Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 275 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 27 қыркүйекте № 17446 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет Кодексінің 70-бабы 2-тармағына және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 2-тармағының 17) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары бекітілсін.

      2. Архив ісі және құжаттама департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін екі жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Мұхамедиұлы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрі

      _____________ Ә. Смайылов

      2018 жылғы "___" ___________

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің 2018 жылғы
26 қыркүйектегі
№ 275 бұйрығымен
бекітілді

Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды,көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды,көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы қағидалары тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсетуі және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібін анықтайды.

2-тарау. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша өз иелігінде қалатын мемлекеттік архивтердің оларды өткізу бойынша ақылы қызмет түрлерін көрсету тәртібі

      2. Мемлекеттік архивтер ақылы қызметтер көрсету туралы шарт жасай отырып ақылы негізде "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 17-бабы 1-тармағымен қарастырылған тиісті тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізеді.

      3. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу бойынша ақылы қызмет түрлеріне:

      1) архивтік құжаттарды ретке келтіру;

      2) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша құжаттама жасау мен құжаттаманы басқарудың заманауи негіздерін оқыту жөніндегі курстар мен семинарлар өткізу;

      3) архив істері мен құжаттарын реставрациялау, консервациялау, түптеу, архивтік қораптарды дайындау;

      4) архивтік құжаттардың сақтандыру көшірмелерін дайындау, мәтінін қалпына келтіру;

      5) архивтік құжаттардың көшірмесін жасау;

      6) Заңның 15-1-бабының 1-тармағында көрсетілген архивтік құжаттарды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша архивтік құжаттарды электрондық нысанға аудару;

      7) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша құжаттамалық көрмелерді ұйымдастыру және өткізу;

      8) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша генеалогиялық және тақырыптық сипаттардағы ақпаратты анықтау;

      9) сақтау мерзімдерін көрсете отырып, құжаттар тізбесін, істер номенклатураларын әзірлеу;

      10) әдістемелік әдебиетті, архивтік құжаттардың жинақтарын, оқыту және басқа да жарияланымдарды басып шығару және өткізу;

      11) архивтік құжаттарды депозитарлық сақтау жатады.

      4. Мемлекеттік архивтер көрсетілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тізбесі мен өткізілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) баға прейскуранты көрсетілген ақпаратты мемлекеттік архивтердің ғимараттарының көрінетін жерінде орналастырады.

      5. Мемлекеттік архивтер еркін нысандағы жазбаша өтініштің негізінде жеке және заңды тұлғаларға тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізеді.

      6. Мемлекеттік архив пен жеке немесе заңды тұлғалар арасындағы тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) ақылы негізде өткізу бойынша өзара қатынастар, соның ішінде төлеу нысаны, азаматтық-құқықтық шартпен реттеледі.

      7. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі үшін ақы төлеуі:

      1) қолма-қол емес ақша түрінде мемлекеттік архивтің ақылы қызметтердің қолма-қол ақшаны бақылау шотына ақша қаражатын аудару жолымен;

      2) қолма-қол ақша түрінде бақылау-кассалық машиналарды міндетті түрде қолдана отырып кассалық кіріс ордерлерінің негізінде мемлекеттік архивтің кассасына жүргізіледі.

3-тарау. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түскен ақшаны жұмсауы тәртібі

      8. Мемлекеттік архивтердің негізгі қызметіне жатпайтын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін қаражат мынадай бағыттар бойынша:

      1) материалдық-техникалық базаны нығайтуға;

      2) ақылы қызметтерді өткізу үшін тартылатын мамандардың еңбекақысын төлеуге;

      3) шаруашылық шығыстарға (байланыс қызметтеріне ақы төлеу, көліктік қызметтерге ақы төлеу, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, мемлекеттік архивтің ағымдағы мақсаттары үшін заттар мен материалдар сатып aлу);

      4) жеке және заңды тұлғалардың тапсырыстары (өтінімдері) бойынша оқыту жүргізу үшін үй-жайларды жалға алуға және оқу құралдарын, көрнекі материалдарды сатып алуға жұмсалады.

      9. Мемлекеттік архивтердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін, өз иелігінде қалатын ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарлары "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) бекітілген тәртіппен жасалады.