"Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 26-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын қолдап отыруды және оның жұмыс істеуін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми-интернет ресурсында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2), және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Н.Н. Мұқышевқа жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
М. Әбілқасымова |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар
министрлігі
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2019 жылғы 22 ақпандағы № 92 бұйрығымен бекітілген |
"Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын қолдап отыруды және оның жұмыс істеуін ұйымдастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын қолдап отыруды және оның жұмыс істеуін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 26-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсын (бұдан әрі – "Еңбек биржасы" ИР) қолдап отыру және оның жұмыс істеу айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпарат – ақпарат иеленуші алған немесе жасаған, кез келген жеткізгішке түсірілген және оны сәйкестендіруге мүмкіндік беретін деректемелері бар адамдар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және процестер туралы мәліметтер;
2) ақпаратқа қол жеткізу – мемлекет кепілдік берген, Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында бекітілген, ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен әркімнің еркін алу және тарату құқығы;
3) ақпараттық жүйенің аудиті – ақпараттық жүйені пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында оны тәуелсіз зерттеп-қарау;
4) "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсы – еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын, Интернет желісінде жұмыс істейтін, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын көрсету мақсатында еңбек ресурстарын дамыту орталығы қолдап отыратын электрондық ақпараттық ресурс;
5) "Еңбек биржасы" ИР әкімшісі – Еңбекмині ИР-ды қолдап отыруды жүзеге асыратын еңбек ресурстарын дамыту орталығы;
6) интернет-ресурс – мәтіндік, графикалық, аудиовизуалды немесе өзге түрде көрсетілетін, аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік мекенжайы және (немесе) домендік атауы бар және Интернетте жұмыс істейтін электрондық ақпараттық ресурс;
7) нормативтік-техникалық құжаттама – ақпараттандыру объектілерін құруға және пайдалануға (іске қосуға), сондай-ақ олардың ақпараттандыру саласындағы белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылауға қойылатын жалпы міндеттерді, қағидаттар мен талаптарды айқындайтын құжаттар жиынтығы;
8) пайдаланушы – ақпараттандыру объектілерін нақты функцияны және (немесе) міндетті орындау үшін пайдаланатын ақпараттандыру субъектісі.
2-тарау. "Еңбек биржасы" ИР қолдап отыру және оның жұмыс істеу тәртібі
3. "Еңбек биржасы" ИР қолдап отыру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ақпараттық қауіпсіздік саясатына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Министрлік "Еңбек биржасы" ИР әкімшісі арқылы "Еңбек биржасы" ИР жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз етеді, жұмыс істеу мәселелері бойынша пайдаланушылардың өтініштеріне жедел ден қоюды жүзеге асырады.
5. "Еңбек биржасы" ИР әкімшісі "Еңбек биржасы" ИР-ға жұмыс істеуі туралы мынадай ақпаратты орналастырады:
1) пайдаланушыларды ақпараттандыру үшін "Еңбек биржасы" ИР жаңа мүмкіндіктері;
2) мәтіндік түрде және видеформаттарда нұсқаулық, жиі қойылатын сұрақтар және оларға жауаптар.
6. "Еңбек биржасы" ИР қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойы жұмыс істейді.
7. Ақпаратты орналастыру үшін пайдаланушы онлайн нысан арқылы "Еңбек биржасы" ИР-ға өздігінен тіркеледі. "Еңбек биржасы" ИР тіркеу процесінде пайдаланушы дербес деректерді жинауға, өңдеуге келіседі.
8. Пайдаланушы "Еңбек биржасы" ИР-да орналастырған ақпарат жұмысқа орналасу, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және персоналды іріктеу мақсатында жеке және заңды тұлғалардың одан әрі пайдалануы үшін қолжетімді.
9. Жұмыс берушілер немесе жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері ретінде тіркелген пайдаланушылар мәліметтердің дұрыстығын электрондық цифрлық қолтаңбамен растайды. Жұмыс ізденуші ретінде тіркелген пайдаланушылардың мәліметтердің дұрыстығын электрондық цифрлық қолтаңбамен немесе электрондық нысанда жылжымалы желінің абоненттік құрылғысы арқылы мемлекеттік және өзге де қызметтерді алу үшін "электрондық үкімет" веб-порталының есептік жазбасына ұялы байланыс операторы ұсынған абоненттің абоненттік нөмірін тіркеу және қосу арқылы растауға мүмкіндігі бар.
10. Пайдаланушы "Еңбек биржасы" ИР жұмыс (бос жұмыс орындарын) іздеу, персоналды іріктеу (резюме) және ақпаратты орналастыру бойынша қандай да бір техникалық сұрақтары болған жағдайда "Еңбек биржасы" ИР-да орналастырылған кері байланыс нысаны арқылы "Еңбек биржасы" ИР әкімшісіне жүгінеді. Пайдаланушының өтінішінде мынадай мәліметтер қамтылады:
1) байланыс деректері;
2) электрондық мекенжайы;
3) өтініш тақырыбы;
4) өтініш мәтіні;
5) салыным (файл).
Пайдаланушының "Еңбек биржасы" ИР жұмыс істеуіне байланысты өтінішін қарау және жауап беру мерзімі оны алған сәттен бастап үш жұмыс күнін құрайды.
11. Мыналар:
1) кері байланыс нысаны арқылы пайдаланушының хабарламасы;
2) "Еңбек биржасы" ИР-ның жұмыс істеу мониторингін орындайтын "Еңбек биржасы" ИР әкімшісі мамандарының хабарламасы;
3) техникалық іркілісті анықтаған функционалдың жұмыс қабілеттілігі мен қолжетімділігін анықтау үшін пайдаланылатын "Еңбек биржасы" ИР ақауларын мониторингілеу және анықтау жөніндегі бағдарламалық-аппараттық құралдар;
4) техникалық іркілістің туындауын немесе туындау мүмкіндігін куәландыратын жазбаларды тіркейтін "Еңбек биржасы" ИР жүйелік журналдары "Еңбек биржасы" ИР жұмыс істеуінде техникалық іркілістің туындауы туралы ақпарат көздері болып табылады.
12. "Еңбек биржасы" ИР әкімшісі "Еңбек биржасы" ИР жұмыс істеуі туралы мынадай ақпаратты:
1) ақпараттың сақталуын, қорғалуын, істен шығу немесе ақпарат зақымданған жағдайда қалпына келтірілуін, резервтік көшіруді және "Еңбек биржасы" ИР-дағы ақпараттың уақтылы өзектендірілуін бақылауды;
2) өтініштерді шешу шеңберінде "Еңбек биржасы" ИР-ның бағдарламалық кодына түзетулер, модификация енгізуді және жаңғырту жүргізбей және қосымша функционалдық талаптарды іске асырмай және оның тұтастығы сақталған жағдайда "Еңбек биржасы" ИР-ның техникалық ақауларын жоюды;
3) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен өзара іс-қимыл жасауды;
4) ақпараттың қосымша түрлерін орналастыруды;
5) "Еңбек биржасы" ИР жай-күйіне аудит жүргізуді қамтамасыз етеді.
13. Ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында "Еңбек биржасы" ИР деректері, ашық деректер интернет-порталда машинада оқылатын түрде орналастырылады.