Атбасар ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Ақмола облысы Атбасар аудандық мәслихатының 2018 жылғы 28 қарашадағы № 6С 25/5 шешімі. Ақмола облысының Әділет департаментінде 2018 жылғы 14 желтоқсанда № 6933 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Атбасар аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Атбасар ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. Атбасар аудандық мәслихатының келесі шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      "Атбасар ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін белгілеу туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы № 5С 31/5 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4679 тіркелген, 2015 жылғы 27 наурызда "Атбасар", "Простор" газеттерінде жарияланған);

      "Атбасар аудандық мәслихатының 2015 жылғы 9 ақпандағы № 5С 31/5 "Атбасар ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшерін белгілеу туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" 2016 жылғы 27 сәуірдегі № 6С 2/5 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5341 тіркелген, 2016 жылғы 20 мамырда "Атбасар", "Простор" газеттерінде жарияланған).

      3. Осы шешім Ақмола облысының Әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат
сессиясынын төрағасы
А.Т.Комбатуров
      Атбасар аудандық
мәслихатының хатшысы
Б.А.Борұмбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Атбасар ауданының
әкімі
А.Ә.Қалжанов

      28 қараша 2018 жыл

  Атбасар аудандық мәслихатының
2018 жылғы 28 қарашадағы
№ 6С 25/5 шешіміне қосымша

Атбасар ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері және тәртібі

1-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері

      1. Тұрғын үй көмегін тағайындау бойынша уәкілетті орган "Атбасар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі болып анықталады, ол отбасының (азаматтың) жиынтық табысын қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанға есептеледі.

      2. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған заңды тұлға.

      3. Шекті жол берілетін шығыстар үлесі:

      жекешелендiрiлген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

      тұрғынжайдың меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      жергілікті атқарушы орган мен жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысын төлеуге, отбасының (азаматтың) жиынтық табысына 11 пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      4. Жекешелендiрiлген тұрғынжайларда тұратын немесе мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлердi) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға белгіленген көлемнің нормасынан жоғары болса, төлем жалпыға бірдей негізде жүргізіледі. Жәрдемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй көлемнің нормасы бір адамға он сегіз шаршы метр. Жалғыз тұратын азаматтар үшін жәрдемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын үй көлемінің нормасы отыз шаршы метр.

2-тарау. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      5. Тұрғын үй көмегі аудандық бюджет қаражаты есебінен Атбасар ауданында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):

      1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

      2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге ұсынылады.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      6. Тұрғын үй көмегі өтінішті беру күніне қарамастан ағымдағы тоқсанға толық тағайындалады, ал отбасының (азаматтардың) өткен тоқсандағы табыстары мен коммуналдық қызметтерінің шығындары есепке алынады.

      7. Коммуналдық қызметтер көрсету бойынша шығындар, коммуналдық қызметтер төлемақысына жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша алынады.

      8. Электрқуатты, суық суды, ыстық суды, кәрізді, қоқысты әкету және жылуды тұтыну шығындары өткен тоқсандағы нақты шығындары бойынша төленеді.

      9. Телекоммуникациялар желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақы тарифтерiнiң көтерiлуiне өтемақы "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 14 сәуiрдегi № 512 қаулысымен бекітілген әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеу ережесі сәйкес жүргізіледі.

3-тарау. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      10. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

      2) отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;

      3) өтініш берушінің тұрғылықты тұратын жерiнен мекенжай анықтамасы (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      4) жылжымайтын мүлiктiң болуы (болмауы) туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      5) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      6) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;

      7) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      8) банктік шоты;

      9) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шоттар;

      10) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      11) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      12) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы қосымшаның 15 тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстарға арналған шоттарын ғана ұсынады.

      11. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      12. Осы қосымшаның 10 тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      13. "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.

      14. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      15. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      16. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

4-тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу

      17. Аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеуді "Атбасар ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырады.