РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2029 дейін қолданыста болады
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 293-бабының 4-3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес меншікті өндірістің өлшемшарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауға жетекшілік ету Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктеледі.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2029 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.
|
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
А. Жұмағалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
| Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі № 37/НҚ бұйрығына 1- қосымша |
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі
1. Бағдарламалық қамтылымды және бағдарламалық өнімді әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру және іске асыру;
2. Ақпараттық жүйелерді (мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін қоспағанда) құру, тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалану, енгізу, дамыту, түрлендіру, сүйемелдеу;
3. Бағдарламалық қамтылымды қолдана отырып, деректерді өңдеу бойынша қызмет (деректер базасында білім табу);
4. Жаратылыстану және техникалық ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер, эксперименттік әзірлемелер, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық немесе тәжірибелік-технологиялық жұмыстарды орындау және осындай зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелерін іске асыру;
5. Технологияларды, микро -, опто - және наноэлектроника, микроэлектроника құрылғылары мен жүйелерін әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру немесе әзірлеудің жекелеген кезеңдері (зерттеу, жобалау (құрастыру), тестілеу, техникалық сынау), баспа платаларын монтаждау және осындай әзірлемелердің нәтижелерін іске асыру;
6. Технологияларды әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру немесе робототехниканың технологиясын, құрылғылары мен жүйелерін әзірлеудің жекелеген кезеңдері (зерттеу, жобалау (құрастыру) тестілеу, техникалық сынақтар) және осындай әзірлемелердің нәтижелерін енгізу;
7. Радиолокация, радионавигация, радиобайланыс, радиобасқару, радиожиілікті сәйкестендіру технологияларын, құрылғылары мен жүйелерін әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру (зерттеу, жобалау (құрастыру), тестілеу, техникалық сынау) және осындай әзірлемелердің нәтижелерін іске асыру;
8. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, телекоммуникациялық технологиялар саласындағы технологияларды, жабдықтар мен құрылғыларды, биометрия құрылғылары мен жүйелерін әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту және түрлендіру немесе әзірлеудің жекелеген кезеңдері (зерттеу, жобалау (құрастыру), прототиптеу, тестілеу, техникалық сынақтар) және осындай әзірлемелердің нәтижелерін іске асыру;
9. Қорғалған орындаудағы ақпаратты өңдеудің техникалық, бағдарламалық құралдарын, ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бағдарламалық, бағдарламалық-аппараттық құралдарын әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру, өндіру, өткізу, монтаждау, баптау (жоғарыда аталған барлық жұмыстар бірге немесе олардың бір бөлігі), оның ішінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бағдарламалық-техникалық тәсілдері мен құралдары;
10. Бұлтты есептеу технологияларын пайдалана отырып, бағдарламалық қамтылымды және (немесе) аппараттық-бағдарламалық кешендерді әзірлеу, дамыту, түрлендіру, енгізу, пайдалану және сүйемелдеу;
11. Блокчейн технологиясы негізінде немесе оны пайдалана отырып бағдарламалық қамтылымды және (немесе) аппараттық-бағдарламалық кешендерді әзірлеу, енгізу, дамыту, түрлендіру, сүйемелдеу;
12. Көлік құралдарын пилотсыз басқару жүйелерін, сондай-ақ спутниктік навигация, ұялы байланыс пен көліктегі жедел қызметтерді шұғыл шақыру жүйелері мен құрылғыларын әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту және түрлендіру және іске асыру.
13. Жасанды интеллект технологияларын, құрылғылары мен жүйелерін әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түлендіру немесе әзірлеудің жеке кезеңдері (зерттеу, жобалау (құрастыру), техникалық сынау) және осындай әзірлемелердің нәтижелерін іске асыру;
14. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық парктің қатысушысы әзірлеген бағдарламалық қамтылымды пайдалана отырып, сатушылар мен сатып алушылар арасында байланыстарды орнату және мәмілелер жасасу (соның ішінде Интернетте нақты уақыт режимінде жұмыс істейтін сауда алаңын ұсыну) үшін Интернет арқылы бағдарламалық-техникалық мүмкіндіктерді ұсыну бойынша қызметтер көрсету қызметі.
15. Бір-бірімен немесе сыртқы ортамен (интернет-заттар) өзара іс-қимыл жасау үшін кіріктірілген технологиялармен жарақтандырылған физикалық заттардың есептеу-коммуникациялық желісінің тұжырымдамасын әзірлеу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру, енгізу, іске асыру;
16. Компьютерлік, мобильді, онлайн ойындарды (бейне ойындар) әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру;
17. Бағдарламалық қамтамасыз ету архитектурасы және оны әкімшіліктендіру, желілік жүйелердің архитектурасы және оны әкімшіліктендіру, ақпараттық жүйелерді жобалау және әзірлеу, интернет заттар саласындағы архитектура және шешімдерді жобалау, бағдарламалық және аппараттық платформа негізінде шешімдерді әзірлеу, операциялық жүйелерді әзірлеу, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобалық басқару, веб-қосымшаларды әзірлеу, алгоритмдер (жасанды интеллект, криптография және т.б.) , үлкен деректерді талдау және олармен жұмыс жасау, мобильді қосымшаларды әзірлеу, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қауіпсіздік, интерактивті 3D-қосымшаларды, виртуалды және кеңейтілген шынайылылықтағы қосымшаларды әзірлеу, бейнеойындарды әзірлеу, бағдарламалау тілдері бағыттары бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында оқыту бойынша қызмет көрсету;
18. Виртуалды және кеңейтілген шынайылық технологияларын, құрылғыларын, бағдарламаларын әзірлеу, енгізу, сүйемелдеу, дамыту, түрлендіру немесе әзірлеудің жеке кезеңдері (зерттеу, жобалау, техникалық сынау) және осындай әзірлемелердің нәтижелерін іске асыру;
19. Есептеу операцияларын орындау және деректерді өңдеу үшін кешенді есептеу инфрақұрылымын қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтер.
| Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі № 37/НҚ бұйрығына 2-қосымша |
Меншікті өндірістің өлшемшарттары
1. Осы меншікті өндірістің өлшемшарттары "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 293-бабы 4-3-тармағына сәйкес әзірленді және "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қатысушыларының меншікті тауарлар өндірісінің өлшемшарттарын белгілейді.
2. Меншікті тауарлар өндірісінің өлшемшарттары мыналар болып табылады:
1) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы № 155 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10947 болып тіркелген) Тауардың шығарылған елін айқындау, тауардың шығарылуы туралы сертификат беру және оның күшін жою жөніндегі қағидаларға сәйкес "СТ-KZ" нысанындағы тауардың шығарылуы туралы сертификаттың бар болуы.
2) "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" 2013 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 21-бабының 4-тармағы 13) тармақшасына сәйкес индустриялық сертификаттың бар болуы.
3. Осы Қосымшаның 2-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың бірінің болуы меншікті өндірісті айқындау үшін жеткілікті болып табылады.