Техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийiн құру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 937 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 желтоқсанда № 18102 болып тіркелді

Қолданыстағы

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 11.04.2019 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийін құру және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. "Техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийін құру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 374 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11390 болып тіркелген, 2015 жылғы 29 маусымдағы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық 2019 жылғы 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ж. Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және коммуникациялар министрлігі

      ______________

      2018 жылғы "__" _______

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      ______________

      2018 жылғы "__" _______

  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
2018 жылғы 27 желтоқсандағы
№ 937 бұйрығымен
бекітілген

Техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийін құру және жүргізу тәртібі 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийін құру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Стандарттау туралы" 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийін құру және жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) депозитарий жеткізушілері-техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштарын әзірлеуге, бекітуге және жүргізуге жауапты мемлекеттік органдар;

      2) депозитарлық қызмет - техникалық -экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштарын әзірлеу және қолдану саласында қалыптастыру, есепке алу, сақтау, жаңартып отыру, ақпараттық және нормативтік қамтамасыз ету жөніндегі Депозитарий субъектілерінің қызметі;

      3) депозитарийдің пайдаланушылары - Депозитарийдегі ақпаратты және сыныптауыштарды пайдалануға мүдделі мемлекеттік органдар;

      4) Стандарттау жөніндегі ұлттық орган – стандарттау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды, стандарттау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлға;

      5) техникалық және экономикалық ақпарат - өндірістік және өндірістік емес қызметтің техникалық-экономикалық көрсеткіштері туралы ақпарат;

      6) техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийі (бұдан әрі-Депозитарий) - ведомствоаралық сипаты бар техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштарының жиынтығын білдіретін, оларды қалыптастыруды, есепке алуды, сақтауды, өзектендіруді қамтамасыз ететін, депозитарийді пайдаланушылардың мүддесінде ақпараттық және нормативтік қамтамасыз ететін мамандандырылған қор;

      7) техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары – техникалық-экономикалық ақпарат объектілері сыныптауыш топтарының кодтары мен атауларының жүйеленген жиынтықтарын білдіретін стандарттау жөніндегі құжаттар, бұларға ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымның техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары мен стандарттау жөніндегі өңірлік ұйымдардың техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары жатады.

2-тарау. Техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының депозитарийін құру және жүргізу қағидалары

      3. Депозитарий Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қоры (бұдан әрі – Бірыңғай қор) базасында құрылады және оның құрамдас бөлігі болып табылады.

      4. Депозитарий жұмысына осы Қағидаларды, Заңның 9-бабының 9) тармақшасына сәйкес бекітілген Нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорын қалыптастыру, жүргізу және сүйемелдеу, сондай-ақ нормативтік техникалық құжаттардың ресми басылымдарының көшірмелерін тарату қағидалары (бұдан әрі – Қалыптастыру қағидалары) қолданылады.

      5. Депозитарий қызметі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияны құрамайтын бөлігіндегі мүдделі тұлғалар үшін қолжетімді, ашық және айқын болып табылады.

      6. Қазақстан Республикасының экономикасы салаларында есепке алуға жататын, мемлекеттік органдардың әртүрлі ақпараттық жүйелерінде пайдаланылатын техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштары депозитарлық қызмет объектілері болып табылады.

      7. Депозитарий субъектілері Стандарттау жөніндегі ұлттық орган, Депозитарий жеткізушілері мен пайдаланушылары болып табылады.

      8. Депозитарийді жүргізуді Стандарттау ұлттық орган жүзеге асырады.

      9. Экономика салаларында пайдаланылатын және есепке алуды қажет ететін техникалық-экономикалық ақпарат Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын бекіту арқылы сыныптауға және кодтауға жатады.

      10. Депозитарийдің жиынтықтау көздері:

      1) мемлекеттік органдар;

      2) стандарттау жөніндегі халықаралық және өңірлік ұйымдар болып табылады.

      11. Жұмыстар жүргізу және сақтау үшін Депозитарийге техникалық-экономикалық және әлеуметтік ақпаратты сыныптау мен кодтаудың бірыңғай жүйесінің стандарттарына сәйкес істерге әзірленген, бекітілген және ресімделген Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары мен оларға өзгерістер қабылданады.

      12. Депозитарий жеткізушілері Депозитарийге Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтыруларды, құжаттарды жаңартылған жағдайда ұстау үшін, оларды бекіткеннен кейін екі апталық мерзімнен кешіктірмей беруді қамтамасыз етеді.

      13. Депозитарийге келіп түсетін және ондағы бар барлық ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары, сондай-ақ олар туралы анықтамалық ақпарат есепке алынады. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын есепке алу олардың сақталуын қамтамасыз ету және олардың қозғалысын, жаңартылуы мен қолданылу мерзімдерін бақылау мақсатында жүзеге асырылады.

      14. Депозитарийге Ұлттық Техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын есепке алуға, қалыптастыру және сақтауға жауапты тұлғалар айқындалады.

      15. Осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген ұйымдар Депозитарийге берген Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары бақылау даналарына жатады және олар жұмыс істеу үшін берілмейді.

      Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының бақылау даналары мүдделі тұлғаларға берілетін құжаттардан бөлек сақталады.

      Берілуге жататын Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының даналары "Жұмыс даналары" мәртебесіне ие және жұмыс істеу үшін мемлекеттік және орыс тілінде қағаз, ал ол болмаған жағдайда мемлекеттік органдарға электрондық түрі тегін негізде беріледі.

      16. Ұлттық стандарттарды (әскери ұлттық стандарттарды қоспағанда), Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын, ұлттық стандарттарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, келісу, сараптама жасау, бекіту, тіркеу, есепке алу, өзгерту, қайта қарау, күшін жою және қолданысқа енгізу Заңның 9-бабының 8) тармақшасымен айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.

      17. Сыныптауыштарды жүргізу:

      1) ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының жұмыс және бақылау даналарын құруды;

      2) ақпараттың анықтығы мен толықтығын, жаңа объектілерді сыныптау және кодтау, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын жетілдіруді қамтамасыз ету мақсатында оларға өзгерістер енгізуді көздейді.

      18. Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Стандарттау жөніндегі ұлттық орган арнайы үй-жайды бөледі.

      19. Депозитарийдегі Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары толық мәтіндік электрондық дерекқорларда қалыптастырылады.

      Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары бойынша электрондық деректер қоры мемлекеттік және орыс тілдерінде құрылады.

      20. Мүдделі тұлғаларға қызмет көрсету Қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      21. Депозитарийдегі Ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштары туралы ақпарат жыл сайынғы және ай сайынғы ұлттық стандарттардың ақпараттық сілтеуіштерінде және ұлттық стандарттарда белгіленген рәсімдерге сәйкес нормативтік техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының Интернет – ресурсында мәтіндерді орналастыру жолымен жарияланады.