Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу өлшемшарттарын, сондай-ақ оларды беру қағидалары мен форматын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушы 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 86 бұйрығына өзгерістерді енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 10 қазандағы № 432 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 2 қарашада № 17682 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 144 бұйрығымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 28.04.2021 № 144 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 28) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу өлшемшарттарын, сондай-ақ оларды беру қағидалары мен форматын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 86 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13231 болып тіркелген, 2016 жылғы 11 наурызда "Әділет" Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу өлшемшарттары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес редакцияда жазылсын;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын ашық деректерді беру қағидалары мен форматында:

      1-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1-тарау. Жалпы ережелер";

      2-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталында орналастыратын ашық деректерді ұсынудың тәртібі";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Сұратылған ашық деректерді ұсыну мүмкін болған жағдайда, мемлекеттік орган уәкілетті органнан сұрауды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы Қағидаға 2-қосымшада белгіленген ашық деректер жиынтықтарын ұсыну форматын ұстана отырып, интернет-порталда орналастырады немесе уәкілетті органды ашық деректерді орналастырудың жоспарланған күні туралы хабарлайды.

      Ақпаратты ұсынудың мүмкін еместігінің жағдайында "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы Заңының 11-бабы 16-тармағымен көзделген негіздеме бойынша мемлекеттік орган уәкілетті органға дәлелді жауапты жолдайды.

      Сервистік интегратор сұрауды алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде интернет-портал арқылы уәкілетті органның сұрауды қарауы мәртебесі туралы хабарламаны ашық деректерді орналастыруға немесе өзектендіруге сұрау берген пайдаланушыларға жібереді.";

      3-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталында орналастыратын ашық деректерді беру форматы".

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясат департаменті заңнамада белгілінген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ақпарат және коммуникациялар министрі
Д. Абаев

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және
коммуникациялар министрінің
2018 жылғы 10 қазандағы
№ 432 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және
даму министрінің
міндетін атқарушының
2016 жылғы 26 қаңтардағы
№ 86 бұйрығына
1-қосымша

Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу өлшемшарттары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 28) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу өлшемшарттарын анықтайды.

      2. Осы Өлшемшарттарда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) ашық деректер – машинада оқылатын түрде ұсынылған және өзгермеген түрде одан әрі пайдалануға, қайталап жариялауға арналған жалпыға бірдей қолжетімді электрондық ақпараттық ресурстар;

      2) жалпыға бірдей қолжетiмдi электрондық ақпараттық ресурстар – меншiк иесi немесе иеленушісі қол жеткізу немесе пайдалану шарттарын көрсетпей беретiн немесе тарататын электрондық ақпараттық ресурстар, сондай-ақ еркін қол жеткiзуге болатын және берілу нысаны мен таратылу тәсiлiне байланысты болмайтын мәлiметтер;

      3) "электрондық үкіметтің" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда мемлекеттік және өзге де көрсетілетін қызметтерге қол жеткізудің "бірыңғай терезесі" болатын ақпараттық жүйе.

2-тарау. Мемлекеттік органдар ашық деректердің интернет-порталына орналастыратын электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу өлшемшарттары

      3. Мемлекеттік органдардың электрондық ақпараттық ресурстарын ашық деректерге жатқызу өлшемшарттары:

      1) жалпыға бірдей қол жетімділік;

      2) қажеттілік болып табылады.

      4. Электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу үшін жалпыға бірдей қол жетімділігін анықтау Заңға және 2015 жылғы 16 қарашадағы "Ақпаратқа қол жеткізу туралы", 1999 жылғы 15 наурыздағы "Мемлекеттік құпиялар туралы", 2013 жылғы 21 мамырдағы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік органмен жүзеге асырылады.

      5. Электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу қажеттілігін анықтау үшін мемлекеттік орган пайдаланушылардан мемлекеттік органның интернет-порталында, "электрондық үкімет" веб-порталында сұрау жүргізеді, мемлекеттік органдардан жиі сұралатын ақпараттарды талдау арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте электрондық ақпараттық ресурстарды ашық деректерге жатқызу мақсатында олардың қажеттілері пайдаланушылармен кезекті күнтізбелік үш ай ішінде екі және одан да көп рет сұратылатын электрондық ақпараттық ресурстар болып табылады.