Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру тұжырымдамаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 30 шілдедегі № 571 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 1 тамызда № 19172 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса:

      1) Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасына қойылатын талаптар;

      2) Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес индустриялық аймақты құру тұжырымдамасына қойылатын талаптар.

      2. "Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасын ресімдеуге қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 222 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2015 жылғы 10 сәуірде № 10692 болып тіркелді, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 20 сәуірде жарияланған).

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
Р. Скляр

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 30 шілдедегі
№ 571 бұйрығына
1-қосымша

Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасына қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасына қойылатын талаптар "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамаларын әзірлеу кезінде орталық немесе жергілікті атқарушы органдардың, арнайы экономикалық аймақты құруға мүдделі заңды тұлғалардың талаптарын белгілейді.

2-тарау. Тұжырымдаманың құрылымы

      2. Арнайы экономикалық аймақты құру тұжырымдамасы мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) кіріспе;

      2) арнайы экономикалық аймақтың географиялық орналасуы;

      3) арнайы экономикалық аймақты құрудың мақсаттары мен міндеттері;

      4) өңірдің ағымдағы экономикалық жағдайын және әлемдік экономиканы талдау;

      5) арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлері;

      6) арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушылары;

      7) арнайы экономикалық аймақ құрудан өңірлік экономикаға оң әсер;

      8) маркетингтік зерттеулер;

      9) техникалық-технологиялық шешімдер;

      10) экологиялық талдау;

      11) қаржылық талдау;

      12) арнайы экономикалық аймақтың нәтижелілік көрсеткіштері;

      13) жалпы қорытындылар;

      14) қосымшалар.

      3. "Кіріспе" бөлімінде арнайы экономикалық аймақты іске асыру болжанатын қолданыстағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, табиғи-климаттық, географиялық, инженерлік-геологиялық және жағдайлар сипатталады, оның ішінде халықтың қазіргі және болжамды өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, инвестициялық климат және арнайы экономикалық аймақтың болжамды орналасуын және әсер ету саласын сипаттайтын әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер көрсетіледі.

      Сондай-ақ, осы бөлімде арнайы экономикалық аймақ құру арқылы ішінара толық шешімі болатын, проблемалар көрсетіледі.

      4. "Арнайы экономикалық аймақтың географиялық орналасуы" бөлімінде 1:20000 және 1:100000.2 масштабында арнайы экономикалық аймақ құру жоспарланып отырған жер учаскелерінің жағдайын сипаттайтын алаңы, орналасқан жері және картографиялық схемалар көрсетіледі.

      5. "Арнайы экономикалық аймақты құрудың мақсаттары мен міндеттері" бөлімінде арнайы экономикалық аймақтың географиялық жағдайымен, қолда бар табиғи және еңбек ресурстарымен, шетелдік инвесторлардың ықтимал мүдделерімен және арнайы экономикалық аймақты дамыту үшін қажетті экономикалық, әлеуметтік және географиялық факторлармен байланысты құрылатын арнайы экономикалық аймақтың мақсаттары мен міндеттері көрсетіледі.

      6. "Өңірдің ағымдағы экономикалық жағдайын және әлемдік экономиканы талдау" бөлімінде:

      1) арнайы экономикалық аймақ құру болжанатын өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктері;

      2) инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі, инвестициялық құрауыштар және арнайы экономикалық аймақтың болжамды орналасқан жерін сипаттайтын және көрсеткіштер;

      3) басым қызмет түрлері бойынша өңір салаларының ағымдағы жай-күйін талдау;

      4) құрылатын арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлеріне байланыстыра отырып, әлемдік экономиканың ағымдағы жай-күйін талдау;

      5) арнайы экономикалық аймақты орналастырудың негізгі алғышарттары және өңірдің бәсекелестік географиялық және экономикалық артықшылықтары.

      7. "Арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлері" деген бөлімінде арнайы экономикалық аймақ аумағында жүзеге асырылатын арнайы экономикалық аймақ құру мақсаттарына сай келетін қызметтің негізгі түрлері көрсетіледі.

      Осы бөлімде арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру орындылығының нақты негіздемелері келтіріледі.

      8. "Арнайы экономикалық аймақтың әлеуетті қатысушылары" бөлімінде арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыруға үміткер ұйымның ұйымдық-құқықтық нысандары, сондай-ақ өз өндірісінің, қызметтің басым түрлері бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы көрсетіледі.

      9. "Арнайы экономикалық аймақты құрудан өңірлік экономикаға оң әсер" деген бөлімде арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің болжамды нәтижелері жазылады.

      10. "Маркетингтік зерттеулер" арнайы экономикалық аймақты іске асыру нәтижесінде өндірілетін (ұсынылатын) өнімнің (қызметтердің) түрлеріне қолданыстағы және перспективалық (арнайы экономикалық аймақтың даму және жұмыс істеу кезеңінде) сұраныстың бағасын көрсетеді.

      Осы бөлім мыналарды:

      1) сұраныстың сандық параметрлерін, оның үрдістерін және өнімге (қызметтерге) бағаларды бағалауды және негіздеуді немесе әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалауды білдіретін сұранысты немесе арнайы экономикалық аймақты құрудың әлеуметтік-экономикалық қажеттілігін талдауды;

      2) арнайы экономикалық аймақтың өңірдің, елдің экспорттық әлеуетінің өсуіне әсер етуін бағалауды;

      3) арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуіне байланысты шикізат, материалдар нарықтарын және өндірістің факторларын талдауды;

      4) арнайы экономикалық аймақ шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің нарықтары мен бағаларын талдауды;

      5) осы саладағы қолданыстағы объектілердің жұмысын талдау, оның ішінде көрсетілетін салалардағы негізгі даму үрдістерін қоса алғанда, бәсекелестерді талдауды;

      6) өнімді (қызметтерді) өткізуге жәрдемдесу жөніндегі ұсынылатын іс-шараларды;

      7) тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын коммерциялық тәуекелдерді бағалауды;

      8) пайдаланылатын ақпарат көздері және маркетингтік зерттеулер жүргізу әдістемесін қамтиды.

      11. "Техникалық-технологиялық шешімдер" арнайы экономикалық аймақтың құрылымын, арнайы экономикалық аймақтың параметрлерін, құрауыштарын, сондай-ақ олардың құнын айқындайтын техникалық шешімдерді сипаттай отырып, арнайы экономикалық аймақты іске асырудың әртүрлі технологиялық шешімдерін көрсетеді.

      Осы бөлім мыналарды:

      1) арнайы экономикалық аймақты іске асырудың әртүрлі технологиялық шешімдерін талдау, олардың артықшылықтары мен кемшіліктері, таңдалған нұсқаның негіздемесін;

      2) арнайы экономикалық аймақтың орналасу орнын таңдауды, шикізат көздері мен жеткізушілерге, өнімдер мен қызметтерді тұтынушыларға қатысты орналасуын, көлік магистральдарына жақындығын, географиялық ерекшеліктерін негіздейтін арнайы экономикалық аймақтың орналасқан жерін;

      3) арнайы экономикалық аймақ жобасының есептік қуаттылығын, арнайы экономикалық аймақ қуатын игеру серпінін айқындайтын арнайы экономикалық аймақтың ауқымын;

      4) арнайы экономикалық аймақтың өңір инфрақұрылымына әсер етуін бағалау және жиынтық (аралас) салаларды дамытуды;

      5) арнайы экономикалық аймақ орналасатын аумақтың инженерлік құрылыстармен, қолда бар көлік кіреберістері мен құралдарымен, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау және кәрізбен, қойма үй-жайларымен қамтамасыз етілуін;

      6) іске асыру жылдары бойынша және технологиялық кезеңдер бойынша арнайы экономикалық аймақтың инвестициялық кезеңін көрсететін, уақыт бойынша іс-шаралардың реттілігі мен ұзақтығын графикалық бейнелеумен қойылған міндеттерді іске асыру кестесін (жоспар-кесте);

      7) тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын техникалық тәуекелдерді бағалауды қамтиды.

      12. "Экологиялық талдау" арнайы экономикалық аймақтың құрылуы мен жұмыс істеуінің экологиялық аспектілерін көрсетеді.

      Осы бөлім мыналарды:

      1) арнайы экономикалық аймақтың қоршаған ортаның жай-күйіне әсерін бағалау, арнайы экономикалық аймақты іске асырудан болған экологиялық залалды сандық бағалау және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжамды іс-шараларын;

      2) өңірдің де, тұтастай алғанда елдің де экологиялық жағдайын жақсарту үшін болжанатын іс-шаралар және олардың сандық мәндегі нәтижесін;

      3) тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын экологиялық тәуекелдерді бағалауды қамтиды.

      13. "Қаржылық талдау" баламалы схемаларды және арнайы экономикалық аймақты қаржыландыру көздерін бағалаумен қатар қаржылық шығындар мен кірістерді бағалауды қамтиды.

      Осы бөлім мыналарды:

      1) инфрақұрылым объектілерін салуға арналған шығындарды қоса алғанда, арнайы экономикалық аймақты құруға арналған болжамды шығындарды бағалауды;

      2) жалпы инвестициялық шығындарды есептеу, қаржыландыру қажеттілігін бөлуді;

      3) өндірістік шығындарды есептеуді (пайдалану шығындары);

      4) арнайы экономикалық аймақтың қаржылық талдауы:

      қаржылық бағалаудың қарапайым әдістерінің көмегімен арнайы экономикалық аймақты талдау, оның ішінде өтемділік мерзімін, пайданың қарапайым нормасын, берешекті жабу коэффициентін есептеуді;

      дисконттау әдістерінің көмегімен арнайы экономикалық аймақты талдау, оның ішінде таза дисконтталған кірісті (Net Present Value - NPV), кірістіліктің ішкі нормасын (Іnternal Rate of Return - ІRR), дисконтталатын пайда мен шығындардың (Вenefіts/Сosts - B/C), дисконтталған өзін-өзі ақтаудың мерзімін есептеуді;

      қаржыландыру схемасын, көздерін, шарттарын және олардың балама нұсқаларын талдауды;

      тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді төмендету бойынша болжамды іс-шараларды айқындайтын қаржылық тәуекелдерді бағалауды қамтиды.

      14. "Арнайы экономикалық аймақтың нәтижелілік көрсеткіштері" бөлімінде арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуінің негізгі экономикалық, қаржылық көрсеткіштері көрсетіледі. Осы көрсеткіштер арнайы экономикалық аймақты құру мақсаттарына қол жеткізу нәтижелеріне, дамуы үшін арнайы экономикалық аймақты құру болжанатын экономика салаларының ерекшеліктеріне, сондай-ақ аумағында арнайы экономикалық аймақты құру болжанатын өңірдің ерекшеліктеріне сүйене отырып баяндалады.

      15. "Жалпы қорытындылар" бөлімінде арнайы экономикалық аймақтың негізгі артықшылықтары мен кемшіліктері, арнайы экономикалық аймақты іске асырудың оңтайлы нұсқасын таңдау бойынша тұжырымдар мен логиканың сипаттамасы, арнайы экономикалық аймақты құру жобасы бойынша негізгі тәуекелдер.

      16. Арнайы экономикалық аймақ тұжырымдамасына "Қосымшалар" бөлімі арнайы экономикалық аймақты іске асырудың қаралатын әрбір нұсқалары бойынша қаржы-экономикалық модельдерді, шығыстар кестелерін, серпінін, өзін-өзі ақтау кестелерін, диаграммаларды, суреттерді, жергілікті жердің карталарын.

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің
2019 жылғы 30 шілдедегі
№ 571 бұйрығына
2-қосымша

Индустриялық аймақты құру тұжырымдамасына қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Индустриялық аймақты құру тұжырымдамасына қойылатын талаптар "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" 2019 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және индустриялық аймақты құруға мүдделі орталық немесе жергілікті атқарушы органдардың, заңды тұлғалардың республикалық және өңірлік маңызы бар индустриялық аймақты құру тұжырымдамаларын әзірлеу кезінде талаптарды белгілейді.

2-тарау. Республикалық және өңірлік индустриялық аймақтар тұжырымдамасының құрылымы

      2. Республикалық және өңірлік индустриялық аймақтарды құру тұжырымдамасының құрылымы мынадай бөлімдерді қамтуы тиіс:

      1) кіріспе;

      2) индустриялық аймақты құру мақсаттары;

      3) индустриялық аймақтын жобаларын іріктеу өлшемшарттарының тізбесі;

      4) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;

      5) болжамды қаржылық-экономикалық және әлеуметтік салдарлар;

      6) индустриялық аймақтың орналасу схемасы;

      7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген тұжырымдамада көзделген іс-шаралардың мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі туралы деректер;

      8) әрбір құрамдас бөлінісінде іс-шараларды іске асыруға арналған қаржыландыру көлемінің есеп-қисаптары мен тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндіктері;

      9) индустриялық аймақ пен оның инфрақұрылымын дамыту жоспарының жобасы.

      3. "Кіріспе" бөлімінде индустриялық аймақтың атауы және оны құрудың негізі сипатталады.

      4. "Индустриялық аймақты құру мақсаттары" бөлімінде географиялық жағдаймен, қолда бар табиғи және еңбек ресурстарымен, шетелдік инвесторлардың ықтимал мүдделерімен және даму үшін қажетті экономикалық, әлеуметтік және географиялық факторлармен байланысты құрылатын индустриялық аймақтың мақсаттары мен міндеттері көрсетіледі.

      5. "Индустриялық аймақтың жобаларын іріктеу өлшемшарттарының тізбесі" бөлімінде индустриялық аймақ аумағында қызметті жүзеге асыруға үміткер ұйымдардың ұйымдық-құқықтық нысандары, сондай-ақ өз өндірісінің, қызметтің басым түрлері бойынша жұмыс тәжірибесінің болуы көрсетіледі.

      6. "Қоршаған ортаға әсер етуді бағалау" бөлімінде:

      1) индустриялық аймақтың қоршаған ортаның жай-күйіне әсер етуін бағалау, индустриялық аймақты іске асырудан болған экологиялық залалды сандық бағалау және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжамды іс-шаралар;

      2) өңірдің де, тұтастай алғанда елдің де экологиялық жағдайын жақсарту үшін болжанатын іс-шаралар және олардың сандық мәндегі нәтижесі;

      3) тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын экологиялық тәуекелдерді бағалау.

      7. "Болжамды қаржы-экономикалық және әлеуметтік салдарлар" бөлімінде:

      1) инфрақұрылым объектілерін салуға арналған шығындарды қоса алғанда, индустриялық аймақты құруға арналған болжамды шығындарды бағалау;

      2) жалпы инвестициялық шығындарды есептеу, қаржыландыру қажеттілігін бөлу;

      3) өндірістік шығындарды есептеу (пайдалану шығындары);

      4) индустриялық аймақтың өңірдегі экономикалық жағдайға әсерін талдау;

      5) халықтың әлеуметтік-мәдени және демографиялық сипаттамалары тұрғысынан индустриялық аймақ құрудың негізділігі;

      6) индустриялық аймақтың еңбек ресурстарына қажеттілігі және оның халықтың жұмыспен қамтылуына әсері;

      7) тиісті біліктілігі бар еңбек ресурстарымен нақты қамтамасыз етілуі;

      8) жұмысшылар мен мамандарды оқыту және қайта даярлау қажеттілігі көрсетіледі.

      8. "Индустриялық аймақтың орналасу схемасы" бөлімінде 1:20000 және 1:100000.2 масштабта индустриялық аймақ құру жоспарланып отырған жер учаскелерінің жағдайын сипаттайтын алаңы, орналасқан жері және картографиялық схемалар көрсетіледі.

      9. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген тұжырымдамада көзделген іс-шаралардың мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі туралы деректер" бөлімінде құрылатын индустриялық аймақтың мақсаттары мен міндеттерінің мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі туралы мәліметтер жазылады.

      10. "Әрбір құрамдас бөлінісінде іс-шараларды іске асыруға арналған қаржыландыру көлемінің есеп-қисаптары мен тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндіктері" деген бөлімде қаржылық шығындарды бағалау, оның ішінде нәтижелерді талдау, шығындардың тиімділігі мен өлшенбейтін пайдалар, өсімді пайдалар мен шығындар, қайтымсыз шығындар, сыртқы әсерлер, халықаралық әсерлер, жанама пайда көрсетіледі.

      11. "Индустриялық аймақ пен оның инфрақұрылымын дамыту жоспарының жобасы" бөлімінде:

      1) индустриялық аймақты іске асырудың әртүрлі технологиялық шешімдерін талдау, олардың артықшылықтары мен кемшіліктері, таңдалған нұсқаны негіздеу;

      2) индустриялық аймақ жобасының қуатын, индустриялық аймақ қуатын игеру серпінін есептік негіздеуді айқындайтын индустриялық аймақтың ауқымы;

      3) индустриялық аймақ орналасатын аумақтың, инженерлік құрылыстармен, яғни қолда бар көлік кіреберістері мен құралдарымен, энергиямен, жылумен, сумен жабдықтау және кәрізбен, қойма үй-жайларымен қамтамасыз етілуі;

      4) іске асыру жылдары бойынша және технологиялық кезеңдер бойынша индустриялық аймақтың инвестициялық кезеңін көрсететін, уақыт бойынша іс-шаралардың реттілігі мен ұзақтығын графикалық бейнелеумен қойылған міндеттерді іске асыру кестесі (жоспар-кесте);

      5) тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын техникалық тәуекелдерді бағалау көрсетіледі.

3-тарау. Жеке индустриялық аймақ тұжырымдамасының құрылымы

      12. Жеке индустриялық аймақты құру тұжырымдамасының құрылымы мынадай бөлімдерді қамтуға тиіс:

      1) кіріспе;

      2) индустриялық аймақты құру мақсаттары;

      3) қоршаған ортаға әсер етуді бағалау;

      4) индустриялық аймақтың болжамды орналасу схемасы.

      13. "Кіріспе" бөлімінде жеке индустриялық аймақтың атауы және оны құрудың негізі сипатталады.

      14. "Индустриялық аймақты құру мақсаттары" бөлімінде географиялық жағдаймен, қолда бар табиғи және еңбек ресурстарымен, шетелдік инвесторлардың ықтимал мүдделерімен және даму үшін қажетті экономикалық, әлеуметтік және географиялық факторлармен байланысты құрылатын жеке индустриялық аймақтың мақсаттары мен міндеттері көрсетіледі.

      15. "Қоршаған ортаға әсер етуді бағалау" бөлімінде::

      1) индустриялық аймақтың қоршаған ортаның жай-күйіне әсер етуін бағалау, индустриялық аймақты іске асырудан болған экологиялық залалды сандық бағалау және оның зиянды әсерін азайту жөніндегі болжамды іс-шаралар;

      2) өңірдің де, тұтастай алғанда елдің де экологиялық жағдайын жақсарту үшін болжанатын іс-шаралар және олардың сандық мәндегі нәтижесі;

      3) тәуекелдің негізгі факторларын, өзгерістердің болжамды сипаты мен ауқымын, тәуекелдерді азайту жөніндегі болжамды іс-шараларды айқындайтын экологиялық тәуекелдерді бағалау көрсетіледі.

      16. "Индустриялық аймақтың болжамды орналасу схемасы" бөлімінде 1:20000 және 1:100000.2 масштабта жеке индустриялық аймақ құру жоспарланып отырған жер учаскелерінің жағдайын сипаттайтын алаңы, орналасқан жері және картографиялық схемалар көрсетіледі.