РҚАО-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі
"Микроқаржы ұйымдары туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесі бекітілсін.
2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімдік баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
5) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.
4. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Ұлттық Банк Төрағасы |
Д. Ақышев |
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 264 қаулысымен бекітілген |
Микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесі
1. Осы Микрокредит беру туралы шарттың міндетті талаптарының тізбесінің (бұдан әрі - Тізбе) мақсаты үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қоса қарыз алушы - микрокредит бойынша міндеттемелерді орындауға ортақ жауап беруші ретінде микрокредит беру туралы шарт бойынша іс-әрекет ететін жеке және заңды тұлға;
2) кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім - қарыз алушының өзіне кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімнің ажырамас бөлігі (бөліктері) болып табылатын шартта (шарттарда) микрокредит алу сомасы мен уақытын, бірақ микрокредиттер беру қағидаларында және кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде айқындалған сома және уақыт шегінде айқындауға мүмкіндік беретін талаптармен жасалған микрокредит беру туралы шарт;
3) микрокредит беру туралы шарт (бұдан әрі - шарт) - шарт, оған сәйкес микроқаржы ұйымы қарыз алушыға микрокредит береді;
4) сыйақы - ұсынылған микрокредит үшін, микроқаржы ұйымына тиесілі ақшаның жылдық мөлшерінің есебінен микрокредит сомасына пайыздық көрсетуде айқындалған ақы.
2. Шарт талаптардың келісімдері бойынша айқындалған тиісті түрдегі шарттар, талаптар үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды, сондай-ақ мынадай міндетті талаптарды қамтиды:
1) шарттың жалпы талаптары;
2) қарыз алушының құқықтары;
3) микроқаржы ұйымының құқықтары;
4) микроқаржы ұйымының міндеттері;
5) микроқаржы ұйымы үшін шектеулер;
6) міндеттемелерді бұзғаны үшін тараптардың жауапкершілігі;
7) шарттың талаптарына өзгерістер енгізу тәртібі.
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) 388-бабының талаптарына сәйкес баспада жарияланатын шарттың үлгі ережелерін қоспағанда, Шарттың мәтіні А4 форматты парақта, қарпі - "Times New Rоmаn" кемінде 12 өлшеммен, әдеттегі әріпаралық, бір жолдық жоларалық интервалдармен және шегіну абзацтарын қолдана отырып басылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 6) және 7) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда, оларды шартта қосымша көрсетуді қажет етпейді.
3. Шарттың жалпы талаптары:
1) шарттың жасалған күнін;
2) микроқаржы ұйымының атауын және қарыз алушының (қосалқы қарыз алушының) - жеке тұлғаның тегін, атын және әкесінің атын (ол бар болса) немесе қарыз алушының (қосалқы қарыз алушының) - заңды тұлғаның атауын;
3) нысаналы микрокредит берілген кезде микрокредиттің мақсатын;
4) микрокредиттің сомасын;
5) микрокредиттің өтеу мерзімін;
6) шарт жасалған күнгі сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен көрсетілген мөлшерін, сыйақының "Берілетін микрокредиттер бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 378 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8307 болып тіркелген) сәйкес есептелген жылдық тиімді мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құнының) мөлшерін;
7) микрокредитті өтеу тәсілін (қолма-қол ақша, қолма-қол ақшасыз тәртіппен, біржолғы не бөліктермен);
8) микрокредитті өтеу әдісін: аннуитеттік немесе дифференциалды, не микрокредиттерді беру қағидаларына сәйкес басқа әдісті;
9) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігін;
10) негізгі борыштың уақтылы өтелмегені және сыйақының төленгені үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібін және мөлшерін;
11) микрокредитті берумен және қызмет көрсетумен байланысты алынуға тиіс комиссиялар мен өзге төлемдердің толық тізбесін, сондай-ақ олардың мөлшерлерін;
12) қарыз алушының шарт (ол болса) бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуді;
13) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда микроқаржы ұйымы қабылдайтын шараларды;
14) шарттың қолданылу мерзімін;
15) микроқаржы ұйымының пошталық және электрондық мекенжайы туралы ақпаратты, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы (ол болса) туралы деректерді;
16) микроқаржы ұйымы шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талапты қамтиды.
Тізбенің осы тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13) және 14) тармақшаларында және 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген талаптар шарттың бірінші бетінен бастап көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі.
Микрокредит кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім жасау арқылы берілген жағдайда:
кредиттік желі беру (ашу) туралы келісім Тізбенің 2-тармағы екінші бөлігінің талабына сәйкес келеді;
кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде микрокредиттің жалпы сомасы және жалпы мерзімі көрсетіледі;
осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6), 8), 11) және 14) тармақшаларында көзделген талаптар шартта көрсетілген жүйелілікпен көрсетіледі;
осы тармақтың 7), 9), 10), 12), 13) және 15) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда оларды шартта қосымша көрсету талап етілмейді.
Егер шартта оның жекелеген талаптарының шамамен алынған талаптармен айқындалатындығы көзделсе, микроқаржы ұйымы мен қарыз алушының қолдары қойылған шарт бөлігі Тізбенің 2-тармағы екінші бөлігінің талабына сәйкес келеді және көрсетілген жүйелілікпен шарттың бірінші бетінен бастап осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6), 8), 10), 11), 12) және 14) тармақшаларында көзделген талаптарды қамтиды.
4. Қарыз алушының құқығы:
1) микрокредиттер беру қағидаларымен, микроқаржы ұйымының микрокредиттер беру жөніндегі тарифтерімен танысу;
2) алынған микрокредитке шартта белгіленген тәртіппен және талаптармен иелік ету;
3) егер негізгі борыш пен (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күндеріне сәйкес келсе, негізгі борыш пен (немесе) сыйақыны тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, одан кейінгі жұмыс күні төлеу;
4) шарт бойынша берілген микрокредит сомасын тұрақсыздық айыбын және айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін төлемей, микроқаржы ұйымына мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтару;
5) қарыз алушының - жеке тұлғаның "Микроқаржы ұйымдары туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңы 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғамен келіспеушіліктерді реттеу үшін, микроқаржы ұйымы осы қарыз алушымен жасалған шарт бойынша құқықты (талапты) басқаға берген жағдайда банк омбудсманына жүгіну;
6) микроқаржы ұйымына көрсетілетін қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде жазбаша өтініш жасау.
Осы тармақта көзделген талаптар олар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда шартта қосымша көрсетуді талап етпейді.
5. Микроқаржы ұйымының құқығы:
1) шартқа қол қойылған күні болған микрокредиттерді беруге және қызмет көрсетуге байланысты сыйақы мөлшерлемелерін, тарифтер мен комиссияларды біржақты тәртіппен төмендету;
2) қарыз алушы микрокредиттің кезекті бөлігін қайтару және (немесе) сыйақы төлеу үшін белгіленген мерзімді күнтізбелік қырық күннен асыра отырып бұзған кезде микрокредит және ол бойынша сыйақы сомасын мерзімінен бұрын қайтаруды талап ету мүмкіндігін көздейтін талаптарды қамтиды.
Осы тармақта көзделген талаптар олар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда шартта қосымша көрсетуді талап етпейді.
6. Микроқаржы ұйымының міндеті:
1) микроқаржы ұйымының микрокредит беру туралы шарт бойынша құқығының (талап етуінің) үшінші тұлғаға өту талаптары қамтылған шарт (бұдан әрі - талап ету құқығын басқаға беру шарты) жасалған кезде қарыз алушыны (немесе оның уәкілетті өкілін):
талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалғанға дейін құқықтардың (талап етулердің) үшінші тұлғаға өту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен осындай басқаға беру талабына байланысты қарыз алушының дербес деректерін өңдеу туралы;
талап ету құқығын басқаға беру шарты жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде микрокредитті өтеу жөніндегі бұдан былайғы төлемдердің үшінші тұлғаға (шарт бойынша құқық (талап ету) өткен тұлғаның атауы және тұрған жері) тағайындалатынын, берілген құқықтардың (талап етулердің) толық көлемін, сондай-ақ негізгі борыштың, сыйақының, комиссиялардың, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының және төленуге жататын басқа да сомалардың қалдықтарын көрсете отырып, құқықтың (талап етудің) шартта көзделген не Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін тәсілмен үшінші тұлғаға өткені туралы;
2) қарыз алушы микроқаржы ұйымына көрсетілетін қызметтер бойынша даулы жағдайлар туындаған кезде жазбаша өтініш жасаған жағдайда жауап жазбаша нысанда беріледі. Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жататын микроқаржы ұйымдары "Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабында белгілеген мерзімде жауап алу мүмкіндігін көздейтін талаптарды қамтиды.
3) мыналардан:
шарттың нөмірі және жасалу күні;
микрокредиттің сомасы;
микрокредит және сыйақы өтеу сомасын және олардың жиынтық мәнін көрсетумен өтеу күні мен кезекті төлемдердің мөлшері;
келесі өтеу күніне микрокредит сомасының қалдығы;
төленуі тиіс микрокредит пен сыйақының ортақ қорытынды сомалары және олардың жиынтық мәні;
микрокредитті өтеу кестесін жасау күні;
қарыз алушы - жеке тұлғаның таңдаған әдісін белгілей отырып, микроқаржы ұйымының микрокредитті өтеу әдістерінің ұсынған тізбесі көрсетілген тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесі шартына қосымша туралы хабардар ету талаптарын көздейтін шарттарды қамтиды.
Қарыз алушының ақшалай міндеттемелері сомасының (мөлшерінің) және (немесе) оларды төлеу мерзімінің өзгеруіне әкелетін микрокредит талаптары өзгерген кезде микроқаржы ұйымы жаңа талаптарды ескере отырып, микрокредитті өтеудің жаңа кестесін жасайды және қарыз алушыға береді.
Осы тармақтың талаптары бір айдан аз уақытқа берілген микрокредитке, сондай-ақ кредиттік желі ұсыну (ашу) туралы келісімге қолданылмайды.
Осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген талаптар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда шартта қосымша көрсетуді талап етпейді.
7. Микроқаржы ұйымы үшін шектеулер мыналарға тыйым салатын талаптардан тұрады:
1) микрокредиттер беру және қызмет көрсетумен байланысты шартқа қол қою күніне қолданыста болған сыйақы мөлшерлемелерін, тарифтер мен комиссиялардың мөлшерлерін олардың ұлғаю жағына, сондай-ақ микрокредитті өтеу әдісі мен тәсілін біржақты тәртіпте өзгерту;
2) жасалған шарт шеңберінде комиссиялар мен өзге төлемдердің жаңа түрлерін біржақты тәртіпте енгізу;
3) микроқаржы ұйымына микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толығымен немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыға микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыппұл санкцияларын қолдану;
4) егер негізгі борышты немесе сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне келетін жағдайда тұрақсыздық айыбы мен айыппұл санкцияларының өзге түрлерін өндіріп алуға тыйым салынады және сыйақыны немесе негізгі борышты төлеу күні одан кейін келетін жұмыс күні жүргізіледі;
5) кез келген валюта баламасына байланысты теңгемен берілген микрокредит бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеу.
Осы тармақта көзделген талаптар кредиттік желі беру (ашу) туралы келісімде көрсетілген жағдайда шартта қосымша көрсетуді талап етпейді.