"Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 29 маусымдағы № 143/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 1 шілдеде № 18950 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құруға немесе дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 31 мамырдағы № 240 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17081 болып тіркелген, 2018 жылғы 26 маусымда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Цифрландыру департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
А. Жұмағалиев

  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2019 жылғы 29 маусымдағы
№ 143/НҚ бұйрығымен
бекітілген

"Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2022 № 136/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      1. Осы "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды (бұдан әрі - техникалық тапсырма) жасау және қарау тәртібін айқындайды.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2022 № 136/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бұдан әрі - әкімшісі) - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;

      2) мемлекеттік техникалық қызмет - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын;

      3) "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторы (бұдан әрі - сервистік интегратор) - "электрондық үкіметтің" архитектурасын және "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасын дамытуды әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі функциялар, сондай-ақ Заңда көзделген өзге де функциялар жүктелген, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға.

2-тарау. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған техникалық тапсырмаларды жасау және қарау тәртібі

      3. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту техникалық тапсырмаға сәйкес жүзеге асырылады.

      Техникалық тапсырманы жасауды әкімшісі дербес немесе оны әзірлеу жөніндегі қызметтерді сатып алу жолымен жүзеге асырады.

      Техникалық тапсырманы жасау мыналарға:

      1) "Ақпараттық технология. Автоматтандырылған жүйелерге арналған стандартттар кешені. Автоматтандырылған жүйелерді құруға арналған техникалық тапсырма" Қазақстан Республикасының СТ 34.015-2002 ұлттық стандарттарына;

      2) бекітілген қаржылық-экономикалық негіздемеге, инвестициялық ұсынысқа, бюджеттік инвестициялық жобалардың инвестициялық ұсыныс жобасына;

      3) Заңның 7-бабы 10) тармақшасына сәйкес бекітілетін "электрондық үкіметтің" архитектурасын дамыту бойынша талаптарға;

      4) мемлекеттік органның бекітілген архитектурасына (бар болған жағдайда);

      5) Заңның 7-бабы 18) тармақшасына сәйкес бекітілетін, "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасына (жергілікті атқарушы органдар үшін);

      6) Заңның 6-бабы 3) тармақшасына сәйкес бекітілетін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Сондай-ақ техникалық тапсырмада ақпараттандыру объектісінің класы, ақпараттандыру объектісінің архитектурасы, желілік инфрақұрылым мен жобаны өрістету туралы мәліметтер көрсетіледі.

      4. Техникалық тапсырманы ақпараттандыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) келісуге енгізу "электрондық үкіметтің" архитектуралық порталы (бұдан әрі - архитектуралық портал) арқылы электрондық құжаттар нысанында мынадай тәртіппен:

      инвестициялық ұсыныспен "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға жолданған бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша;

      бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздемесіне оң экономикалық қорытынды алғаннан және оларды бекіткеннен кейін - бюджеттік инвестициялар бойынша;

      мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаның инвестициялық ұсыныстарына немесе бизнес-жоспарына жеке әріптесті айқындау бойынша тікелей келіссөз кезінде немесе бюджеттік заңнамаға сәйкес бизнес-жоспарға экономикалық сараптама қажет етілмеген жағдайда оған қоса бере отырып, оң экономикалық қорытындыны алғаннан кейін - мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша;

      "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту рәсімі басталғанға дейін - "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құруға және дамытуға арналған жобаларды өзге де тәсілмен іске асыру бойынша жүзеге асырылады.

      "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру және дамыту жөніндегі жобаны іске асырудың тәсіліне байланысты техникалық тапсырмаға бекітілген инвестициялық ұсыныс, бюджеттік инвестициялардың қаржылық-экономикалық негіздеме (ерікті нысанда) немесе өзге де жоба алдындағы құжаттар қосымша беріледі.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      5-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2022 № 136/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      5. Уәкілетті орган техникалық тапсырманы келісуді толық құжаттар пакеті келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні мерзімінен кешіктірмей жүзеге асырады.

      6. Техникалық тапсырманың жаңа редакциясы (бөлімдері, тараулары, параграфтері) енгізілген жағдайда, келісу мерзімі әкімші хаты қоса беріле отырып, сараптаманы жүргізуді ұзарту туралы сервистік интеграторды және мемлекеттік техникалық қызметті хабардар ете отырып, әкімшіден хат алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күніне дейін ұзартылады.

      7. Уәкілетті орган сараптама жүргізу үшін техникалық тапсырманы сервистік интеграторға және мемлекеттік техникалық қызметке жолдайды.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      8-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2022 № 136/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      8. Сервистік интегратор мен мемлекеттік техникалық қызмет техникалық тапсырманы алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде сараптама жүргізеді және сараптама қорытындыларын (ерікті нысанда) уәкілетті органға жолдайды.

      9. Сервистік интегратор техникалық тапсырманы "электрондық үкіметтің" үлгілік архитектурасының дамыту жөніндегі талаптарға сәйкестігіне, мемлекеттік органның архитектурасына, "электрондық әкімдіктің" үлгілік архитектурасына және "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру немесе дамыту кезінде көп рет пайдалануға жататын стандартты шешімдерді пайдалану мүмкіндіктерінің бар болуына сараптама жүргізеді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қағида 9-1-тармақпен толықтыру көзделген – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2022 № 136/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      10. Мемлекеттік техникалық қызмет техникалық тапсырманың Қазақстан Республикасының аумағында ақпараттық қауіпсіздікті және ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету саласында қолданыстағы нормативтік құқық актілердің және стандарттардың талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізеді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қағида 10-1-тармақпен толықтыру көзделген – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 22.04.2022 № 136/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      11. Уәкілетті орган техникалық тапсырманы сервистік интегратордан және мемлекеттік техникалық қызметтен сараптама қорытындыларын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде келіседі немесе анықталған ескертулерді ескере отырып қайтарады.

      12. "Электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін дамытуды талап ететіндерді қоспағанда, бекітілген техникалық тапсырмада көзделген функционалдық және өзге де талаптарды өзгерту бекітілген техникалық тапсырмаға толықтыру түрінде ресімделеді.

      Техникалық тапсырмаға толықтыруды келісу осы Қағидалардың 5-11-тармақтарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.