Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидаларын және Медицина кадрларын резидентурада даярлау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 18 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-16 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 12 қазанда № 17534 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабының 5-тармағына және 36-бабының 5-тармағына сәйкес және білім алушылардың клиникалық даярлығын қамтамасыз ету мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Медицина кадрларын резидентурада даярлау қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Интернатура туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 16 маусымдағы № 452 бұйрығынның (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6331 болып тіркелген, 2010 жылғы 9 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 461-468 (26311) болып жарияланған);

      2) "Резидентура туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 28 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5142 болып тіркелген, 2008 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілерінің бюллетенінде жарияланған, № 6 құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде және оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Л. М. Ақтаеваға жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
Е. Біртанов

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2018 жылғы 18 қыркүйектегі
№ ДСМ-16 бұйрығына
1-қосымша

Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Медицина кадрларын интернатурада даярлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидадар) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 21-тармағына сәйкес әзірленді және медицина кадрларын интернатурада даярлау тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналымы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласына басшылық етуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      2) интернатура – клиникалық практикаға рұқсат алу үшін білім алушыларды базалық жоғары медициналық білім шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша даярлау нысаны.

      3. Интернатурада медицина кадраларын даярлау мерзімі 1 немесе 2 жылды құрайды.

      4. Медицина кадрларын интернатурада даярлау осы Қағидаларға, "Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 шілдедегі № 647 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12007 болып тіркелген) бекітілген медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Мемлекеттік бюджет есебінен медицина кадрларын интернатурада даярлау жоғары медициналық білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберінде жүзеге асырылады.

      6. Медицина кадрларын интернатурада мемлекеттік білім беру тапсырысының белгіленген санынан тыс даярлау оқуға жұмсалатын шығындарды толық өтей және осы Қағидалардың талаптарын сақтай отырып, шарт негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Медицина кадрларын интернатурада даярлау тәртібі

      7. Медицина кадрларын интернатурада даярлау "Интернатура және резидентурада даярлаудың клиникалық мамандықтар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 27 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5134 болып тіркелген) бекітілген клиникалық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.

      8. Жоғары оқу орнының (бұдан әрі – ЖОО) ректоры жыл сайын уәкілетті органның келісімімен мамандықтар бойынша интерндерді даярлау жоспарын ағымдағы жылғы 1 шілдеден кешіктірмей бекітеді.

      9. Интернатураға бағыттар бойынша қабылдау оқудың барлық кезеңіндегі үлгерімнің орташа балын (GPA - Grade Point Average (Грейд Пойнт Эверейдж)) ескере отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады.

      10. Интернатураға конкурстық іріктеу туралы ережені әрбір ЖОО дербес әзірлейді және ЖОО Ғылыми кеңесінің шешімімен бекітеді.

      11. Конкурстық комиссияның құрамын жыл сайын ЖОО-ның ректоры ағымдағы жылғы 1 шілдеге дейін бекітеді.

      12. Конкурстық комиссияның құрамы мүшелердің тақ санынан тұрады.

      Конкурстық комиссияның құрамына ЖОО өкілдері, сондай-ақ медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіби қауымдастықтардың және ЖОО жастар ұйымдарының өкілдері кіреді.

      Конкурстық комиссияның құрамынан мүшелердің көпшілік дауысымен төраға сайланады.

      13. Конкурсқа "жалпы медицина", "педиатрия", "стоматология" мамандықтары бойынша ЖОО бітіргені туралы дипломы бар адамдар жіберіледі.

      14. Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды қабылдау мерзімі – ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап 15 тамызға дейін.

      15. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер нақты мамандық бойынша интернатураға қабылдау туралы ректор атына еркін нысанда өтініш, медициналық ЖОО бітіргені туралы диплом (түпнұсқа), дипломға қосымшаның көшірмесін, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін ұсынады.

      16. Конкурс студенттердің ЖОО-ның конкурстық комиссиясына ұсынылған құжаттар негізінде жүзеге асырылады. Конкурстық комиссияның шешімі хаттамамен рәсімделеді.

      17. Медицина кадрларын интернатураға қабылдау және мамандықтар бойынша топтар құру уәкілетті органға ағымдағы жылғы 1 қыркүйекке ақпарат бере отырып, ЖОО ректоры бұйрығының негізінде ағымдағы жылғы 28 тамыздан кешіктірмей жүзеге асырылады.

      18. Оқу процесін ұйымдастыру академиялық күнтізбеге, оқу cабақтарының кестесі, білім беру бағдарламалары негізінде сәйкес жүргізіледі.

      19. Интернатурада мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушыларға стипендия Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және олардың мөлшерлерін бекіту қағидаларына сәйкес төленеді.

      20. Медицина кадрларын интернатурада даярлау бірінші және жоғары біліктілік санатындағы дәрігерлерді тарта отырып, жоғары білікті оқытушылардың басшылығымен жүргізіледі.

      21. Медицина кадрларын интернатурада ауыстыру және қайта қабылдау "Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 19 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10297 болып тіркелген) бекітілген Білім алушыларды білім беру ұйымдарының түрлері бойынша ауыстыру және қайта қабылдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      22. Медицина кадрларын интернатурада даярлау медициналық жоғары білім беру ұйымдарының клиникалық базаларында осы Қағидалардың, үлгілік оқу жоспарының және нақты мамандықтардың бағдарламалары негізіне әзірленген жеке жоспар бойынша жүргізіледі.

      23. Білім алушылар жеке жоспарға сәйкес интернатурада:

      1) дәрігерге дейінгі медициналық көмекті, білікті медициналық көмекті, мамандандырылған медициналық көмекті, медициналық-әлеуметтік көмекті көрсететін ұйымдарда науқастарға жетекшілік етеді;

      2) диагностикалық, емдеу және профилактикалық іс-шараларды тағайындауға және орындауға қатысады;

      3) құжаттаманы және халық арасында санитариялық-ағарту жұмысын жүргізеді;

      4) бөлімшенің қызметі туралы есептер жасауға қатысады;

      5) профилактикалық қарап-тексеруге, диспансерлеуге, консилиумдерге қатысады;

      6) терапевтер, хирургтер, акушерлер-гинекологтар, педиатрлар және басқа да қоғамдардың жұмысына қатысады;

      7) сырқаттарды аралауға, клиникалық талдауларға қатысады;

      8) айына кемінде төрт рет емдеу-профилактикалық ұйымдарда кезекшілік етеді (интернатурада білім алушылардың оқу жүктемесін есептеу кезінде ескерілмейді);

      9) клиникалық және клиникалық-анатомиялық конференциялардың жұмысына қатысады;

      10) патологиялық-анатомиялық ашуларға қатысады, аутопсия, биопсия және операциялық материалдарды зерттеулерге қатысады.

      24. Интернатурада білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау ағымдағы, межелік бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау нысанында жүзеге асырылады. Ағымдағы, межелік бақылау және қорытынды мемлекеттік аттестаттау нысандарын ЖОО "Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5191 болып тіркелген) белгілейді.

      25. Қорытынды мемлекеттік аттестаттау мынадай екі кезеңде жүргізіледі:

      1-кезең – интернатураның үлгілік оқу жоспарының барлық пәндері бойынша ықпалдастырылған тестілеу емтиханы;

      2-кезең –обьективті құрылымдалған клиникалық емтихан әдісімен тиісті мамандық бойынша практикалық дағдыларын аттестаттау. Қорытынды мемлекеттік аттестацияның бірінші кезеңін тапсырмаған интернатурада білім адушылар екінші кезеңге жіберілмейді.

      26. Қорытынды аттестациядан өткен интернатурада білім алушыларға "Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) бекітілген мемлекеттік үлгідегі білімі туралы құжаттар беріледі.

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2018 жылғы 18 қыркүйектегі
№ ҚР ДСМ-16 бұйрығына
2-қосымша

Медицина кадрларын резидентурада даярлау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Медицина кадрларын резидентурада даярлау қағидалары "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 36-тармағына сәйкес әзірленді және медицина кадрларын резидентурада дарялау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) академиялық саясат – білім беру қызметін жоспарлау мен басқару және студентке бағдарланған оқытуды іске асыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған оқу процесін тиімді ұйымдастыру бойынша шаралар, қағидалар және рәсімдер жүйесі;

      2) резидентура тыңдаушысы – клиникалық мамандықтар бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі тереңдетілген медициналық білімнің білім беру бағдарламаларын меңгеретін маман.

      3. Резидентураға қабылдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 109 қаулысымен бекітілген Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Медицина кадрларын резидентурада даярлау осы Қағидаларға, "Медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттар мен үлгілік кәсіптік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 шілдедегі № 647 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12007 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 647 бұйрық) бекітілген медициналық мамандықтар бойынша резидентураның мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттарына және медициналық мамандықтар бойынша резидентураның үлгілік кәсіптік оқу бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Медицина кадрларын резидентурада даярлау республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен, білім алушының жеке қаражаты есебінен, жұмыс берушінің есебінен және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қаражат есебінен жүргізіледі.

      6. Медицина кадрларын резидентурада мемлекеттік бюджет есебінен даярлау жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық мамандықтар бойынша кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберінде 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 7-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Резидентурада даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын десаулық сақтау саласындағы білім және ғылым ұйымдарында орналастырылады.

      8. Медицина кадрларын резидентурада белгіленген мемлекеттік білім беру тапсырысынан тыс даярлау оқытуға жұмсалатын шығындарды толық өтей және осы Қағидалардың талаптарын сақтай отырып, шарт негізінде жүзеге асырылады.

      9. Білім және ғылым ұйымдары жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім мамандықтарының және білім алушылардың санына қарай, резидентура тыңдаушыларының ғылыми қызметі және оқу процесі барысын ұйымдастырумен және бақылаумен айналысатын құрылымдық бөлімшелердің штаттық құрамын дербес белгілейді.

2-тарау. Медицина кадрларын резидентурада даярлау тәртібі

      10. Резидентурада кадрларды даярлау "Интернатура және резидентурада даярлаудың клиникалық мамандықтар тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 27 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5134 болып тіркелген) бекітілген клиникалық мамандықтар бойынша жүзеге асырылады

      11. Резидентураның оқу бағдарламаларын меңгеруді қалаған адамдардың алдыңғы білім деңгейі базалық медициналық білім, жоғары медициналық білім, интернатураның болуы болып табылады.

      12. Медицина кадрларын резидентурада даярлау күндізгі оқыту нысаны бойынша жүзеге асырылады, оқыту мерзімі екіден төрт жылға дейін құрайды.

      Академиялық демалыс беру "Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 506 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10475 болып тіркелген) бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға академиялық демалыстар беру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Медицина кадрларын резидентурада даярлау мерзімі дәрігердің еңбек өтіліне және мамандығы бойынша жұмыс өтіліне есептеледі.

      13. Медицина кадрларын резидентурада даярлау оқу медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейде даярлауды қамтамасыз ететін клиникалық базаларда жүзеге асырылады.

      Бұл ретте медицина кадрларын резидентурада даярлау аудандық маңызы бар денсаулық сақтау ұйымдарында басталып, облыстық және республикалық маңызы бар денсаулық сақтау ұйымдарында аяқталады.

      14. Оқу жүктемесінің және емдеу-алдын алу жұмысының көлемі мамандықтар бөлімдері бойынша резидентура тыңдаушысының жеке оқу жоспармен белгіленеді.

      15. Жұмыс оқу жоспарлары мамандықтардың үлгілік оқу жоспарларының, резидентура тыңдаушыларының жеке оқу жоспарларының негізінде әзірленеді және алқалық орган шешімінің негізінде ұйым басшысы бекітеді. Резидентура тыңдаушысының жеке оқу жоспарын кафедра отырысында бекітіледі.

      16. Резидентураның тыңдаушылары оқу кезінде № 647 бұйрыққа сәйкес:

      1) жеке жұмыс жоспарын орындайды;

      2) бағдарламада көзделген тиісті пәндер бойынша емтихандар, аралық аттестаттауды, қорытынды аттестаттауды тапсырады;

      3) жүргізілген жұмыс туралы нақтыланған есеп береді.

      17. Резидентура тыңдаушыларын бір оқу орынынан екіншісіне, ақылы негізден мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру бос орын болған жағдайда қалған оқу мерзіміне оқу демалысы кезінде білім беру және ғылым ұйымы басшысының шешімімен жүзеге асырылады.

      Ауыстыру процедурасын білім және ғылым ұйымы дербес белгілейді және оның академиялық саясатында көрсетіледі.

      18. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алатын резидентура тыңдаушыларына стипендия Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 7 ақпандағы № 116 қаулысымен бекітілген Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу және олардың мөлшерлерін бекіту қағидаларына сәйкес төленеді.

      19. Резидентураның тыңдаушыларына академиялық кезеңдер (семестрлер немесе оқу жылы) арасында каникул беріледі. Каникулдың ұзақтығы оқу жылы ішінде № 647 бұйрықпен бекітілген медициналық мамандықтар бойынша резидентураның мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті стандарттарына және медициналық мамандықтар бойынша резидентураның үлгілік кәсіптік оқу бағдарламасына сәйкес бітіруші курсты қоспағанда, кемінде жеті аптаны құрайды.

      20. Білім беру бағдарламасының сапасын мемлекеттік бақылау қорытынды мемлекеттік аттестаттау нысанында жүзеге асырылады.

      21. Резидентураның оқуды аяқтаған тыңдаушыларына "Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы қаңтардағы № 39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) бекітілген Білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың түрлері мен нысандарын және оларды беру қағидаларына сәйкес мемлекеттік үлгідегі құжат беріледі.

      22. Резидентураның тыңдаушыларын оқудан шығару Заңның 41-бабы 1-тармағының 4-1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.