Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 20 қыркүйектегі № 384 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 5 қазанда № 17494 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Газ және газбен жабдықтау туралы" 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабының 18-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Энергетика министрі
Қ. Бозымбаев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2018 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 384 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Газ және газбен жабдықтау туралы" 2012 жылғы 9 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 18-3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

2-тарау. Комиссияның міндеттері мен функциялары

      3. Комиссияның міндеті Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын (бұдан әрі – өнім беру жоспары) қалыптастыру болып табылады.

      4. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) сұйытылған мұнай газын беруге арналған жиынтық өтінімдеріндегі берілген деректердің негізділігін және толықтығын анықтайды;

      2) тиісті жергілікті атқарушы органның жиынтық өтінімін мақұлдау және оны өнім беру жоспарына енгізу туралы шешім қабылдайды;

      3) сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингінің деректері негізінде жиынтық өтінімді өзгерту туралы уәжді шешім қабылдайды және жергілікті атқарушы органды бұл жөнінде хабардар етеді;

      4) тиісті жиынтық өтінімде көрсетілген барлық алушылар үшін сұйытылған мұнай газын беру көлемдерін пропорционал өзгерту туралы шешім қабылдайды;

      5) өнім беру жоспарын мақұлдау туралы шешім қабылдайды.

3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру тәртібі

      5. Комиссия құрамына Комиссия төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары, Комиссия мүшелері және хатшы кіреді. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

      6. Жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Комиссия төрағасы болып табылады. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      7. Комиссия құрамына газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) өкілдерінен басқа, қоғамдық ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, саяси партиялардың және республикалық қоғамдық бірлестіктердің (келісім бойынша) өкілдері енгізіледі.

      8. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, Комиссия отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, шешімдерінің орындалуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.

      9. Тиісті салаға жетекшілік ететін құрылымдық бөлімше Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      10. Комиссия Төрағасы оның отырыстарын қажеттілік бойынша, бірақ айына кемінде бір рет шақырады.

      11. Комиссия отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санынан тең жартысынан астамы қатысатын болса, заңды болып саналады.

      12. Комиссия шешімдері Комиссия отырысына қатысып отырған Комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.

      13. Шешім қабылдау кезінде Комиссия мүшелері тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссиия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.

      14. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссия отырыстарын шақырады;

      2) Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      3) Комиссия жұмысын жоспарлайды;

      4) Комиссия отырыстарына төрағалық етеді.

      15. Комиссия мүшелері:

      1) жергілікті атқарушы органдар тапсырған жиынтық өтінімдермен танысады;

      2) жоспарланған кезеңге арналған өнім беру жоспарының жобасымен танысады;

      3) сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингінің деректерімен танысады;

      4) жиынтық өтінімдерге және өнім беру жоспарының жобасына қатысты ұсыныстар енгізеді;

      5) Комиссия отырысында шешілуі тиіс мәселелерді қарайды;

      6) Комиссия қызметінің мәні болып табылатын мәселелер бойынша дауыс беруге қатысады.

      16. Комиссия хатшысы:

      1) Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады;

      2) Комиссия отырысын өткізу күні мен орны туралы Комиссия мүшелеріне отырыс күніне дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей хабарлайды;

      3) қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді, Комиссия отырысы өткен соң оның хаттамасын (бұдан әрі – хаттама) ресімдейді.

      17. Комиссия мүшесі қабылданатын шешіммен келіспеген жағдайда, жазбаша нысандағы айрықша пікірін білдіре алады, ол хаттамаға қоса тіркеледі.

      18. Комиссия шешімдері хаттама түрінде ресімделеді және оған Комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы, қатысушы мүшелері қол қояды.

      19. Комиссияның шешімі жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде шығарылады.

      20. Өнім беру жоспары Комиссия шешімінің негізінде қалыптастырылады.

      21. Комиссия шешімі Комиссия отырысын өткізген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі және уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына орналастырылады.