Қалалық мәслихаттың 2016 жылғы 21 қазандағы №5/58 "Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және Ақтау қаласының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2018 жылғы 7 ақпандағы № 13/146 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2018 жылғы 13 наурызда № 3539 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы", 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы", 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңдарына сәйкес және Маңғыстау облысының әділет департаментінің 2018 жылғы 9 ақпандағы №10-15-494 ұсынысының негізінде Ақтау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қалалық мәслихаттың 2016 жылғы 21 қазандағы №5/58 "Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және Ақтау қаласының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №3190 болып тіркелген, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 6 желтоқсанда жарияланған) келесідей өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      мемлекеттік тіліндегі тақырыбы келесі мазмұндағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу қағидаларын бекіту туралы";

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және Ақтау қаласының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларында:

      5 тармақ келесі мазмұндағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органдарымен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – Алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай және заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.";

      6 тармақтан кейін келесі мазмұндағы 6-1 тармағымен толықтырылсын:

      "6-1. Заттай нысандағы әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жеткізушілерді (бұдан әрі – Жеткізушілер) уәкілетті орган анықтайтын қызмет көрсету арқылы ұсынылады.";

      15 тармақтан кейін келесі мазмұндағы 15-1, 15-2, 15-3 тармақтарымен толықтырылсын:

      "15-1. Шипажайлық - курорттық емделу Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген азаматтарға табысы есебінсіз шипажайлық - курорттық жолдама беру арқылы (бұдан әрі − жолдама) ұсынылады.

      15-2. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге, тұрғын үйді күтіп ұстауға әлеуметтік көмек, табысы есебінсіз ай сайын нақты шығын мөлшерінде ұсынылады.

      15-3. Әлеуметтік көмек жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім – балаларға, интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілеріне коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінген тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлем, табысы есебінсіз ай сайын жалдау ақысы мөлшерінде ұсынылады.";

      23 тармақтан кейін келесі мазмұндағы 23-1, 23-2, 23-3 тармақтарымен толықтырылсын:

      "23-1. Шипажайлық - курорттық емделуге жолдама алу үшін өтiнiш беруші уәкілетті органға келесідей құжаттарды қоса отырып, өтініш ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;

      3) денсаулық сақтау ұйымы берген шипажайлық - курорттық картаның көшiрмесi.

      Жолдама Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген азаматтарға ұсынылады.

      Жолдаманы сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Шипажайлық - курорттық емделу Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан арнаулы мекемелерде жүзеге асырылады.

      Шипажайлық - курорттық емделуден өту мерзімі он төрт күнді құрайды.

      Уәкілетті орган келiп түскен өтiнiштерге сәйкес, Жеткiзушi ұсынған келу

      кестесiне сәйкес жолдама алуға азаматтардың тiзiмiн кезектілік тәртібімен жасақтайды.

      Шипажайлық - курорттық емделу орнына дейінгі және керi қайту жолақысының құны өтініш берушінің жеке қаражаты есебiнен жүргiзiледi.

      Өтініш беруші шипажайлық - курорттық емдеуден өз еркімен бас тартқан жағдайда, жолдама уәкілетті органға қайтарылуы және кезектілікке сәйкес басқа өтініш берушіге берілуі тиіс.

      Шипажайлық - курорттық емделу құқығы күнтізбелік жылда бір реттен артық емес ұсынылады.

      23-2. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп ұстауға ақы төлеуге әлеуметтік көмек алуға тұрғылықты жері бойынша төлем жасау үшін, уәкілетті орган алушылардан өтініштерді талап етпей, қызметті жеткізушілердің ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекіткен тізімді жасақтайды.

      23-3. Жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім - балаларға, интернаттық ұйымдардың тәрбиеленушілеріне коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінген тұрғын үйді жалға алғаны үшін төлемге әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші уәкілетті органға келесідей құжаттарды қоса отырып, өтініш ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшiрмесi;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат;

      3) жетімдік мәртебесін растайтын құжаттың көшірмесі;

      4) коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау шартының көшірмесі.";

      4 қосымшада:

      2) тармақша келесі мазмұндағы жаңа редакцияда жазылсын:

      "2) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде азаматтарды, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарын амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және мамандандырылған емдік өнімдермен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №15724 болып тіркелген) сәйкес тегін медициналық көмектің кепілді көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде халықты тегін және жеңілдікпен қамтамасыз ету үшін дәрілік құралдар мен медициналық мақсаттағы өнімдер тізбесіне енбейтін дәрілік заттарды дәрігерлік-кеңестік комиссия тұжырымы бойынша алу;".

      2. "Ақтау қалалық мәслихатының аппараты" мемлекеттік мекемесіне (аппарат басшысы - Д.Телегенова) осы шешім Маңғыстау облыстық әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін, оның Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Ақтау қалалық мәслихатының әлеуметтік мәселелер және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына (Ы. Көшербай) жүктелсін.

      4. Осы шешім Маңғыстау облысының әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы А.Керелбаев
      Қалалық мәслихат хатшысы М.Молдағұлов

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Ақтау қалалық жұмыспен қамту және

      әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      Г.Хайрлиева

      "19" ақпан 2018 жыл

 

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Ақтау қалалық экономика және бюджеттік

      жоспарлау бөлімі" мемлекеттік

      мекемесінің басшысы

      Ж.Түркменбаева

      "20" ақпан 2018 жыл