Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 498 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 28 қыркүйекте № 17450 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электронды түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Респуликасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі А.Қ. Аймағамбетовке жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
Е. Сағадиев

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2018 жылғы 27 қыркүйектегі
№ 498 бұйрығымен бекітілген

Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу қағидалары "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына (бұдан әрі – ЖОО) білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Білім беру бағдарламалары бойынша ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторингті (бұдан әрі – мониторинг) Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі тұрғысында ақпараттарды жинау, жалпылау, талдау жұмыстарын жүргізу мақсатында өткізеді.

2-тарау. Білім беру бағдарламалары бойынша ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау қорытындылары бойынша мониторинг жүргізу тәртібі

      3. Министрлік мониторингті жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен күнтізбелік жылдың 1 (бірінші) қарашасына дейінге мерзімде ресімделетін шешім қабылдайды және ЖОО-да бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.

      4. Мониторингті жүргізу үшін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрылады, құрамы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен бекітіледі.

      Комиссия құрамына Министрліктің, ЖОО-ның және Министрлікке ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері кіреді. Комиссия мүшелерінің саны тақ болып табылады.

      Комиссияны Министрлік қызметкерлерінің арасынан тағайындалған жетекші басқарады.

      5. ЖОО басшысы мониторингті жүргізу үшін қолайлы жағдайды және ЖОО-ға білім алушыларды қабылдау мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі тұрғысында ақпараттарды жинау, жалпылау, талдау жұмыстарын жүргізуге ақпараттарды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

      6. ЖОО басшысы комиссия мүшелеріне ұсынылған ақпараттың дұрыстығын қамтамасыз етеді.

      7. Комиссия мониторинг нәтижесі бойынша мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтаманы қазақ немесе орыс тілдерінде 2 (екі) данада әзірлейді, оған комиссияның барлық мүшелерінің қолы қойылады.

      Сәйкессіздіктер анықталған жағдайда мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтамаға растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріледі.

      8. Комиссия ЖОО-ның бірінші басшысына мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтаманы таныстыру үшін және қол қою үшін ұсынады, ол ЖОО мөрімен куәландырылады.

      Мониторинг жүргізу қорытындылары туралы анықтаманың бір данасы комиссия жетекшісінде, ал екіншісі ЖОО-да болады.

      9. Мониторинг нәтижесі бойынша сәйкессіздіктер анықталған жағдайда ЖОО күнтізбелік 10 (он) күн ішінде ескертулерді жою жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітеді. ЖОО Министрлікке ЖОО-да мониторинг аяқталғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде ескертулерді жою туралы есепті ұсынады.

      10. Мониторинг нәтижелері жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрінің төрағалығымен өтетін комиссия отырысында қарастырылады.