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасы), осы Қағидаларға, Талаптарға, сондай-ақ жергілікті атқарушы органның қызмет бағыты және әкімшілік-аумақтық бірлігінің әлеуметтік-экокномикалық ерекшеліктері есепке алына отырып, МО мақсаттары мен міндеттемелері негізінде әзірленеді.

      Сервистік интегратор МО архитектурасын әзірлеу және дамыту барысында осы Қағидаларды, Талаптарды, "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын және әдістемелік қамтылымды басшылыққа алады.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы үшін сервистік интегратор әзірлеген облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына арналған МО архитектурасы ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның, қаланың, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің жергілікті атқарушы органына арналған сипаттаманы және талаптарды қамтиды.

      27. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту жоспарына және бекітілген бюджеттік өтінімге сәйкес, МО 1 наурыздан кешіктірмей, ал МО архитектурасын дамыту (өзгерту) үшін 1 шілдеден кешіктірмей МО архитектурасын әзірлеу немесе дамытуды (қайта өңдеуді) сервистік интегратор жүзеге асыру үшін осы Қағидалардың 2-тарауының 1-параграфында көзделген талаптардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      28. Сервистік интегратор МО-ның талаптары мен күтулерін, оның ішінде:

      1) МО архитектурасының мәнмәтінін;

      2) МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту арқылы шешілетін МО қызметінің кемшіліктері мен шектеулерін;

      3) мүдделі тараптардың күтулері көрсетілген тізбесін МО архитектурсын әзірлеу немесе дамытудан қалыптастырады.

      29. МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту процесі мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) МО-ның ағымдағы архитектурасын айқындау;

      2) МО-ның стратегиялық мақсаттарын, нысаналы индикаторларын, міндеттерін, көрсеткіштері мен проблемаларын сипаттау;

      3) мақсатты МО архитектурасын қалыптастыру;

      4) МО-ның ақпараттандыруды және МО архитектурасын іске асыруын орта мерзімді жоспарлау (бұдан әрі – Іске асыру жоспары).

      30. Ағымдағы МО архитектурасын айқындау шеңберінде сервистік интегратор:

      1) жауапты МО мемлекеттік басқару саласын (аясын), олар жүзеге асыратын ерекше мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді айқындайды;

      2) оңтайландыру және автоматтандыруға жататын МО айқындаған көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолданыстағы тізбесін сипаттайды;

      3) МО-ның қызметінің ұйымдық құрылымы сипатталады және бизнес-процестер түрінде де МО архитектурасының ауқымы шеңберінде жүйелендіреді;

      4) МО архитектурасының ауқымы шеңберінде "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін зерттеу мен сипаттауды жүргізеді;

      5) МО-ның ақпарат көздерінің және ақпараттық өзара іс-қимыл ағындарының тізбесін қоса алғанда, қолданыстағы ақпараттық қамтамасыз етуді, сондай-ақ "электрондық үкіметтің" ішкі және сыртқы контурларының құрамдауыштарымен интеграциялауды сипаттайды;

      6) мемлекеттік органдардың қолданысындағы АКТ-жобаларына және ведомствоішілік, салалық және ведомствоаралық акт-жобаларының арасындағы тәуелділікке талдау жүргізеді.

      31. МО-ның стратегиялық мақсаттарын, нысаналы индикаторларын, міндеттері мен көрсеткіштерін, проблемалары мен мүмкіндіктерін сипаттау шеңберінде сервистік интегратор:

      1) әзірленетін МО архитектурасының түпмәтініне сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көрсетілген, МО мақсаттарының, міндеттерінің, нысаналы индикаторлары мен көрсеткіштерінің тізбесін сипаттайды;

      2) қызметтегі проблемаларды (кемшіліктер мен шектеулерді) айқындап, олардың туындауының ықтимал себептерін анықтайды, сондай-ақ оларды МО-да АКТ-ны қолдану арқылы шешу мүмкіндігін қарастырады.

      32. МО-ның нысаналы архитектурасын қалыптастыру шеңберінде сервистік интегратор:

      1) қолданылатын цифрлық трендтерді (1 жылдан 5 жылға дейін) ескере отырып, МО-ның қызметін орындау тәсілдерін өзгерту бойынша ұсыныстар қалыптастырады;

      2) Реттелетін салаларда (аяда) МО архитектурасының ауқымы шеңберінде мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді іске асыруды қамтамасыз ететін МО-ның бизнес-процестерінің нысаналы жай-күйін сипаттайды;

      3) ұсынылған АКТ-жобалары түрінде цифрландыру бойынша бастамалар тізбесін қалыптастырады.

      33. Іске асыру жоспары шеңберінде сервистік интегратор:

      1) нысаналы архитектураға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы акт-жобаларды және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін шоғырландыру, тоқтата тұру, іске асырудан бас тарту немесе қайта қарау, оның ішінде басымдықты өзгерту, оңтайландыру, бюджетті, іске асыру мерзімдері мен ауқымын өзгерту бойынша ұсыныстар қалыптастырады;

      2) акт-жобаларының нысаналы портфеліне цифрландыру бойынша бастамалар тізбесін қалыптастырады, ол оның ішінде оларды қайта қарау, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерінің қайталануын болдырмау және МО-да немесе бірнеше МО-ларда "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін бірлесіп пайдалану үшін мүмкіндіктер жасау жөніндегі ұсынымдарды ескере отырып, МО-ның ағымдағы АКТ-жобаларын қамтиды;

      3) мақсаты мен міндеттерін, іске асыру мерзімдерін, инвестициялардың қажетті көлемін, күтілетін нәтижелерді, автоматтандыруға жататын нысаналы бизнес-процестерге, ауқымына, ықпалдасуы мен іске асыру форматына байланыстырып мазмұнын көрсете отырып, АКТ-жобалар паспорттарының сипаттамасын жүргізеді;

      4) "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері туралы мәліметтерді пайдаланудан шығару, ауыстыру, балансқа қою, есепке алу және өзектендіру жөніндегі іс-шаралар тізбесін, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің үшінші деңгейдегі құжаттарына тиісті өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарды қалыптастырады;

      5) нысаналы МО архитектурасының АКТ-жобаларын іске асыру бойынша жоспар-кестені қалыптастырады.

      34. Сервистік интегратор МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту кезінде ақпараттандыру саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.

      35. Сервистік интегратор МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту процесін орындау нәтижелері бойынша Архитектуралық кеңеске нәтижелерді талқылау және келісу үшін таныстырылым өткізеді.

      МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту жөніндегі іс-шаралардың орындалу нәтижесі Архитектуралық кеңеспен келісілген МО архитектурасының жобасы болып табылады.

3-тарау. МО архитектурасын іске асыру

1-параграф. МО архитектурасы жобасын келісу және бекіту

      36. МО архитектурасын іске асыру мынадай сатыларды қамтиды:

      1) МО архитектурасы жобасын келісу және бекіту;

      2) МО архитектурасын іске асыру.

      37. МО архитектуралық әзірлеу немесе дамыту нәтижелері бойынша бес жұмыс күні ішінде МО архитектурасының жобасын уәкілетті органға келісуге жібереді және бір мезгілде Заңның 23-бабы 1-1-тармағының екінші абзацын іске асыру үшін осы Қағидалардың 33-тармағының 3) және 5) тармақшаларында көзделген іске асыру жоспарының материалдарын жария талқылау үшін архитектуралық порталда орналастырады.

      Осы Қағидалардың 19-тармағында көзделген архитектураны дамыту шеңберіндегі МО архитектурасының өзгерістері осы параграфқа сәйкес келісіледі және бекітіледі.

      38. МО-ның архитектуралық порталында іске асыру жоспарын жария талқылау мынадай шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады:

      жария талқылау үшін орналастырылған Іске асыру жоспарына мемлекеттік органдардан және МО-ның архитектуралық порталында тіркелген ұйымдардың (бұдан әрі – пайдаланушылар) ескертпелері және (немесе) ұсыныстары тек АКТ-жобасы паспортының немесе МО-ның нысаналы архитектурасының АКТ-жобаларын іске асыру жөніндегі жоспар-кестесінің нақты құрылымдық элементтеріне қатысты ғана қысқаша негіздемемен қабылданады;

      МО-ның архитектуралық порталында іске асыру жоспарын жария талқылау мерзімі оларды МО-ның архитектуралық порталында орналастырған күннен бастап бес жұмыс күнін құрайды.

      39. Архитектуралық кеңес жария талқылау аяқталғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Іске асыру жоспарына берілген ескертулерді және (немесе) ұсыныстарды қарайды және осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Архитектуралық кеңесте жария талқылаудың аяқталуы және қабылданған шешімдер туралы есепті (бұдан әрі – есеп) МО-ның архитектуралық порталында жариялау арқылы негіздемелерді көрсете отырып, оларды қабылдау не қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

      40. Уәкілетті орган өз ұсыныстарын ұсынады немесе МО архитектурасының жобасын келісуді есеп жарияланған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

      Уәкілетті орган архитектуралық порталында жария талқылаумен қатар архитектура жобасын қарауды және келісуді жүзеге асырады.

      41. Осы Қағидалардың 33-тармағының 3) және 5) тармақшаларында көзделген Іске асыру жоспарының материалдарын жария талқылау, сондай-ақ

      МО архитектурасының жобасын уәкілетті органның қарауы мен келісу қорытындыларының нәтижелері бойынша сервистік интегратор Архитектуралық кеңеспен келісу бойынша он жұмыс күні ішінде МО архитектурасының жобасына қажетті өзгерістерді енгізеді.

      42. МО осы Қағидалардың 41-тармағына сәйкес МО архитектурасының жобасына енгізілген қажетті өзгерістердің нәтижелері бойынша он жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның бірінші басшысы немесе оны алмастыратын тұлға архитектура жобасын бекітуді жүзеге асырады.

      43. МО-ның архитектуралық порталында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысымен бекітілген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Бірыңғай талаптардың 8-1-тармағының талаптарын сақтай отырып, МО архитектурасы бекітілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде МО архитектурасын әзірлеу немесе дамыту нәтижелерін орналастырады.

      44. Мемлекеттік орган Заңның 9-бабының 13) тармақшасын немесе 10-бабының 7) тармақшасын іске асыру үшін өзінің интернет-ресурсында осы Қағидалардың 33-тармағының 3) және 5) тармақшаларында көзделген архитектура шеңберінде ақпаратты орналастырады.

      45. МО архитектурасын бекіткеннен кейін МО-ның мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған МО архитектурасы АКТ-жобаларының, архитектураны іске асыру жөніндегі шаралар мен іс-шаралардың атауларын көрсету мақсатында үшінші деңгейдегі Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер енгізеді.

      Бекіткен МО архитектурасында ведомствоаралық АКТ-жобасы болған жағдайда, ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бағдарламаны өзгерту жөнінде МО ұсыныстар енгізеді.

2-параграф. МО архитектурасын іске асыру

      46. МО Заңның 9 және 10-бабының 5) тармақшаларын орындау үшін бекітілген МО архитектурасының іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      МО-ның қызметін, оның ішінде мемлекеттік функцияларды автоматтандыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту жолымен не "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін немесе бекітілген архитектураға сәйкес ақпараттық-коммуникациялық қызметтерді сатып алу жолымен, ал ол болмаған жағдайда – уәкілетті органмен келісілген автоматтандыру қажеттілігі туралы МО-ның шешімі негізінде жүзеге асырылады.

      47. МО бекітілген МО архитектурасын Іске асыру жоспарына сәйкес, оның ішінде АКТ-жобаларын іске асыру арқылы, ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу арқылы және Қазақстан Республикасының ақпараттандыру саласындағы заңнамасында белгіленген өзге де тәсілдермен іске асырады.

      МО АКТ-жобаларын "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және Қазақстан Республикасының аумағында қолданыстағы жобаларды басқару жөніндегі нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес іске асырады.

      48. АКТ-жобаларды қаржыландырудың таңдап алынған моделіне байланысты МО АКТ-жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, оның ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес АКТ-жобалардың қажетті техникалық және жобалық құжаттамасын әзірлейді және (немесе) әзірлеуді ұйымдастырады.

      49. МО-ның бекітілген архитектурасының ережесі одан әрі іске асырылуы үшін АКТ-жобаларының техникалық және жобалық құжаттамасының құрамына енгізіледі.

      Архитектуралық кеңес АКТ-жобаларының техникалық және жобалық құжаттамасының МО-ның бекітілген архитектурасына сәйкестігін растайды және қажет болған жағдайда МО архитектурасын дамыту немесе өзектендіру жөнінде ұсыныстар енгізеді.

      50. МО-ның АКТ-жобаларын іске асыруға жауапты құрылымдық бөлімшесі және МО-ның ақпараттандыру жөніндегі құрылымдық бөлімшесі іске асырылатын АКТ-жобаларын МО-ның бекітілген архитектурасының қағидаларына және талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      51. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 27 ақпандағы № 84 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14941 болып тіркелген) мемлекеттік органдардың қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолуларды жүргізу жөніндегі әдістемеге сәйкес МО функционалдық шолу жүргізген кезде МО-ның бекітілген архитектурасының қажетті материалдарын пайдаланады.

4-тарау. МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыру және іске асыру мониторингі

1-Параграф. МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыру

      52. МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыру осы Қағидаларға, сервистік интеграторды әдіснамалық қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      53. МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыруды бастау процесі мынадай операцияларды қамтиды:

      1) уәкілетті органның архитектуралық порталында осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыру бастамашылығына өтінім (бұдан әрі – қолдап отыруға өтінім) дайындауы және оны электрондық құжат түрінде сервистік интеграторға жіберу;

      2) сервистік интегратордың көрсетілетін қызметтерді бастау мерзімін, көрсетілетін қызметтерді орындау мерзімін және талап етілетін бюджетті көрсете отырып, қолдап отыру өтініміне ұсыныстарды архитектуралық портал арқылы жіберуге және қолдап отыруға келіп түскен өтінімді қарау;

      3) уәкілетті органның сервистік интегратор ұсынысын қабылдағанын растауы және архитектуралық порталы арқылы оның мекенжайына хабарлама жіберу;

      4) уәкілетті органның МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыру бойынша қаржыландырудың қажетті көлемін кезекті жоспарлы жоспарлау кезеңіне арналған бюджеттік өтінімге енгізуі.

      54. Архитектураларды жүзеге асыруды қолдап отыру шеңберінде сервистік интегратор:

      1) АКТ-жобалардың іске асырылу барысы мен АКТ-жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралардың бекітілген МО архитектурасының талаптары сәйкестігіне бағалау жүргізеді;

      2) бекітілген МО архитектурасын Іске асыру жоспарының іс-шараларын консультациялық және әдіснамалық қолдауды қамтамасыз етеді;

      3) архитектураға өзгерістер ауқымының қажеттілігі мен деңгейін анықтайды;

      4) іске асырылатын АКТ-жобалар мен іс-шаралардағы МО архитектурасы ережелеріне сәйкессіздіктерді жою бойынша МО үшін ұсынымдар қалыптастырады;

      5) архитектура ұсынымдарының редакциялық өзгерістеріне байланысты Архитектуралық кеңестің ұсыныстары негізінде олардың дұрыстығы мен қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында МО архитектурасының ұсынымдарындағы мәндерді қайта атау, нақтылау және (немесе) түзету арқылы архитектураны өзектендіруді жүргізеді.

      МО архитектурасын өзектендіру нәтижелері бойынша жария талқылау және уәкілетті органмен келісу талап етілмейді.

      55. МО-ның консультациялық және әдіснамалық қолдау көрсетуге арналған өтінімді қалыптастыруы мәселенің санаты, сұрақтың өзі және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыру көрсетілген архитектуралық портал арқылы жүзеге асырылады.

      МО-ға консультациялық және әдіснамалық қолдау көрсету, оның ішінде 1414 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына жүгіну арқылы жүзеге асырылады.

      56. Уәкілетті орган МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыру нәтижелерін МО архитектурасын іске асыру мониторингі және АКТ-ны қолдану жөніндегі МО қызметінің тиімділігін бағалау және Әдістемеге сәйкес электрондық түрде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау жөніндегі қорытындыны қалыптастыру кезінде пайдаланады.

2-Параграф. МО архитектурасын іске асыру мониторингі

      57. Уәкілетті орган Заңның 7-бабының 41) тармақшасын іске асыру үшін МО-ның бекітілген архитектурасының іске асырылу барысына тұрақты және жүйелі негізде мониторингті жүзеге асырады.

      58. Уәкілетті орган МО-ның бекітілген архитектураларының іске асырылу барысын мониторингтеу нәтижелері бойынша МО архитектурасын дамыту үшін өзгерістер ауқымының деңгейі туралы қорытынды жасайды және Заңның 9 және 10-бабының 5) тармақшаларын іске асыру үшін МО-ға тиісті хабарлама жібереді.

      59. Уәкілетті орган МО-ның бекітілген архитектурасы және АКТ-жобаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде МО архитектураларын іске асыру мониторингінің, АКТ-жобалардың жоспарланған нәтижелеріне қол жеткізу дәрежесін бағалаудың қорытындыларын АКТ-ны қолдану жөніндегі МО тиімділігін бағалау және Әдістемеге сәйкес электрондық түрде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау жөніндегі қорытындыға енгізеді.

  Мемлекеттік органдардың
архитектураларын әзірлеу,
іске асыру, іске асыруды
қолдап отыру,
мониторингтеу және
дамыту қағидаларына
1-қосымша

МО архитектурасын әзірлеу немесе дамытуға бастамашылық жасауға өтінім МО архитектурасының функционалдық ауқымы

Сипаттамасы

Түсінігі

1. Құрылымдық бөлімшелердің жалпы саны (Департамент, Комитет, Басқарма)


1.1. Оның ішінде реттелетін салада (аяда) (ерекше мемлекеттік функцияларды іске асыратын)


2. Аумақтық бөлімшелердің болуы және саны


3. Ведомстволық бағынысты/есеп беретін ұйымдардың тізбесі


4. Реттелетін салалардың (аялар) тізбесі (мысалы: Денсаулық сақтау, Әлеуметтік даму, Еңбек қатынастары, Білім беру, Ғылым және өзге де)


5. Қағидалардағы немесе жарғыдағы функционалдық міндеттердің саны


6. Қағидалардағы немесе жарғыдағы функциялар саны


7. МО қызметінің мақсаттарына, міндеттеріне, нысаналы индикаторларына және көрсеткіштеріне қол жеткізу мониторингін МО жүзеге асыратын мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының тізбесі


8. МО құқықтық мониторингті жүзеге асыратын (олар қабылдаған және (немесе) әзірлеуші болып табылатын не олардың құзыретіне жататын) нормативтік құқықтық актілердің тізбесі


9. Заңды тұлғалардан қабылданатын және өзге де мемлекеттік органдарға жіберілетін есептердің тізбесі


1. МО штат саны, адам


МО архитектурасының технологиялық ауқымы

1. "Электрондық үкіметтің" жұмыс істейтін ақпараттандыру объектілерінің жалпы саны


1.1. "Электрондық үкіметтің" негізгі (салалық) ақпараттандыру объектілерінің саны (МО-ның ерекше міндеттері үшін іске асырылған немесе басқа мемлекеттік органдарда жоқ салалық ерекшелігі бар "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері)


1.2. "Электрондық үкіметті" ақпараттандырудың қосалқы объектілерінің саны ("электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілері және жалпы қолдау функцияларын автоматтандыратын дайын бағдарламалық өнімдер, мысалы: бухгалтерлік есеп, кадрларды басқару, құжат айналымы, корпоративтік портал, төлемдер және т. б.)


1.3. Жалпы компоненттер саны (интеграциялау, аналитика, нормативтік - анықтамалық ақпаратты басқару, деректерді басқару, ақпараттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, геоақпараттық жүйе – автоматтандырылған міндеттерді үлгілі іске асыратын жүйелер және дайын бағдарламалық өнімдер)


2.2. Іске асырылатын және (немесе) жоспарланған АКТ-жобаларының саны


3.3. Ақпараттық жүйелерді (ғимараттар мен құрылымдық бөлімшелер) енгізу объектілерінің ең көп саны


4. Меншікті және немесе жалға алынған серверлік үй-жайлардың (деректерді өңдеу орталықтарының) саны


5. Меншікті, жалға алынған серверлік және телекоммуникациялық жабдықтардың саны


6. Меншікті, жалға алынған және немесе пайдаланылатын жалпы жүйелік бағдарламалық қамтамасыз ету бірліктерінің саны (ОЖ, ДББЖ, қосымшалар серверлерінің, ақпаратты қорғау құралдарының, антивирустардың және т.б.) түрлерінің саны.


  Мемлекеттік органдардың
архитектурасын әзірлеу,
іске асыру, іске асыруды
қолдап отыру,
мониторингтеу және
дамыту қағидаларына
2-қосымша

Іске асыру жоспары жобасын жария талқылануының аяқталуы туралы есеп

      "________________________________________________________________"

                              (МО атауы)

      Есепті қалыптастыру күні:

      Барлық ұсыныстар:

      Жауаптардың барлығы:

      "Жақтап" пайдаланушылардың барлық дауыстары (ұсыныс):

      "Қарсы" пайдаланушылардың барлық дауыстары (ұсыныстар):

      Санат: Мемлекеттік орган:

Р/с №

Жасалған күні

Түсіндірілетін құрылымдық бөлім

Ұсыныс мәтіні

МО жауабының мәтіні

Ұсыныстарды "жақтайтын" пайдаланушылар дауыстарының саны

Ұсыныстарға "қарсы" пайдаланушылар дауыстарының саны

  Мемлекеттік органдардың
архитектурасын әзірлеу,
іске асыру, іске асыруды
қолдап отыру,
мониторингтеу және
дамыту қағидаларына
3-қосымша

МО архитектурасын іске асыруды қолдап отыру бастамашылығына өтінім

1. МО әзірлеген және бекіткен архитектуралардың жалпы саны


2. МО әзірлеген және бекіткен архитектуралардағы АКТ-жобаларын іске асыру жөніндегі жоспар-кестелердегі АКТ-жобаларының саны