Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2019 жылғы 8 тамыздағы № 275 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 12 тамызда № 19232 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі 182-бабының 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 48-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2019 жылғы 8 тамыздағы
№ 275 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2017 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 182-бабының 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 48-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының уран өндіру кен орындарын игеру жөніндегі орталық комиссияның (бұдан әрі – Орталық комиссия) қызметін ұйымдастыру тәртібін, құрамын, жұмыс регламентін және іс қағаздарын жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Орталық комиссия өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Орталық комиссияның құрамын Қазақстан Республикасының Энергетика министрі бекітеді. Орталық комиссияның құрамына мүдделі мемлекеттік органдардың, келісім бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, геология, геофизика, гидрогеология, кен орындарын игеру, жер қойнауын пайдаланудың экономикалық және құқықтық мәселелері бойынша мамандандырылған ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ уран саласының тәжірибелі мамандары кіреді.

      4. Осы Ережеде пайдаланылатын терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Орталық комиссияның міндеті және функциялары

      5. Орталық комиссияның негізгі міндеті – геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, уран өндіру саласындағы жобалық құжаттарға мемлекеттік сараптаманы жүзеге асыру.

      6. Орталық комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) жер қойнауын пайдаланушылар ұсынатын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобалары мен кен орнын игеру жобалары бойынша (бұдан әрі – жобалау құжаттары), оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар, уран кен орнының әзірлемесіне талдауды (бұдан әрі – әзірлеме талдауы) қарайды және олар бойынша сараптамалық қорытынды береді;

      2) жобалау құжаттарында уран кен орындарын игерудің неғұрлым тиімді әдістері мен технологияларын қолдануды қамтамасыз етеді;

      3) жер қойнауын пайдалану, уран кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарының, жер қойнауын пайдаланушылар мен ғалымдардың әзірлемелері мен баяндамаларын қарайды;

      4) жобалау құжаттарын, оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларды, әзірлеме талдауларын тиімді қарау үшін ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдарынан және жер қойнауын пайдаланушылардан жер қойнауын пайдалану, уран кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану мәселелері бойынша анықтамалық, ақпараттық материалдар мен басқа да материалдар мен есептерді сұратады;

      5) жекелеген мәселелерді қарау және тиісті шешімдер дайындау қажет болған жағдайда, жұмыс топтары құрылады, олардың құрамдарын Орталық комиссияның төрағасы бекітеді;

      6) қажет болған жағдайда жобалау ұйымдары мен жер қойнауын пайдаланушыларға жер қойнауын пайдалану, уран кен орындарын ұтымды және кешенді пайдалану мәселелері жөніндегі жобалау ұйымдары мен жер қойнауын пайдаланушылардың жаңа нысандары мен ғылыми-зерттеу әдістерін қолдануды ұсынады.

      7. Орталық комиссия өз қызметі шеңберінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардан Орталық комиссияның міндеттерін шешу үшін қажетті ақпарат пен материалдарды, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардан және жобалау құжаттарының авторларынан жобалау құжаттарын, оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды, әзірлеме талдауларын тиімді қарау үшін қосымша ақпарат пен материалдарды сұратады.

3-тарау. Орталық комиссияның жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізуі

      8. Жер қойнауын пайдаланушы Орталық комиссияға қағаз және электрондық жеткізгіште жобалау құжатының, оған өзгерістің және (немесе) толықтырудың немесе әзірлеме талдауының бір данасын, ұсынылып отырған құжатқа бір аннотацияны, сондай-ақ осы Ережеге қосымшаға сәйкес өтінішті жібереді.

      9. Орталық комиссияға мыналар ұсынылады:

      1) тиісті мемлекеттік экологиялық сараптамасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы бар тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобалары, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар;

      2) тиісті мемлекеттік экологиялық сараптамасы және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасы бар уран кен орнын игеру жобалары, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар;

      3) Кодекстің 184-бабының 9-тармағына сәйкес уран кен орындары әзірлемесінің талдаулары.

      10. Жобалау құжаттарын, оларға өзгерістер және (немесе) толықтыруларды, әзірлеме талдауларын жер қойнауын пайдаланушыдан алған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде оларға мемлекеттік сараптама жүргізіледі.

      Жобалау құжаттарына, оларға өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға, әзірлеме талдауларына мемлекеттік сараптаманы мерзімінде аяқтау мүмкін болмаған жағдайда, Орталық комиссияның шешімі бойынша мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі 1 (бір) айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.

      11. Орталық комиссия жер қойнауын пайдаланушыдан жобалау құжаттарын, оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды, әзірлеме талдауларын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде тәуелсіз сараптама жүргізу үшін оларды өзі айқындайтын сарапшыға (сарапшыларға) жібереді.

      12. Сарапшыны (сарапшыларды) Орталық комиссияның төрағасы немесе Орталық комиссия төрағасының орынбасары тағайындайды.

      13. Жобалау құжаттарының, оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың, әзірлеме талдауларының тәуелсіз сараптамасына бірнеше сарапшы тағайындалуы мүмкін.

      14. Жер қойнауын пайдаланушы тәуелсіз сараптама жүргізу және Орталық комиссияға ұсынылатын жобалау құжаттары, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар, әзірлеме талдаулары бойынша қорытынды дайындау үшін сарапшымен (сарапшылармен) тиісті шарт жасасады.

      15. Жобалау құжаттарына, оларға өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға, әзірлеме талдауларына тәуелсіз сараптама сарапшы тағайындалғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүргізіледі.

      16. Тәуелсіз сараптама жүргізуге арналған шығындарды, жобалау құжаттарына, оларға өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға, әзірлеме талдауларына сараптама жүргізуге байланысты сарапшының (сарапшылардың) іссапар шығыстарын жер қойнауын пайдаланушылар өтейді.

      17. Жобалау құжаттарына, оларға өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға, әзірлеме талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері тәуелсіз сараптама қорытындысын ескере отырып, оларды Орталық комиссияның отырысында қарау арқылы айқындалады.

      18. Жобалау құжаттарына, оларға өзгерістерге және (немесе) толықтыруларға, әзірлемелер талдауларына мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол оң немесе теріс болуы мүмкін. Сараптамалық қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.

      19. Орталық комиссияның отырысын төраға немесе ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасары жүргізеді. Комиссия отырыстары қажетті жағдайда ғана өткізіліп, олар Орталық комиссияның төрағасымен, ал ол болмаған жағдайда төрағаның орынбасарымен шақырылады.

      Орталық комиссияның қызметін ұйымдастыруды, іс қағаздарын жүргізуді, Орталық комиссия материалдары мен құжаттарын жинауды және сақтауды жүзеге асыратын Орталық комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті.

      Орталық комиссияның жұмыс органы Орталық комиссияның отырысын өткізу күнінен жеті жұмыс күні бұрын оны өткізу күні мен орны туралы Орталық комиссияның мүшелері мен жер қойнауын пайдаланушыларға хабарлайды.

      20. Орталық комиссияның отырысында жобалау құжаттарының, оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың, әзірлеме талдауларының авторлары және жер қойнауын пайдаланушы қаралатын мәселенің негізгі ережелерін баяндайды. Тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) жобалау құжаттары, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар, әзірлеме талдаулары бойынша өзінің сараптамалық қорытындысын баяндайды.

      21. Сараптамалық қорытынды Орталық комиссияның қатысып отырған мүшелерінің жай көпшілігінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады. Орталық комиссия отырысының кворумы үшін Орталық комиссия мүшелерінің кемінде жартысы қатысуы қажет. Дауыс беру нәтижелері тең болған жағдайда, төрағалық етушінің дауысына басымдық беріледі.

      22. Орталық комиссияның сараптамалық қорытындысы отырыста қаралған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде отырыс хаттамасымен ресімделеді.

      23. Орталық комиссия отырыстарының хаттамаларына төраға, оның орынбасары (орынбасарлары) және хатшы қол қояды.

      24. Орталық комиссияның отырысы аяқталғаннан кейін жобалау құжаттары, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар, әзірлеме талдаулары, есептер, аннотациялар, презентациялық және қосымша материалдар қағаз жеткізгіште жер қойнауын пайдаланушыларға қайтарылады.

      25. Жобалау құжаттарын, оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды, әзірлемелер талдауларын электрондық жеткізгіштерде сақтауды уран өндіру саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      26. Жобалау құжаттарын, оларға өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды, әзірлеме талдауларын қағаз және электрондық жеткізгіштерде сақтауды олардың авторлары және жер қойнауын пайдаланушылар қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасының
уран өндіру кен орындарын
игеру жөніндегі орталық
комиссия туралы ережеге
қосымша
  Нысан
  Қазақстан Республикасының
уран өндіру кен орындарын
игеру жөніндегі орталық
комиссияға

Қарауға арналған өтініш _______________________________________________________________ (уран кен орнының жобалау құжатының, оларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың, әзірлемесіне талдаудың атауы)

      1. Жер қойнауын пайдаланушы___________________________________

      2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт

      ______________________________________________________ арасында

      (құзыретті орган және жер қойнауын пайдаланушы)

      __________________________________________________жасалды.

      (күні)

      3. Уран кен орнының жобалау құжатын, оларға өзгерістерді және

      (немесе) толықтыруларды, әзірлеме талдауын әзірлеуші жобалау ұйымының атауы

      _______________________________________________________________

      Құжатты ұсынатын кәсіпорын басшысының тегі, аты, әкесінің аты

      (ол болған жағдайда) және қолы